• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қаңтар, 2020

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы жаңа заң нормалары түсіндірілді

1038 рет
көрсетілді

2020 жылғы 28 қаңтарда Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі нормаларын түсіндіруге арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, ҚР ИИДМ Құрылыс саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту департаментінің директоры Руслан Лепесов, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Методология және өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімов қатысты.     

Қайырбек Өскенбаев аталған заң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалауға, оның ішінде көптеген нормалары жетілдіруді қажет ететін «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңын жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.     

Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі (MМИБ) түрінде коммерциялық емес ұйымның жаңа нысаны құрылып, олар «бір үй – бір МMИБ – бір шот» принципі бойынша жұмыс істейді. Заң бойынша пәтер иелері кооперативтерінің орнына көп пәтерлі тұрғын үйді басқарудың 2 нысаны анықталған: МMИБ – заңды тұлға немесе көппәтерлі тұрғын үйде пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері мүліктің меншік иелері бірлестігін құрғысы келмесе жай серіктестік (заңды тұлға құрмай-ақ) болады.   

Ұсынылып отырған принцип әрбір үйді басқару бойынша жеке тәсілді қарастырады. Әрбір мүліктің меншік иелері бірлестігі немесе жай серіктестік өздерінің ағымдағы және жинақ шоттарын ашады. Бұл шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтерді тұрғындарға күштеп таңуды жоюға мүмкіндік береді және тұрғындар қаражатын ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді.

Қайырбек Өскенбаев мүліктің меншік иелері бірлестігі тіркеу мәселелеріне тоқталды. Өйткені, бүгінгі таңда халыққа қызмет көрсету орталықтары тарапынан тіркеу кезінде «мүліктің меншік иелері бірлестігінің үлгілік жарғысы жоқ» деген себеппен қайтарып жіберген жағдайлар болған. Үлгілік жарғыны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкіміне сәйкес Министрлік ағымдағы жылғы наурызда бекітеді. Ал әзірге пәтер иелері өздері жарғы әзірлеп, жиналыста бекітіп, халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырса да болады. Аталған мәселе ҚР Әділет министрлігімен келісілген. Заңмен кондоминиум объектісін тіркеу шарасы жеңілдетілген. Өтініш кемінде екі меншік иесінің атынан берілуі тиіс. Объектілерді тіркеу процесін автоматтандырып, мерзімін 1 жұмыс күніне дейін қысқару көзделген.

Заңда кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігі айқындалып, ол үшін жеңілдетілген қарыз алу мүмкіндігі қарастырылған.

Азаматтардың қауіпсіз тұрмыс-тіршілігі үшін Заңда «хостел» ұғымы берілді. Хостел - жеке тұлғалардың уақытша тұруына (болуына) арналған және пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін, көппәтерлі тұрғын үйдегі жеке кірер тобы бар тұрғын емес үй-жай не жеке тұрған ғимарат (ғимараттың бір бөлігі).

Сондай-ақ, Заңмен жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекцияларының құзыреті кеңейтілген. Енді олар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қауіпті техникалық құрылғыларды, газ және газбен жабдықтау объектілерін қауіпсіз пайдалануды бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады.

Бүгінгі таңда лифт шаруашылығының басым бөлігі өзінің нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен. Бұл мәселені шешу үшін лифтілерді жөндеу мен ауыстыру жұмыстарын қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қайтарымды негізде жүзеге асырылады.

Жаңа Заң нормалары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілері арақатынасын жақсартады. Сондай-ақ қауіпсіз әрі ыңғайлы тұрмыстық орта қалыптастыру арқылы халықтың өмір сапасын арттырады.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасын тауып, өңірлерде де өткізіледі.