Мектеп кітапханашысы Ульфат Қожанбаеваның айтуынша, бұл – Абайдың 175 жылдығына қосқан оқушылардың өзінше бір үлесі.
Ал мектеп кітапханасында оқушылар өздері өсірген гүл ағашының бұтақтарына Абай атаның нақылдары жазылған жұлдызша қағаздар іледі.
Жұлдызшаларда «Қыс», «Күз», «Жаз», «Жазғытұры» секілді өлеңдері жазылған.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан,
деп екінші бір жұлдызшаға жазылады.
– Әрбір жұлдызша қағаз бұтақтарға зиян келтірмейтіндей жіңішке жіптермен байланады. Қағазға жазылған «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, бес асыл іс көнсеңіз» деген нақыл сөздері жаттауға жеңіл әрі бірден оқушылар есінде қалады, – дейді кітапханашы.
Қазақ тілінде оқитын өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздары Мариям Абин, Мұрат Гросс, Мумади, Милана Абубакаровтар, Нилуфар Ганиевтер де «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Желсіз түнде жарық ай» секілді Абай өлеңдерін, нақыл сөздерін жатқа біледі.
Оқушылар бір уақ қолдарындағы ұялы телефондарын тастап, әдеби кітаптар оқуды әдетке айналдырған.
Гүл ағашындағы жұлдызшаларға жазылған нақыл сөздерді, өлеңдерді кезектесіп ауыстырып отырады. Барлығы да «Кітап жанашырлары» үйірмесінің мүшелері.
– Кітапханамызда оқулықтар, әдеби кітаптардың 14406 дана қоры бар. Төкен Гүлзада, Есқали Айым, Социал Зарина, Темір Жарқын, Елубай Нұрай, Жанерке Бектұрова, Түсіпбек Жеңіс, Зейніш Бекзат, Мұхамеджан Самат, Алтынай Қалелова сияқты оқушылар – тұрақты оқырмандар, – дейді Ульфат Қожанбаева.
Мектеп кітапханасында жаңа кітаптарды таныстыратын «Ауызша журнал» күні, рухани-мәдени тақырыптағы көрмелер, оқырмандарға арналған сұхбат-кездесу күндері өткізіледі.
– Абай атамыздың мерейтойына арналған шаралар мектебімізде жыл бойы жалғасады. Өнегелі сөзі, үлгілі өсиеті көп. Таусылмас рухани қазынасын оқушылар жадына сіңіре білуіміз керек, – дейді мектеп директоры Әлия Анафина.
Павлодар облысы,
Май ауданы