Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының негізгі нормаларын түсіндіруге арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев аталған заң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалауға, оның ішінде көптеген нормалары жетілдіруді қажет ететін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңын жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
«Заң жобасы келесі негізгі мәселелерді шешуге бағытталған. «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымының жаңа нысанын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеу. Өздеріңіз білетіндей, елімізде Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң қабылданып, тиісті нормалар күшіне енгелі жатыр. ТҮКШ дегенде ең алдымен, ПИК жұмыстарына қатысты шағымдар өте көп болатын. Себебі ПИК жұмысты бастан аяқ өзі атқарады. Яғни, ПИК атқарылған жұмысқа өзі баға беріп, жиналған ақшаға сай тиісті төлемдерді жүргізіп отыратын. Сол себепті мүлік иесі мен қызмет көрсететін компанияның құқығының ара жігін ажыратып алу керек болды. Тұрғындар өзіне қызмет көрсететін компанияның жұмысына пікірін білдіре алады. Осыған байланысты әр үйдің өз шоты болу керек деген шешімге келдік. Яғни, мұндағы жүйе «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» бойынша құралады. Әрбір мүліктің меншік иелері бірлестігі немесе жай серіктестік өздерінің ағымдағы және жинақ шоттарын ашатын болады. Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтерді тұрғындарға күштеп таңуды жоюға мүмкіндік береді және тұрғындардың қаражатын ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді», деді Қ.Өскенбаев.
Сонымен қатар ол аталған заң кондоминиум объектісін тіркеуді жеңілдететінін айтты.
«Бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің кондоминиум объектісі ретінде тіркелуінің төмендігі әртүрлі себептер бойынша байқалады: тіркеу процедураларының қиындығы, үйге қажетті құжаттардың болмауы (техникалық паспорт, жер учаскелеріне актілер және басқалары). Қолданыстағы 78 мың көппәтерлі тұрғын үйдің тек 21 мыңы ғана (немесе 27 пайызы) кондоминиум объектісі ретінде тіркелген. Азаматтарға жайлы жағдайлар жасау мақсатында қолданыстағы көппәтерлі тұрғын үйлердің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін анықтай отырып, мемлекеттік техникалық байқауын қамтамасыз ету, мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қалыптастыру және ұсыну бойынша міндеттемелер жергілікті атқарушы органдарға жүктелді және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асатын болады. Тіркеу процедурасы максимальды жеңілдетіліп, өтініш екі меншік иесінен беріледі, мерзімі 1 жұмыс күніне дейін қысқартылып, объектілерді тіркеу процесін автоматтандыру қарастырылған және құқық белгілеуші құжаттардың нотариалды көшірмесін ұсыну алынып тасталды», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі.
Спикерлердің айтуынша, заң бойынша тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмысының тәртібіне де жаңа нормалар енгізілді. Біріншіден, бұл бағытта алдағы екі жыл үшін республикалық бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар шұғыл күрделі жөндеуді талап ететін тұрғын үйлер бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуі керек. Осыдан кейін аталған үйлердің тұрғындарымен келісім жасалады. Айта кететін жайт, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң қабылданып қойған. Алдағы екі айдың ішінде тиісті жұмыстардың бәрі үйлестіріліп, наурыз айынан бастап осы заң тәртібі бойынша тиісті жұмыс басталады.