Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенге ерекше көңіл бөлді. Ел Үкіметіне саланы одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Бүгінгі таңда Ақмола облысы аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,5 миллион гектарға жуық жердің пайдаланылмай жатқаны анықталып отыр. Жергілікті атқарушы орган өкілдері бұл бағытта шаруалармен жалға алу туралы келісімшарттарды бұзу, жерді мемлекетке қайтару сияқты шараларды қолға алып жатыр. Нәтижесінде 730 мың гектар жерді айналымға қосу бойынша жұмыс жүргізілуде.
– Қалған 775 мың гектар жерді мақсатты пайдалану бойынша жазбаша ескертулер жіберілді. Ағымдағы жылы оларға бақылау жүргізіп, тексеретін боламыз. Талапты орындамаса, мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті шараларды қолға аламыз, – дейді облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ерғали Шорин.
Ауыл шаруашылығы саласына сандық технологияларды енгізу жұмыстары да облыста жүйелі түрде жүргізілуде. Қазірде егістік пен көпжылдық шөптер өсетін жерлер толық цифрландырылды. Ал шабындық және жайылымдық жерлерді сандық жүйеге көшіру жұмыстары аяқталуға шақ қалды.
– Бүгінде жайылымдық жерлерді цифрландыру жұмысын 2407 жер иесі жүргізді. Яғни, 4 миллион гектар жер сандық жүйеге көшірілді. Бұл - жоспардың 89 пайызы. Ал шабындық жерлердің 148 мың гектары цифрландырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері Валерий Литовченко.
Ауыл шаруашылық жерлерін цифрландыру арқылы шаруалар өсімдік шаруашылығы саласындағы түрлі субсидиялау бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Себебі, өткен жылдың басынан субсидия алуға өтініш тек электронды форматта қабылданады. Ал бұл өз кезегінде жердің ақпараттық жүйеде тіркелуін талап етеді.