• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2013

Әркім өз денсаулығы үшін жауапты

321 рет
көрсетілді

Орталық Коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев кешегі өткізген брифингінде ағымдағы маңызды іс-шаралар барысымен таныстырып өтті.

Оның айтуынша, Үкімет басшысы Серік Ахметов Қазақ­станның машина жасаушылар одағы мүшелерімен кездесу өткізіп, осы саладағы үдемелі-индустриялық мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысы мен басты бағыттары талқыланды. Ал 6 тамызда, яғни бүгін өңірдегі индустриялық және әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Ақтөбе облысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен барады. Ал 7-9 тамыз аралығында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Маңғыстау облысына жұмыс сапарын жасайды.

Сондай-ақ, ресми өкіл Қорғаныс министрлігі өткізетін іс-шараларға да тоқталды. АҚШ және Ұлыбритания қарулы күштері бөлімшелерінің қатысуымен «Бейбітшілік үшін әріптестік» атты НАТО бағдарламасы мен «Әріптестік» атты Қазақстан мен НАТО арасындағы 2006 жылғы 31 қаңтарда қол қойылған жеке бағдарламасы аясында «Дала қыраны» атты жыл сайынғы далалық-практикалық арнайы күнделік оқу-жаттығулары ұйымдастырылады.

Брифингке Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қатысып, саладағы басты мәселелерді баяндап берді. Жіті ішек инфекциялары Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде де өзекті болып тұрғандығын алға тартқан Бас санитарлық дәрігер осы аурумен сырқаттану өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, 17,9 пайызға төмендегендігін атады. Әсіресе, соңғы кезде белең алып келе жатқан жаңа коронавируспен және құс тұмауымен сырқаттанушылық еліміз аумағында тіркелмепті. Ағымдағы жылдың сәуірінен бастап, әлемде адамдардың құс тұмауымен сырқаттануының 134 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 43 жағдай өліммен аяқталған.

Биыл Қазақстанда денге­ қызбасының 6 рет тіркел­ген­дігін Бас санитарлық дәрігер алға тартты. Оның айтуынша, денге қызбасының 39 мыңнан астам жағдайы Таиландта тіркелген. Сонымен қатар, энтеровирустық инфекция да аталмай қалмады. 71-ші штамм қайта оралып, өзіне назар аудартып отырғандығын айта келіп, Бекшин оның 60-шы жылдары белгілі болғандығын жеткізді. Ал Қытайда 2006 жылдан бастап, тұрақты өршу болып тұратын көрінеді. Қытайда биыл энтеровирустық инфекцияның 600 мың жағдайы тіркелгендігі де көлденең тартылды. Осының бедерінде Ж.Бекшин елімізде конго-қырым қанды қызбасының және кене энцефалитінің эпидемиологиялық маусымы әлі жалғасуда екендігін де қаперге салды.

Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары қолайсыз аумақ болып саналады. Ал Алматы қаласы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары кене энцефалиті бойынша қолайсыз аумақ.

Ағымдағы жылғы 1 мамыр мен 1 тамыз аралығында көкөністер мен жеміс-жидек өнімдерінің 11 мың 217 сынамасы зертханаларда зерттеліп, 198 сынамада (қарбыз, қауын, сары өрік, картоп және т.б.) нитраттардың құрамының ең аз рұқсат етілген деңгейлерден артуы анықталыпты. Қарбыздар мен қауындарда нитраттардың құрамының ең аз рұқсат етілген деңгейі 1-1,5 есеге артып отырғандығы да ойлантпай қоймайды. Тіпті, оларға 86 550 теңге сомасында айыппұл да салынған. Құрамында нитраттары жоғары 1130 кг өнім сатылымнан алынды және жойылды. Бас санитарлық дәрігер Қазақстанда вакцинация тиімді бюджеттік бағдарламалардың бірі болып табылатынымен де бөлісті. Жыл сайын вакцинация бағдарламасына 12-18 миллиард теңге бөлініп, инфекциялық ауруларға қарсы шамамен 5 миллион адам егіледі екен. Оның 1,3 миллионы – балалар. Халықты вакцинациялау ұлттық егулер күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін жүргізіледі. Қызылшаның өршуі тұрғындарды жаппай иммундаудың арқасында тоқтатылды. Егілмеген адамда инфекция ауыр түрде өтетінін, көп жағдайда мүгедектікке және өлім-жітімге әкеп соқтыратын асқынулармен өтетінін тәжірибе көрсетіп отыр.

Жалпы, брифинг барысында Бас санитарлық дәрігер вакцинаның маңызы туралы, адамдардың сақтық шараларын назардан тыс қалдырмауы және жан-жақты ақпарат алып тұрулары тұрғысындағы ескертпелерді ортаға сала кетті. Бұдан әркім өз денсаулығы үшін жауапты екендігін ұққандай болдық.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».