«Денсаулық» бағдарламасы аясында жүзеге асырылу үстіндегі SOS медициналық жүйесін Маңғыстауда алғашқы болып облыстық перинаталдық орталығы орнатқан болатын. Жобаның жетекшісі, қоғамдық денсаулық сақтау сарапшысы Нұртуған Мұмамедалиев орнатылған соң бір жылдан асқан уақыт ішінде оның қандай пайда әкелгеніне көз жеткізу үшін Ақтау қаласына келді.
Жүйе бойынша қабылдау бөлімінің кезекшісі шұғыл және қарқынды медициналық көмекті қажет ететін жүкті әйелдер түскен кезде «SOS» шұғыл шақыру пультін басып, қажетті мамандарды шақыра алады. Ал шақыртылған дәрігерлер немесе медбикелер шұғыл әрекет етіп, қабылдау бөліміне түскен науқасты ота жасау бөлмесіне кедергісіз жеткізеді немесе басқа да көмектер көрсете алады. Барлық аурухана бөлімдерінің қызметкерлері «SOS медициналық жүйесі» бойынша оқудан өткен, әсіресе реаниматолог, акушер-гинеколог, жауапты кезекші дәрігер, директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, лаборант, дәрігерлер мен мейірбикелер.
Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры Жамал Жаманбаеваның айтуынша, «SOS медициналық жүйесі» жобасының мәні – науқастармен қызметкерлерге арналған инновациялық қауіпсіздік технологияларын құруға бағытталған. Аталған жобаның іске қосылғанына бір жылдан сәл асқан және батыс өңірінде алғаш енгізген де осы перинаталдық орталық.
– Бұл жүйе өте ыңғайлы, ең алдымен емделушілер мен медбикелер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Перинаталдық орталыққа шұғыл түрде жеткізілген жүкті әйелдерді ота бөлмесіне апару қажеттігі туындаса, SOS тетігін басу арқылы медбикелер көмекке шақырылып, қандай қажеттілік керектігі айтылады. Былайша айтқанда ұялы телефонның рөлін атқарады деуге болады. Ең бастысы, уақыт жоғалтпай науқастарға сапалы қызмет көрсетіледі және қажетті көмек 40 секунд пен 1 минут аралығында жасалады. Көбіне қабылдау бөлімі, босану залы, босанудан кейінге бөлім және реанимация бір-бірімен жиі байланысады, – дейді Жамал Әбдібекқызы.
SOS медициналық жүйесі науқастың жағдайы ауырлап, жедел көмек керек болған жағдайда қолданылады. Тетікті бассаңыз жеткілікті, кезекші медбикеге шұғыл хабар жетеді. Осылайша қызмет көрсету сапасын арттырып, уақыт үнемделеді және науқастарға бақылау күшейеді. SOS медициналық жүйесі облыстық перинаталдық орталығының 13 нүктесіне орнатылған. Тағы бір ерекшелігі, емделушілерден түскен барлық арыз-шағымдар мен мәліметтерді орталық директоры өз бақылауында ұстап отырады.
– Бұл жүйені науқастардың қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға және медициналық қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру мақсатында орнатқан болатынбыз. Осы уақытқа дейін 3 мыңнан астам жоспарлы және шұғыл шақыртулар жасалған. «Медициналық инцидент» деген термин бар, барлық әрекеттер осы жүйе арқылы тіркеледі. Бұл жүйе 2014 жылы құрылды және авторлық құқық иегері атанып отырмыз. Жалпы SOS медициналық жүйесі Нұр-Сұлтан қаласындағы EXPO аумағындағы «Astana Hub» инновациялық ІT технопаркінде жалғасуда және қазіргі уақытта 2.0 нұсқасы жасалуда. Қысқаша айтқанда Астана паркінің алғашқы түлегі болып есептелеміз. Отандық инновациялық технологияны алғашқы болып қолдаған Жамал Жаманбаева жетекшілік ететін Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы. Бұл өңірде туу көрсеткіші жоғары. Бір мезгілде жүкті әйелдерді жатқызатын орын тапшылығы сезілуі мүмкін және мұндай кезде шұғыл қимылдауға тура келіп жататын кездер болуы мүмкін, дейді ол.
Бүгінде отандық жобаға қызығушылық танытып жатқан медициналық мекемелер аз емес. Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығынан кейін Бейнеу аудандық ауруханасы SOS медициналық жүйесін орнатқан болатын.
Осылайша, отандық жобаның аймақ медицинасына тигізер пайдасын мамандар оң бағалап отыр. Медицинаға келген жаңалық, әрбір ілгерілеушілік ел игілігіне айналар болса, қуануға болады.
Маңғыстау облысы