• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Ақпан, 2020

Танылмай қалған бір тұлға

1602 рет
көрсетілді

Туған жер тарихында белгісіз қалып, туған аудан түгілі, барша қазақ еліне еленбей қалып отырған ардақ тұтар арысымыз бар. Ол – Дінмұхаммед Сұлтанғазин. Анықтала қоймаған және екіұшты дерек бойынша, Ресейде Санкт-Петербург университетін бітірген, алғашқы ұлт баспасөзінің бірі «Дала уалаяты» газетінің редакторы болған Дінмұхаммед Сұлтанғазин Ұлт азаттық көтеріліс кезінде Кенесары ханның сенімді серігі болған Құдайменде сұлтанның баласы, яғни Сұлтанғазы сұлтан ұрпақтарының бірі болса керек.

Белгілі өлкетанушы Ю.Попов фоль­клорист ғалым Г.Потанин туралы «Последная путешествие Григория Пота­нина» атты тарихи танымдық мақаласында былай деп жазады: «В том, что Каркаралинский уезд действительно богат легендами Г.Н.Потанин убедился еще несколько лет назад. В 1853 году, во время поездки ученого в аул отца Чокана Валиханова – Чингиза Валиевича, расположенного в урожище, Сырымбет Кокчетавского уезда Акмолинской области, его сопроваждал юный студент Петербургского университета Д.Султангазин. Родился Султангазин на берегах реки Токрау, берущей начало в отрогах Кызыларайских гор. Молодой человек записал по просьбе Г.Н.Потанина сказки родных мест. Долгое время каркаралинские сказки Султангазина пролежали в портфеле редакции «Живая старина» и были напечатаны только в 1916 году с предисловием и под редакцией Г.Н.Потанина».

Бірақ неге екені белгісіз осы тұлға туралы білетініміз аз. Дінмұхаммед Сұл­танғазиннің өмірі мен тағдыр-талайы туралы не төрелер шежірелерінде, не аудан тарихы туралы әңгімелерде мардымды ештеңе айтылмаған да жазылмаған. Ә.Бөкейханның «Таң­дамалы» (1995) еңбегінде және ХV томдық шығармалар жинағындағы Ақтоғай төрелерінің ататек таратылуында да, Т.Жақсыбайұлының «Шежіресіндегі» (1999) «Ақтоғай ауда­нындағы төре ұрпақтары» тарауында да Сұлтанғазы Бөкеевтен тарайтын ұрпақтар қата­рында  Дінмұхаммедтің есімі ешбір жерде аталмайды. Сонымен қатар осы айту­лы тұлға туралы ұлт журналистикасы тари­хын зерттеушілер де тереңдеп бара алмай жүр.

Дінмұхаммед Сұлтанғазин – «Түркіс­тан уалаяты» газеті редакторы болған Шаһмардан Ибрагимовтан кейін қазақтан шыққан екінші редактор. 1888-1902 жыл­дары шыққан «Дала уалаяты» газетін шығаруды ұйымдастырушы және алғашқы басшысы. Ол – Қарқаралы уезі­нің халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап-жариялаған аудан тарихынан шыққан тұңғыш фольклорист ғалым. Ол – Тоқырауын болысынан шыққан алғаш­қы журналист, публицист, аудармашы.

Сөзіміздің табан тірейтін тірегіне Ю.Поповтың сөзін алдық қой. Оны бұл автор аспаннан алып отырған жоқ. Г.Н.Потанин оны «В доме последного казахского царевича» атты мақаласында тура осылайша атап тұрып жазған болатын. Негізінде Д.Сұлтанғазиннің «Дала уалаяты» газетінің  редакторы болғаны туралы алғаш пікір білдірген Ақселеу Сейдімбек болатын. Ол өзінің «Даланың ауызша тарихнамасы» еңбегінде Ақтоғай ауданын аралағанда ел ішінде атақты «жынды» Ысқақпен кездесіп бірнеше рет әңгімелескенін жазады. Сондағы Ысқақ қарияның айтқан әңгімесін «Қазақтың бейпіл сөздері»  еңбегінде былай деп жазып қалдырыпты:

«Үлкен хандар жойылып, қалың қазақ­ты Ресей үкіметі қырық жілік ет­кен бас иесіз заманда Бөкей «Бес Мей­рам» ұрпағына хан болған. Шыңғыс хан ұрпағынан тарайтын Көкжал Барақ­тан Бөкей туады. Бөкейдің өзінен то­ғыз ұл болған. Сол тоғыздың үлкені Шың­ғыс деп аталған. Шыңғыстан Жа­­­ман­тай туады. Жамантай кезінде Алшынбай, Құнанбай, Жанақ ақын, Соқыр Шөже, Тәттімбеттермен дәмдес болған Қарқаралыда «Хан Жамантай» атанып тұрды. Бөкейдің екінші баласы – Сұлтанғазы. Сұлтанғазыдан Құдайменде мен Дайыр туады. Жаңағы мен сөз етіп отырған Дайыр осы. Құдаймендеден Дінмұхамбет туады. Бұл үлкен әкесінің атына жазылып, Дінмұхамбет Сұлтанғазин болып, кезінде «Дала уалаяты» газетін шығарған адам. Дінмұхамбеттің әкесі Құдайменде өз тұсында Кенесарымен көңілі жарасқан дос болып, көмек көрсеткен.

Бөкей ханның тағы бір баласы Батыр сұлтан болған. Батырдан Мыр­затай, Рүстем деген екі ұл туған. Рүс­теміне ән­шілік, күйшілік ақындық қонған өнер­паз адам екен. Кезінде Жанақ ақын­мен айтысқа түскен. Ал Мыр­затайдан Нұр­мағамбет туады, одан Әли­хан туады».

А.Сейдімбек Ысқақ ақсақалдан жазып алған осы «Дінмұхамбет Сұлтанғазин кезінде «Дала уалаяты» газетін шығарған адам» деген деректі не себептен індете іздеп, нақты дәлелдеуге ұмтылмағаны да түсінікті. Себебі кеңес дәуірінде бұл Әлихан тұлғасына байланысты жабық тақырыптардың бірі болатын-ды. Бұған қоса қазақ журналистикасының тарихын алғаш ғылыми зерттеуші Х.Бекхожин және оның зерттеулеріне сүйенген басқалар да бірінен соң бірі «Дала уалаятының» редакторы деп осы кісімен аттас болып келетін семейлік Дінмұхаммед Сұлтанғазинді жазып, бүкіл ғылыми ортада тұжырымдап тастады. Ол кезде оларға қарсы «бұларың қалай?» дейтін адам шықпады. Сондықтан ақтоғайлық төрелерден шыққан Дін­мұхаммед Сұлтанғазин тұлғасының ғылыми айналымдар мен тарихи дерек­терде неге бұрмаланып жүргенін анық­тайық. Ол үшін ең әуелі «Дала уалаяты» газеті дегеніміз қандай жарияланым бол­­ғандығы туралы тоқталып кетелік. Се­бебі, филолог, журналист мамандар болмаса, көп жұрт біле бермеуі мүмкін.

«Дала уалаятының газеті» – 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жыл­дың 12 сәуіріне дейінгі аралықта Ом­бы қаласында аптасына бір рет шығып тұрған басылым. Газеттің ең бастапқыдағы редакторлары ре­тін­де саналған және басылымның қазақшасын үзбей редакциялаған генерал-губернатор канцеляриясының аға тілмашы Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхаммед Сұлтанғазиндер болатын.

Ұлттық баспасөз қарлығаш­тарының бірі «Дала уалаяты» газетінің жарық көруі киелі қазақ халқының өткен ғасырдағы мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды.

1894 жылы осы орыс тіліндегі «Акмолинские областные ведомости» газеті «Киргизская степная газета» деген атауға өзгерген кезде, қазақ тіліндегі қосымшасы «Дала уалаяты» газеті деген атпен шыға бастады. Оның бүкіл қазақ халқының ой-санасын оятудағы маңызы зор екенін түсінген патшалық билік ақыры 1902 жылы жауып, «Селскохозяйственный листок» деп ел руханиятындағы рөлін мүлде төмендетіп жіберді. Себебі газет басқармасы  ма­ңайына қазақтың еркін ойлы оқыған  аза­маттарының топтаса бастауынан патша жандармериясы қатты сескенді. Оның үстіне 1905 жылғы алғашқы орыс революциясының да дүмпуі жақындап қалған еді. Егемендікке дейін ұлы педогог Ыбырайдың «орыс досы» деп мақтап жүрген Н.Ильминскийіміз «Особые прибавление к Акмолинским областным ведомостям» шыққанына тура бір жыл болғанда «Акмолинские областные ведомости» газетінің жергілікті бұратана халыққа арналып қазақ тілінде шығатын қосымшасын тез арада жабу керек. Ол туземецтердің ой-санасын оятуға және оқу-білімге ұмтылуы мен өз тарихын білуге деген құлшынысын жоғарылатып бара жатыр» деп генерал-губернаторлыққа талап-арыз түсірген.

Қатаң цензура жағдайында шықса да, сол ұлтжанды журналистер патша өкіметінің отарлау саясатына нара­зылықты тұспалдап айта білді.

Ұлт тарихында осындай ерекше орын алатын «Дала уалаяты» га­зетінің алғашқы редакторларының бірі Дін­мұхаммед Сұлтанғазин болған. Алаш ұран­ды бар қазақтың көсемі Ә.Бөкейханға және Алашорда үкіметіне байланысты теріс көзқарас осы бір ардақты тұлғаның тарихтан өз орнын алуға кесірін тигізді. Ол үшін бізге философиялық ұғым бойынша терісті терістеу, яғни қатені дұрыстау керек болып тұр. Ал журналистикадағы «Дала уалаяты» газетінің тарихына арналған барша ғылыми әдебиетте оның алғашқы редакторы болды деп жазылатын Дінмұхаммед Сұлтанғазин мүлде басқа адам. «Бұл кім еді?» деген сұраққа «Қазақстан. Ұлттық энциклопедияда» С.Өзбекұлы деген автордың жазған мақаласы арқылы жауап берелік. Онда: «Сұлтанғазин Дінмұхаммед (10.5. 1867 – Семей қ. – 1917, Баку қ.) – қоғам қайраткері, алғашқы қазақ зиялыларының бірі. Әкесі Ғазы Болатұлы Уәли ханның Ғұбайдолла деген үлкен ұлының баласы. Сұлтанғазин әкесінің тікелей ықпалымен Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. 1891 жылы Санкт-Петербург университеті шығыстану факультетінің араб, парсы, түрік, татар тілдері бөліміне ауысады. Бұл факультетті бітірген соң 1895 жылы заң факультетіне түсіп, 1897 жылы аяқтайды. 1898-1902 жылдары қазақ даласында екі тілде шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінде редактор және аудармашы болып қызмет етеді. Сол жылдары ол екі тілге бірдей публи­цист, аудармашы, ақын, заң және тіл ғы­лымының ірі маманы ретінде та­нылады... Сұлтанғазин 1896 жылы Ақмола облысы Көкшетеу уезіне қазақ халқының аңыз-әңгімелерін жинауға барған Г.Потанинмен бірге жүріп аңыз-ертегілерді орысшаға аударып берген. 1910 жылдан өмірінің соңына дейін Бакудегі мұсылмандарды оқытатын діни орталықта шығыс тілдерінен сабақ берген» деген өмірбаяндық дерек берілген.

Осы бойынша алып қарасақ, бірнеше бұрмаланған күмәнді пікірлерге тап боламыз. Біріншіден, автор «Әкесі Ғазы Болатұлы Уәли ханның Ғұбайдолла деген үлкен ұлының баласы» дегені шын­дықтың ауылынан алыс жатыр. Егер Ғұбай­долланың үлкен ұлы Ғазының баласы болса, неге Болатұлы болып тұр? Уәлиханның үлкен ұлы, Орта жүздің мұрагер сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиханов туралы деректерде туған және қайтыс болған жылдары белгісіз деп жазылған. Шоқан Уәлиханов пен Г.Н.Потаниннің жазған еңбектерінде Ғұбайдолла Уәли­ханның алғашқы әйелінен, ал Шыңғыс соңғы әйелі Айғанымнан туған деп жазыл­ғаны белгілі. Ал өмір сүрген жылдарын Ғалым Қадірәліұлы өзінің «Жыл­ғара Байтоқин» деген зерттеуінде: «1832-1838 жылдар аралығында Көк­шетау дуанының аға сұлтаны болып Ғұбайдолла қайта сайланады. Полковник дәрежесіне дейін көтеріледі. Ғұбайдолла Уәлиханов шамамен 1777 жылы туып 1851 жылдары қайтыс болған. Ол алтын ме­дальмен және «Аға сұлтан Ғ.Уә­ли­ханов» деп жазылған алтын қы­­лыш­пен марапатталған. Өмірінің соң­ғы жылдарында отырықшылыққа көшіп, Қопа көлінің маңына және Бура­байдағы Қызылағашта өзіне арнап үй сал­ғызады. Бірақ Ғұбайдолла Кенесары Қасымұлының көтерілісін қоштады деп айыпталып, Сібірге «Итжеккенге» жер аударылады, содан тек 1847 жылы ғана оралған (8 жыл жүріп), 1851 жылы ол қайтыс болады» деп нақты көрсеткен. Осыған сай алып қарасақ, 1867 жылы туған деп көрсетіліп отырған бұл се­мейлік Д.Сұлтанғазиннің Ғұбайдолла Уәлихановтың баласы Болаттың ұлы Ғазы сұлтаннан туғандығын шежірелік деректер растамайды. Оның Көкшетау жерінде емес, Семей қаласында тууы да күдік келтіреді.

Екіншіден, туған жылы 1867 деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ал «Дала уалаяты» газеті 1888 жылы ашылды. Сонда бұл Д.Сұлтанғазин газет ашылған жылы бар-жоғы 21 жас­та ғана және Томск университетінің ме­дицина факультетінде оқуда жүр. Бұл біз жоғарыда жазған  «Газеттің ең бас­тапқыдағы редакторлары ретінде саналған және басылымның қазақшасын үзбей редакциялаған генерал-губернатор канцеляриясының аға тілмашы Е.Абылайханов пен Д.Сұлтанғазиндер болатын» деген сөзімізге мүлде қайшы.

Елдің бәрін шатастырып жүрген де – Д.Сұлтанғазиннің Санкт-Петер­бургте оқуы. Ұлттық қоғамдық сая­си журнал «Ақиқат» 1994 жылғы №10 санында заң ғылымдарының канди­даты Сәкен Созақбаевтың «Жеті жұрт­тың тілін білген» деген зерттеу мақа­ласын «Тұлғалар тұғыры» айдарымен жариялады. Мақала семейлік Д.Сұл­тан­ғазиннің өміріне, қызметіне ар­налған. Онда: «Дінмұхаммед Сұл­тан­ғазин әкесінің ықпалымен 1890 жы­лы Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түседі, бірақ оны бітірмейді. Ол Ресей халық ағарту ми­нистрі И.Д.Деляновке өтініш жазып, Томск университетінен Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне ауыстыруды сұрайды. Министрдің ке­лі­сімімен 1891 жылы тамыз айында Санкт-Петербург университеті шығыс­тану факультетінің араб, парсы, түрік, татар тілдері бөліміне студент болып қабылданады. 1895 жылы шығыстану факультетін бірінші дәрежелі дипломмен үздік бітіріп шығады да, сол жылы заң факультетіне түсуге өтініш береді. 1897 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, заңгер мамандығының дипломын ала­ды: ол – екі мамандық бойынша уни­вер­ситеттік білім алған тұңғыш қазақ, 7 тілде – араб, парсы, түрік, татар, орыс, фран­­цуз, қазақ тілдерінде еркін оқы­ған, – деп тұрып жазылған. Сонда ол осы 7 жыл бойы оқу қуып жүргенінде «Дала уалаяты» газетінің ашылуы мен басылымның қазақшасын үз­бей редак­­циялаған, мақалалар жазған гене­­рал-губернатор канцеляриясының аға тіл­машы Е.Абылайхановпен бірге жа­сал­­ған жұмыстарға ол қай жерде жү­ріп үлгерді деген сұрақ ешкімді тол­ған­дырмаған.

Үшіншіден, 1891 жылы Санкт-Петер­бург университеті шығыстану фа­культетінің араб, парсы, түрік, татар тіл­дері бөліміне ауысып, бұл факуль­тетті бітірген соң 1895 жылы заң фа­куль­­тетіне түсіп, 1897 жылы аяқтаған се­­мейлік Д.Сұлтанғазиннің бұл жылдары  Омбы қаласында  шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінде редактор болуы еш мүмкін емес. Оның қисыны келмейтінін білген С.Өзбек­ұлы «Ұлттық энциклопедияда»: «1898-1902 жылдары қазақ даласында екі тілде шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінде редактор және аудармашы болып қызмет етеді», деп газеттің тек соңғы төрт жылындағы ке­зеңді ғана еншілеп берген.

Біз «Дала уалаяты» газетінің алғаш­қы редакторы Дінмұхаммед Сұл­тан­ғазин болған деген пікірді айтуды дұ­рыс деп санаймыз. Ол үшін әзірше  мына  төрт  дерекке ғана  сүйенеміз: Ал­дымен, ғалым Г.Потаниннің «студент Петербургского университета Д.Сул­­тангазин. Родился Султангазин на берегах реки Токрау, берущей начало в отрогах Кызыларайских гор» деген сөзі. Одан кейін Ысқақ ақсақалдың «Құдаймендеден Дінмұхамбет туады. Бұл үлкен әкесінің атына жазылып, Дінмұхамбет Сұлтанғазин болып, кезінде «Дала уалаяты» газетін шығарған адам» деген сөздері. Сонымен қатар Ғалым Ахмедовтің «Алаш алаш болғанда» кітабында Д.Сұлтанғазин «XIX ғасырда оқығандар» тізімінде – №14-ші, «Егемен Қазақстан» газетінің 1998 жылғы тамыз­дағы санында «Ертеден ел таныған жоғары білімді қазақтар туралы» деген мақалада №19-шы ретпен жазылған. Бірақ оның туған жері біресе Семей немесе Қарқаралы деп жазылады. Ақтоғай ауданы сол кездегі әкімшілік бөліністер бойынша Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің құрамына кіргендігі де  осы қателесуге негіз болып жүргені анық. Ал Г.Н.Потанин нақтылап, «Тоқырауын бойында туған» деп көрсеткені даусыз шындық. Осы Ғ.Ахмедовтің: «Д.Сұлтан­ғазин туысы Райымжан Бөкейхановтың айтуы бойынша, өмірінің соңғы жылдарында Бакуде дәрігер болып қызмет істе­ген. Сонда қайтыс болған. Бакуге қа­лай кеткені белгісіз» деп жазған пікірі де ескерусіз қалып жүр. Әрине, ақто­ғай­лық та, семейлік те Дінмұхаммед Сұл­танғазиндердің ғұмыр баяны мен тағдыр-талайы әлі де зерттеуді және дәлелдеуді қажет ететіні түсінікті.

 

Жандос СМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

ҚАРАҒАНДЫ