Бүгінде әуесқой боксқа қарағанда кәсіпқой бокстың дәурені жүріп тұр. Өз елінде нәтиже көрсете алмай, жолы болмаған боксшылар бағын әрісі АҚШ-тан, берісі Еуропадан іздеп жүр. Әрине, кәсіпқой бокс – бір жағынан табыс табу үшін бизнес көзі, өзінің мықтылығын дәлелдейтін алаң.
Мәселен, күні кеше өзбекстандық боксшы Муроджон Ахмадалиев небәрі 8-ші жекпе-жегінде екі бірдей, яғни WBA Super және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Екінші жеңіл салмақта жұдырықтасатын Ахмадалиев АҚШ боксшысы Даниэль Романмен (27-3-1, 10 KO) 12 раунд айқасып, нәтижесінде төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Осылайша Муроджон Ахмадалиев Өзбекстан тарихында үшінші әлем чемпионы, ал екі тұжырым бойынша алтын белбеу иеленген тұңғыш боксшы атанды. Бұған дейін бұл елде ауыр салмақтағы Руслан Чагаев (WBA) пен жеңіл салмақтағы Артур Григорян (WBO) чемпион атанған-ды. Сондай-ақ өзбек боксшысы тағы бір тарихи нәтижені қайталады. 1978 жылы Леон Спинкс қартайып, әлі кеткен 36 жастағы Мохаммед Әлиді жеңіп, небәрі 8-ші кездесуінде WBC және WBА чемпиондық белбеуін олжалап, рекорд орнатқаны бар. Араға 42 жыл салып бұл рекордты өзбек Ахмадалиев қайталады. Міне, кеше ғана Рио Олимпиадасында қола жүлде алып, 2018 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан Муроджон Ахмадалиев 1 жыл 8 айдың ішінде WBA Super және IBF тұжырымының толыққанды көшбасшысына айналды. Шыны керек, кәсіпқой бокс тарихында қысқа ғана мерзім аралығында осындай орасан зор табысқа қол жеткізген спортшылар өте сирек.
Осындайда біздің боксшылар кәсіпқой бокста әлем чемпионы атағы үшін емес, рейтинг қуып, жағдай жақсартып алу үшін ғана жекпе-жек өткізіп жүр ме екен деген ойға қаласың. Мысалы, кәсіпқой бокстың қазанында 2012 жылдан бері қайнап жүрген отандасымыз Қанат Ислам 8 жылдың ішінде 27 кездесу өткізсе де, әлі күнге дейін әлем чемпионы атағы үшін шаршы алаңға шыққан жоқ. Жанкүйерлерін 8 жылда WBO тұжырымының екінші деңгейлі, WBA белдігінің Кариб аймағы чемпионы секілді белбеуімен ғана қуанта алды.
Қазақ боксының жанкүйерлері болашақ «Головкин» деп айдар таққан Батыр Жүкембаев жуырда 18-ші кездесуін өткізсе де, әлі күнге дейін рейтингте ТОП-200 қатарындағы боксшылармен жекпе-жек өткізуге мәжбүр. Жуырда Жүкембаев мексикалық Рикардо Лараны жеңгеннен кейін промоутері оның жыл соңына дейін әлем чемпионы атағы үшін айқасады деп мәлімдеді. Егер промоутер сөзінде тұрып жатса, отандасымыз 4 жылдың ішінде 20-ға жуық кездесу өткізіп барып әлем чемпионы атануы мүмкін.
Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің де кәсіпқой боксқа ауысқанына көктемде 2 жыл болады. Осы уақыт аралығында ол 9 кездесу өткізді. Өкінішке қарай, барлығы – рейтингтік жекпе-жек. Ал әуесқой бокста Даниярдың жолын жалғайды деп сенім артқан Садриддин Ахмедов те ағасының ізін ала бағын кәсіпқой бокста сынап көруге шешім қабылдады. Бүгінде 11 кездесу өткізіп үлгерген Ахмедов екінші деңгейлі екі белбеу жеңіп алды. Екі боксшының промоутері оларға әлем чемпионы үшін жекпе-жек ұйымдастырып беруге асығар емес.
Кезінде Мохаммед Әли мен Майк Тайсонның промоутері болған, қазіргі таңда Ломаченко, Кроуфорд секілді жұлдыздардың ісін жүргізіп жүрген әйгілі Боб Арумның көзі әуесқой бокста әлем чемпионы атанған отандасымыз Жәнібек Әлімханұлына түскен еді. Кәсіпқой боксты 2016 жылы бастаған Жәнібек 2018 жылдан бастап АҚШ-та жекпе-жек өткізе бастады. Мексикалық сары баланы, яғни «Канелоны» жекпе-жекке шақырып жүрген қандасымыз, Альваресті қоя тұрып, әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасқаны дұрыс шығар. Жанкүйерлер де соны тағатсыздана күтіп жүр.
Сондай-ақ болашағынан үміт күттіретін Әли Ахмедов, Мейірім Нұрсұлтанов, Мадияр Әшкеев секілді боксшылардың өзі қазірдің өзінде оннан аса кездесу өткізіп үлгерсе де, чемпиондық атаққа таласуға асығар емес. Әйтпесе, барлығы да кәсіпқой боксты 2016 жылы бастаған. Әзірше бұл боксшылар бір-екі белбеу үшін жекпе-жек өткізіп, бар күшін рейтингтерін жақсарту мақсатында жұмсап жатқан сияқты көрінеді. Ал боксшылардың өзі БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында «Бұйырса чемпиондық айқасқа аз қалды», дейді де, айтқан мерзімін қарасаң, арада екі-үш жыл өтіп кеткен. Сонда ол боксшылардың «аз қалды» дегені неше жыл екен деп жылдан жаңылып отырмыз.
Статистика бойынша Қазақстаннан 194 спортшы кәсіби боксшы ретінде тіркелген екен. Отандық боксшылардың ысқырығы жер жарғанымен, әлем чемпионы болып жүргені – сол баяғы Головкин ғана. Оның өзі әне-міне дегенше қолғабын шегеге ілгелі тұр.
Егер біздің дерегімізге күмән келтірсеңіздер, кәсіпқой боксшылардың статистикасын жүргізетін BoxRec сайтынан боксшылардың нәтижесін қарауға болады. Сонымен қатар BoxRec әр боксшының қарсыласына байланысты жекпе-жек деңгейін анықтап, оны жұлдызша арқылы белгілеп отырады. Қазіргі таңда BoxRec біздің боксшыларға 1-2 деңгейлі жұлдызша беріп жатыр. Бұл қазақстандық боксшылардың әлем чемпионы атану үшін әлі де деңгейі жоғары қарсыласпен жұдырықтасулары керек екендігін білдіреді.
Мысал үшін, өзбек боксшылары 2018 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ден қоя бастады. Ахмадалиевті айтпағанда, айналдырған екі жылдың ішінде 9 жекпе-жек өткізген Шахрам Гиясов 4 кездесуінен кейін екі жұлдыз ала бастаса, соңғы айқасын BoxRec 3 жұлдызға бағалаған. Ал небәрі 4 айқас өткізген Исраил Мадримовке 3 жұлдыз берген. Яғни, Гиясов пен Мадримов биыл да дәл осындай дәрежедегі тағы бір-екі қарсыласпен жұдырықтасатын болса, екі боксшы да жыл соңында әлем чемпионы атағы үшін кездесу өткізуі әбден мүмкін.
Өзбек боксшылары чемпион болып жатқанда, «неге біздің жігіттер де алтын белбеу иеленбейді?» деген сұрақ туындауы заңды. Әзірше ол мүмкін емес. Оған мынадай екі себеп бар. Біріншісі – қазақ боксшылары дәл қазіргі уақытта үлкен жекпе-жектерге дайын емес, екіншіден, промоутерлер біздің боксшыларды аса сақтықпен әлем чемпионы атағына әкеле жатыр. Өйткені кәсіпқой бокс промоутер үшін бизнес болғандықтан, ол «тауарын» барынша қымбатқа сатуға тырысады. Былайша айтқанда, промоутер бірінші өнімін баптап, асықпай өсіріп алады да, «тауар» дайын болғанда ғана оны үлкен базарға шығарады. Бұл – промоутердің сақтығы. Ал кейбір промоутер тәуекелге барып, «тауарын» бірден базарға шығарады. Егер боксшысы жеңсе қыруар қаржыға кенеледі, егер жеңіліп қаласа, бәрін басынан бастауға тура келеді. Сондықтан көп жағдайда промоутерлер тәуекелге бара бермейді.