Қытайдан шыққан коронавирустан көз жұмғандар саны күн сайын өсіп келеді. Ресми деректерге қарағанда вирустың жаңа түрі 132 адамның өмірін қиған көрінеді. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай дабылын қағуға ерте деген болатын. Дегенмен үлкен компаниялар мен мемлекеттер өз алдына әрекет етіп, шаралар қабылдауда.
Алғашында қауіп пен төтенше жағдайға негіз жоғын айтып сендірген Қытай бүгінде ауруханалар салып, бірнеше қалаларын жабуға мәжбүр болып отыр. Вирус жұқтырғандар Еуропадан, Біріккен Араб Әмірліктерінен де табылды. Марокко королі Мұхаммед VI ел үкіметіне Қытайдағы марокколықтарды эвакуациялау жолын табуды тапсырды. Ал АҚШ 230 азаматын алып шығуды қолға алды. Сонымен қатар Ухандағы дипломатиялық өкілдігінің жұмысын тоқтатты. Қазақстан да Уханда оқып жатқан 61 студентін елге қайтармақ. Олар 14 күн бойы ауруханада бақылауда болады. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адан Гебрейесус Қытайдағы шетелдік азаматтарды елдеріне қайтарудың қауіпті екенін айтты. Синхуа агенттігі халықаралық ұйым басшысы Қытай Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесуде әлем жұртшылығын сабырға шақырғанын да жазады.
Коронавирустың таралуы көптеген компания мен халықаралық дәрежедегі шаралардың жұмысына кедергі келтіргені сөзсіз. Мәселен, ақпанның 20-22 күндеріне Гуаңжуда жоспарланған Азия туризм көрмесі өткізілмейтін болды. Бұл – 1993 жылдан бері өткізіліп тұратын үлкен көрмелердің бірі. Халықаралық теннис федерациясы Қытайдың Дунгуан қаласында жоспарланған Федерация кубогының іріктеу ойындарының өткізу орны өзгеретінін мәлімдеді. Филиппин үкіметі болса Қытай азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатты. Филиппин иммиграция бюросының өкілі Хайме Моренте бұл қытайлықтарға дискриминация емес, қауіпсіздік шаралары екенін түсіндірді.
Ал Гонконгте мемлекеттік қызметкерлерге үйден жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бұл шешім індеттің әкімшілік ауданда таралуынан сақтамақ дейді. Рұқсат тек 2 ақпанға дейін жарамды. Одан кейін сарапшылар қайта бақылау жасап, жаңа шешім қабылдайды. Жағдай түзелмесе, Гонконгтың әкімшілік ауданы тағы да бірнеше аптаға жабылуы мүмкін. Оған қоса Гонконг үкіметі соңғы 14 күнде Қытайдың Хубэй провинциясында болған азаматтарына елге қайтуға тыйым салды.
Ал кеше танымал Starbucks компаниясы Қытай аумағында орналасқан 2 мың дәмханасын жабатынын мәлімдеді. Starbucks-тың АҚШ-тан кейінгі екінші үлкен нарығы – Қытай. Компания басшысы Кевин Джонсон Қытаймен серіктестіктің тоқтамайтынын, алда үлкен жоспарлардың бар екенін мәлімдеді.
Қытай үкіметі де коронавируспен бар мүмкіндігінше күресуде. Stemirna компаниясы Тунцзи университетіне қарасты Дунфан ауруханасында вирусқа қарсы мРНК-вакцина жобасына рұқсат алды. Ғалымдардың айтуынша, вакцинаның бұл түрі әдеттегілерден тез дайындалады. Жоба жетекшісі Ли Ханвэнь тобындағы зерттеушілер 40 күннің ішінде жаңа вакцинаны әзірлеуге дайын екенін хабарлады.