Ауылдың мәселесін шешу осы күні көзі қарақты жанның бәрін де толғандырады. Қазіргі Қазақстан қоғамының Олимпінде жүргендердің бәрі де өзі немесе әке-шешесі ауылдан шыққандар деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Сондықтан ауыл мәселесі азаматтарымыздың бәріне де қатысты.
Қазақ даласы жеке адамның өктемзорлығымен емес, табиғи жолмен дамып келе жатқан жылдарда ауылдардың көлемі біздің Солтүстік аймақта үлкен болмайтын. Олар мал бағуға шақталып, қалың орманның қойнауында ең көп дегенде 20-30 үйден ғана отыратын еді. Бұл қоныстар мал өсіруге және бағуға өте ыңғайлы болатын. Ықшам ауылдың барлық тұрғындары да жұмыс істеп, нәпақасын айырып тұратын.
Ал тың көтеру жылдарында қазақ даласының өз ерекшелігі бар екенін, ондағы қоныстар мал өсіруге ыңғайланғанын білмеген Хрущев Ресей мен Украинадан халықты қаптатып төгіп, ауылдық мекендерге адамдар санын ақылсыз шешімдерімен шектен тыс толтырып жіберді. Жалпы Хрущев билікке қалай жетудің, оның жоғары сатысына қалай өрлеудің құйтырқы әдіс-тәсілдерін меңгерген осы күнгі пиарщиктердей секілді сұм болмаса саясаттан да, экономикадан да, дипломатиядан да білігі жұрдай, барынша сауатсыз, надан адам екенін әбден көрсеткен. Бар жоғы үш кластық біліммен аты-жөнін зорға жазатын ол Сталин мен Кагановичтің ығына жығыла білу арқылы жоғары өрлеген әккі, айлалы адам еді. Оның Кеңес одағының қазынасына қаншалықты ысырап жасап, пайдасыз шашып-төккенін әлі ешкім де есептеп шығарған жоқ. Бір ғана жүгеріні шетсіз-шексіз солтүстік пен шығысқа миллиондаған гектар жерге еккізгеннен, ол піспей қалып, миллиардтаған қаржының желге ұшқанынан осы күнгі халықтың көбі хабарсыз. Қаншама миллион гектар жердің мал азығы болатын табиғи шөп пен өсімдіктер шықпай қалғанын да қазір ешкім айтпайды.
Онымен де шектелмей Хрущев Қазақстан мен Сібірде 43 млн гектардан артық жерді жыртқызып, тың көтереміз деп аспан мен жерді шулатты. Әрине, оның Қазақстанға пайдалы жақтары да болды. Тың көтеру жылдарында КСРО-ның бюджетінен ауылшаруашылығына бөлінген қаражаттың 20 пайызы Қазақстанға құйылды. Қаншама техника, құрылыс материалдары, жолдар мен құрылыстар салынды. Бірақ зияндылығы одан да зор болды. Қазақтың ана тілі келімсектердің кесірінен тығырыққа тіреліп, құрып кетудің аз-ақ алдында қалғанын бәріміз білеміз. Шағын деген сылтаулармен барлық қазақ мектептері жабылып, балаларын оқыту үшін халық келімсектер салдырған ұжымшарлар мен кеңшарларға көшуге мәжбүр болды. Ал олардағы мектептің бәрі тек орысша еді.
Батыстан қаптатып әкелген халық қазақтың мал жайылымдарын құртып, жыртып тастағанымен қоймай мыңдаған кеңшарлар мен ұжымшарларды көбейтіп, аумақтарын ұлғайта берді. Ауыл мен қаланың айырмасын жоямыз деп онда қалалықтарға ғана тән қора-қопсысыз үйлер салынды. Тіпті көп қабатты үйлер тұрғызған жағдайлар да болды. Әрине, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда жақсы мектеп, балабақша, аурухана т.б. бір жағынан жақсы. Бірақ ауылдың ерекшелігі, негізінен мал шаруашылығына бағытталуы, ал оған жайылым мен жем азық керек екендігі ескерілмеді. Тиімді экономика құру емес, жалпы саясатқа негізделген дәстүрлі емес шаруа - астық өсіруді алға шығарып, мал өнімдерін арттыруды екінші кезекке қалды. Барлық шаруашылық құрылымдары осы бағытта болды.
Тәуелсіздік жылдарында өкіметтің дотациясымен қалт-қалт етіп тұрған осы кеңшарлар түгелге жуық құлап, арасында қазіргі заманға икемделген талантты менеджерлер ғана кейбір шаруашылықтарды алып қалды. Соның өзінде олар ауыл тұрғындарының санын арттыру арқылы емес, жұмысқа икемді адамдарды ғана тартудың есебінен жақсы нәтижелер көрсетуде. Мәселен, біздің облыстағы «Дайындық АГРО», «Ноғайбай» ЖШС облысқа ғана емес бүкіл республикаға белгілі, осы заманғы озық шаруашылықтар. Алайда олардағы түтін саны көп емес, алғашқысында алпыстан, екіншісінде отыздан артық қана үй бар.
Сондықтан баяғы кеңестік «ауыл тұрғындарының санын арттыру, үй санын көбейту» деген сияқты зиянды тәжірибеден бас тарту керек. Керісінше өзін-өзін асырауға шамасы келіп отырған ауылдарға жол тартқан жөн. Үкіметтің ауылға жасайтын бар пайдасы осыған негізделсе игі болар еді.
Өкінішке орай біздің өкіметтің осы саланы қадағалайтын басшылары адам саны азайған ауылдарды «болашағы жоқ» деп жоюды қолға алғысы келеді. Осының өзі олардың ауылдың негізгі функциясы неде екендігін білмей, тек Кеңестен қалған кеміс тәжірибені тұтынудан алған «ақыл» сияқты. Гигантоманияға байланып қалу сол кездің ақылы еді ғой. Тапқан ақылдары - тұрғындары көп ауылдарды ғана қолдау керек деп ойлайды.
Осыдан бес-алты жыл бұрын Ауылшаруашылығы министрлігінің жергілікті жерлерді дамыту деген басқармасында бастық болып істейтін жерлесіміз, бұрынғы депутат М.Трошихинге барып, туған ауылым Тауағашқа жол салу мәселесін айттым. Сонда ол «адам саны аз ондай ауылдарға жол салынбайды» деді. Міне, осындай пікір біздің барлық шенеуніктеріміздің басына кіріп алған. Ал жер көлемі үлкен, халқының саны аз, біз сияқты, алайда ауылшаруашылығы жақсы дамыған Австралия, Малайзия секілді елдер шағын елді мекендердің түкпір-түкпірде отырғанын қалап, оларға жол салып берген. Соның арқасында олар өздері де ұдайы дамып, ауылшаруашылық өнімдерін де жақсы өндіріп отыр.
Табиғи жолмен дамуды ескерсек ауыл ешқашан үлкен болмайды, соның өзі адамға да, шаруаға да пайдалы. Ал баласын аудан орталығынан немесе қаладан оқыту, ауруханаға жету, үлкен сауда орталықтарына бару, өз өнімдерін өткізу т.т. үшін ауылдықтарға тек жол керек. Әсіресе, қазіргі әр аулада бір-бір машинадан бар заманда жолдан басқа ештеңе керек емес.
Солтүстік Қазақстан облысы