Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, халықаралық ORBICOM ұйымының мүшесі, UNESCO профессоры, теоретик-ғалым, публицист Намазалы Омашұлының 70 жасқа толуына арналған «Еліміздің медиа кеңістігі: ізденістер мен жобалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынды Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ашып, мерейтой иесін құттықтауға арнайы жиылған журналистика саласының танымал тұлғаларына сөз кезегін берді. Айтулы ұстазға Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев құттықтау хатын Президенттің кеңесшісі, профессор Бауыржан Омарұлы тапсырды. Президент Әкімшілігі Басшысы бірінші орынбасары М.Әшімбаевтың құттықтау хатын Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Nur Otan партиясы басшылығының құттықтауын партия хатшысы Арман Қырықбаев, Парламент Мәжілісі төрағасының құттықтау хатын Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай оқып берді. Бұл кісілердің әрқайсысы журналистиканың тұтас буынын тәрбиелеген ұстазға өз тараптарынан да ықыласты сөздерін арнап, құрмет көрсетті.
Журналистиканың корифейіне жалынды жылдары өткен Алматы әрқашан да ыстық. Алматының ыстық сәлемін ақын Бауыржан Жақып пен ғалым Сағатбек Медеубекұлы жеткізді. Бірі Қазақстан Жазушылар одағы, екіншісі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің атынан Н.Омашұлына жүрекжарды лебіздерін арнады, сый-сияпаттарын тапсырды. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, Бауыржан Жақып «Ойталдан шыққан ойлы ағам» деген өрнекті өлеңімен мерейтой иесінің бейнесін жасады.
Конференция барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мерейтой иесі туралы пікірін білдірді. «Намазалы Омашұлы – жастарға үлгі болған, замандастары үшін бой түзеуге лайық тұлға. Қарашаңырақ ҚазҰУ-де, Еуразия ұлттық университетінде журналистика факультеттерін басқарған кәсіби менеджер. Жүздеген студенттердің томағасын сыпырған бапкер. Бір сөзбен айтқанда елімізде журналистиканың тұтас бір буынының қалыптасуына зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз» деді ол. Оған қоса министр журналистиканы дамыту үшін министрлік жасаған 2020-2023 жылдарға арналған Ұлттық жоспар туралы әңгімеледі. Ол жоспар бойынша медиа нарыққа мультимедиялық өнімдерді шығару, ауыл халқын радиохабарлармен қамтамасыз ету, баспа БАҚ үшін салықтық жеңілдік қарастыру көзделген. Сондай-ақ министрдің айтуынша, «Мәдениет» телеарнасы ашылып, биыл тұңғыш рет жас журналистер арасында «Үміт» байқауы ұйымдастырылады.
Жалпы, конференцияда зиялы қауым өкілдері, журналистер, ақындар, мерейтой иесінің шәкірттері мен замандастары тарапынан Н.Омашұлының мерейін тасытқан құттықтаулар мен тілектер, пікірлер мен лебіздер көп айтылды.
Іс-шара барысында мерейтой иесі жайлы «Өткір сөздің алмас кездігі» атты деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми Кеңестің бекітуімен «Өнегелі өмір» сериясы аясында жарық көрген Намазалы Омашұлы тұлғасына арналған кітаптың тұсаускесері өткізілді.
Айта кету керек, конференция шеңберінде университеттің «Күлтегін» атриумында ғалым еңбектерінің арнайы көрмесі де ұйымдастырылды.