Азат тауы Көкшетау қаласының күншығыс жақ беткейінде. Қазіргі жүйрік көліктің жайымен есеп құрсаңыз, атшаптырым жер ғана. Іргесінде Азат станциясы бар. Есте жоқ ескі кезеңде бұл өңірде Жалғызқарағай, Былқылдақ, Өзенқарағай атты ауылдар болған деседі. Ақ қашып, қызыл қуған үркіншілік жылдары бас сауғалап, үдере көшкен. Кейін ел қайта оралып орныққанда, Жалғызқарағай Алексеевка аталған.
Бағзы заманда осы жатаған таудың жонында дүлдүл ақын Шал Құлекеұлы туған. Ақынға да, батырға да ақ бесік болған қасиетті тау, қастерлі топырақ. Қазіргі күні жолбарыс жонды биікте екі зират бар. Бірі – Қосағалы батырдікі. Зираттың көлденеңі мен ені әлденеше құлаш. Мүмкін бірнеше мүрденің қойындаса жатуы, әлде Қосағалы батыр алып денелі адам болды ма екен?.. Уақыт табынан тозыңқыраған, кейін ел ескеріп орнатқан темір шарбақ тілсіз. Есесіне ішіне орнатылған белгі таста біршама дерек бар. «Багатер Косағалы Толеков умер, руы Жақсылық қарауыл. Ескерткіш қойған: Алі ұлы Рақымжан» деп ойылып жазылыпты. Араб әріптермен де шағын аят, аты, әкесінің есімі, руы таңбаланған.
Тау етегі – тұнған тарих. Құлақ салсаңыз, өткен күннің елесін көз алдыңызға келтіріп, жырлап-ақ тұр. Былай дейді: «Қосағалының бір келіні ұл бала туып, өзі жорыққа жүріп бара жатқанда, ағайындары жиылып, сәбидің атын қойып, батаңызды беріп кетіңіз» деп қолқалағанда, ат үстінде тұрған батыр нәрестені алақанына салып, бетіне ойлана ұзақ үңіліп: «Аты Азат болсын, түбінде ұрпағымның аузында осы немеремнің аты қалады» десе керек.
Ел жайлауда. Біраз күн өткенде бала өз-өзінен тынышсызданып, кенеттен келген науқастан қайтыс болады. Ауыл-аймақ «Майтөбе» атты биікке жерлеп, аза тұтады. Соңынан сол төбе «Азат тауы» аталады. Осы соңғы жорығынан келе жатып, батыр атасы да дүние салып, Азаттың жанынан топырақ бұйырған. Қазір өзі де осы қорымда жатқан, көріпкел-бақсылығымен жұртқа белгілі Күлай әже: «Мұнда жердің атауынан да тереңірек мағына жатыр» дейді екен.
Азаттықты аңсаған, оның азапты жолынан өткен Қосағалы батыр кім болған деген сауалға жауап беріп көрелік. Қазақ шежіресіне тізбе талдау жасап, көз жүгіртсек, Арғын руы Қарауылдың Жақсылық тармағынан тарайтын Баянұлы Байтөлектің баласы Қосағалы шамамен 1755-1820 жылдар аралығында өмір сүрген арыстарымыздың бірі әрі бірегейі. Танымал жазушы Тортай Сәдуақасовтың 2004 жылы жарық көрген «Ел мен жер» атты кітабындағы шежіреде: Қарауылдан төмен Мәшек атасынан – Есенбай – Әлімбет – Жақсылық – Баян – Төлек – Қосағалы – Байбол – Күлес – Жәулә – Есқақ – Қабдолла болып ұрпақтары одан әрі жалғаса береді. Батырдың әкесі Төлек Баянұлы мыңды айдаған бай болыпты. 1723-1730 жылдарғы Ақтабан Шұбырындыда жадап-жүдеп осы жаққа жеткен қандастарымызға мал, жер беріп, көмек көрсеткен атымтай жомарттығына сайып ел-жұрт оны Баянұлы Бай-Төлек атап кеткен екен. Қосағалы батыр туралы қилы-қилы деректерді, ел тарихына қатысты елеулі жәдігерлерді жинап жүрген қаламгер Айдос Әбутәліпов те растайды.
Қосағалыны өз тұсында Омбының шынжыр балақ, шұбар төстері де сыйлап, санасқан. Ол уақытта қорыққанын ғана сыйлайды емес пе? Достық мезіреттерін де жасап отырған.
– Шекпенділер жерімізге дендей кіріп, ел ішінде алауыздық өршітеді. Атығай руынан Маңдай деген кісіні бір қателігіне орай өлім жазасына тартқаны үшін Қосағалы батыр бастаған топ Уәлі ханның ордасын шаппақшы болған. Ханның мұздай қаруланған әскері қырып тастайық деп Уәліге жүгінгенде, хан сабырлылық танытып: «Бұлар да он екі ата Атығай мен сегіз ата Қарауылдың балалары. Қосағалының өзі оқ бойы алда келеді, ол ашулы, оларға керегі мен ғой, тасалай тұрайын деген екен. «Хан қашқаныңыз» осыдан шыққан, дейді жергілікті тарихшы Марат Оспанов.
Жергілікті халықтың наразылығына қарамастан жетпісінші жылдардың соңында арғы зират көшіріліп, Қосағалы жатқан қорымға қайта жерленген. Тағдыр тәлкегін дөп біліп, тажалдан іргесін аулақ салған Қосағалы батырды әулие демей кім дерсіз?! Жер қойнындағы аруақтардың өзі батырдан пана іздеп, шұрқырай табысқандай емес пе? Мұндай әулие адамдар халықтың шексіз құрметіне бөленуге тиісті.
Азатта туған атақты Шал ақын Құлекеұлы балаң шағында Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданына қоныс аударып, сонда жерленгені белгілі. Әттең, қабірі су қоймасының астында қалғанымен, аудан Шал ақын аталады.
Қойнауы тарихқа толы Көкше баурайындағы аңызға айналған атаулардың бір парасы осындай.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы