Қытайда эпидемия басталғаннан бері оның әлемдік экономикаға, жекелей елдерге тигізетін кері әсері туралы түрлі болжамдар айтылуда. Күні кеше Brent маркалы мұнайдың баррелі 60 доллардан төмен құлдырап, былтыр жаздағы межеге түсіп кеткенін де сарапшылар вируспен байланыстырады. Әлемнің екінші экономикасы саналатын елде өршіп, жиырмадан астам мемлекетті шарпыған індеттің Қазақстан экономикасына да ықпалы болатыны түсінікті.
Төрт бағытта теріс әсері болады
Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Антон Бугаенконың айтуынша, эпидемия Қазақстан экономикасына 4 түрлі бағыт бойынша кері әсер етуі мүмкін.
– Бірінші бағыт – тауар айналымының төмендеуі. Қытай біздің аса ірі сауда әріптес- теріміздің бірі. Былтыр қаңтар-қараша айларында көрші елге жіберілген экспорт көлемі 7,2 млрд долларға жетті, импорт 5,6 млрд доллар болды. Трансшекаралық сауда-саттықтың тоқтауы Қазақстанда жоғары технологиялық өнімнен бастап тоқыма өнімге дейінгі көптеген тауардың қымбаттауына соқтыруы мүмкін. Әдетте көктемдегі мерекелердің алдында трансшекаралық сауда нарығының қарқыны баяулайды, сол себепті біз тауардың қымбаттау үдерісін әлі сезіне қойған жоқпыз, – дейді сарапшы.
А.Бугаенко айтқан екінші бағыт – транзиттік тасымалдың тоқтап қалуына байланысты зиян шегу. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау барысында біздің ел территориясындағы инфрақұрылымдарды пайдаланғаны үшін төленетін баж салығы «Қазақстан темір жолы» компаниясына айтарлықтай мол табыс әкеледі. Олай болса, шекаралардың уақытша жабылғаны ұлттық компанияның қаржылай көрсеткіштеріне біраз нұқсан келтіреді деуге негіз бар. Инфрақұрылымды қолданғаны үшін Қытай тарапы төлейтін баж салығы еліміздің ішкі жолаушылар тасымалы мен вагон құрамын жаңартуға жұмсалатынын айта кету керек.
– Үшіншіден, туристер ағыны төмендейді. Қазақстан жақында Қытайдан келе жатқан транзиттік жолаушылар үшін енгізілген 72 сағаттық визасыз режімді тоқтатты. Бұл режім Қытайдан Еуропалық одаққа бағыт алған туристер ағынынан түсетін табысты көтеру үшін енгізілген болатын. Соңғы уақытта көптеген қытайлық туристер «Эйр Астана» компаниясының рейстерін таңдай бастады, олардың біздің елге келгені туризм индустриясына қосымша кіріс әкелер еді, – дейді А.Бугаенко.
Сарапшының айтуынша, шығыстағы қоңсымыздың басына түскен жағдай әлемдік шикізат нарығына да әсер етпей қоймайды. Бұл туралы ол:
– Қытай экономикасы әлемдегі аса ірі энергетикалық шикізат тұтынатын экономика. Бұл елдегі көптеген өндіріс орындарының жұмысы тоқтағаны белгілі болды. Сөз жоқ, бұл әлемдік шикізат нарығының бағасына әсер етеді. Дегенмен, бағаның төмендеуі аз уақытқа ғана созылады, себебі көп ұзамай аурудың таралуы тоқтайды, өндіріс бірнеше айда қалпына келеді деп күтілуде, – дейді.
Әлемдік шикізат нарығындағы бағаның құлдырауы Қазақстан сияқты шикізат экспорттаушы елге тиімсіз екені түсінікті.
Жалпы, Қазақстаннан өзге елдер де Қытаймен арадағы шекарасын жабуға мәжбүр болып жатқаны мәлім. Сарапшы айтқандай, Қытайдың әлемдік көлік қатынастарында маңызды орны бар екенін және оны арттыруға ынталы екенін ескере отырып, көлік қатынастарын уақытша жабу қажет болды. Бұл жағдай көрші елге бірінші кезекте репутациялық тұрғыда нұқсан келтіреді. Әлем елдері Қытай мен қытайлық азаматтарды байланыс орнатуға қауіпті деп санайды, тасымалдардың тоқтатылуы осы көзқарастың одан әрі беки түсуіне ықпал етеді.
Әлемдік экономика және саясат институты сарапшысының пайымдауынша, АҚШ, Жапония, Франция, Германия, Аустралия, Таиланд сияқты әлемнің біраз елінің азаматтарынан табылған вирустың халықаралық экономикаға кері эффектісі ауқымды, бірақ қысқа мерзімді болады. Коронавирустың таралғаны түрлі елдердегі контрагенттердің арасындағы іскерлік байланыстарды үзіп жатыр. Жолаушылар және жүк тасымалы саласы, туризм индустриясы зардап шегуде. Қытайлықтар – әлемде ең көп саяхаттайтын халық, қытайлық туристер – әлемнің әр түкпіріндегі туристік орталықтардың сүйікті клиенттері. Ұлттық мерекеге орай берілетін ұзақ демалысқа вирустың таралуы тап келгені түрлі туристік орындардағы қонақүйлер мен дүкендерді табыстан айырды деуге болады.
26 қаңтар күні Қазақстан «Қорғас» халықаралық шекара бойындағы ынтымақтастық орталығын, артынша Қытаймен шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерін 16 ақпанға дейін жабу туралы шешім шығарғанын айта кетейік. 29 қаңтарда автобус тасымалы, 1 ақпанда жолаушылар пойызы, 3 ақпаннан бастап әуе қатынастары да уақытша тоқтатылды.
Кім көп зардап шегуі мүмкін?
Эпидемиядан әсіресе Қытай экономикасы ең көп экономикалық зиян шегіп жатыр. Халықаралық валюта қорының департамент директоры Джерри Райс жуырда осылай деді. Оның пайымдауынша, вирустың әлемдік экономикаға қаншалықты кері әсер тигізетіні таралу жылдамдығы мен ауқымына байланысты болмақ.
– Қытай экономикасы жаһандық процестерге әсер етеді. Қазір бұл елдің өндірістік аудандарында карантин жарияланды, көлік қатынастары тоқтады, миллиондаған жұмысшы құр қол отыр. Сұраныс төмендеді, туристік бизнес баяулады. Қытайда ішкі қаржы нарығының жабылғаны дүние жүзі бойынша облигациялар нарығына әсер етті, – дейді ол.
Германияның Федералдық сауда-өнеркәсіп палаталар бірлестігінің ресми сайтында «Коронавирус неміс экономикасына жұға ма?» деген ақпараттық хабарлама шықты. Онда айтылғандай, екі ел арасындағы іскерлік барыс-келістің шектелгені, компаниялардың Қытайда орналасқан кәсіпорындардың жабылғаны іскерлік белсенділіктің төмендеуіне соқтыратыны анық. Кейбір сарапшылар Германия коронавирустан ең үлкен экономикалық зиян шегетін елдердің бірі деген пікір білдіруде.
Германиялық бірнеше азаматтың коронавирусты жұқтырғаны анықталғаннан кейін Lufthansa әуе компаниясы Қытай бағытындағы рейстерін тоқтатты, елдің туристік индустриясы қытайлық клиенттерінен айрылуда. ГФР компаниялары Қытайдағы өндірістерін уақытша жабуға мәжбүр.
Коронавирусты алғаш жұқтырған 4 азаматтың төртеуі де автокөлік бөлшектерін шығаратын Webasto компаниясының штаб-пәтерінде жұмыс істейтіні анықталды. Егер дүние жүзінің әр түкпірінде орналасқан 50 кәсіпорында барлығы 13,5 мың адам жұмыс істейтін алып компанияның штаб-пәтерінде карантин жарияланса, компанияның жұмыс ырғағы кемінде 1 апта бойы бұзылуы мүмкін. Вирустың эпицентрі Ухань қаласындағы Hoppecke компаниясының 3 зауыты жабылып, 500 жұмысшы үйінен шыға алмай отыр.
Жалпы, Қытайда германиялық 5200 компания бар екен, ондағы жұмысшылардың саны 1 миллионнан асады. Екі ел арасындағы сауда айналымы жылына 200 миллиард еуродан асады.
– Коронавирус Қытай мен Германия арасындағы екіжақты саудаға ғана емес, жалпы дүниежүзілік сауда қатынастарына соққы болады. Дәл қазір келетін шығын мөлшерін болжау қиын. Дегенмен, 2002-2003 жылдары таралған вирус Қытай экономикасын ғана емес, әлемдік экономиканы шектегенін ескеруіміз керек. Бұл өз кезегінде мұнай бағасын, жалпы шикізат нарығындағы бағаны төмендетеді. Бір айта кетерлігі, шикізат құнының төмендегені Германия үшін тиімді, – дейді Федералдық сауда-өнеркәсіп палаталар бірлестігінің басшысы Мартин Ванслебен.
Эпидемия таралғаннан бергі аралықта швециялық IKEA Қытайдағы дүкендерінің жартысына жуығын жауып, жұмыскерлерін ақылы демалысқа жіберді. Apple де біраз дүкені мен кәсіпорындарының жұмысын тоқтатты. Starbaсks қаржылық қиындықтар туындағанын ашық айтып, филиалдарының жартысына жуығын жабуға мәжбүр болды. Ford пен Toyota да кәсіпорындарының жұмысын уақытша тоқтататынын хабарлады. Шанхай мен Гонконгтегі екі Диснейленд қаңырап бос тұр. Hyatt, Radisson, Hilton сынды қонақүй желілері брон жасаған адамдардың қаржысын қайтарып берді.
ОПЕК алаңдап отыр
Эпидемия басталғаннан бергі бірнеше апта ішінде негізгі шикізаттардың құны біршама төмендеді. Сарапшылар баға әлі де төмендейді деген болжам жасап отыр.
Brent жыл басынан бері 12 пайызға арзандады. Қазір барреліне 56 доллардан сатылуда. 1991 жылдан бергі аралықта мұнай жыл басында бірден 12 пайызға арзандап көрмегенін айта кету керек.
Reuters-те көмірсутегі бағасына қатысты Reutersnt Sun Global Investments атқарушы директоры Михир Кападидің:
– Қытай дүние жүзі бойынша шикізатты ең көп тұтынатын ел. Эпидемияның таралуы баяуламайынша мұнай бағасының құбылу қарқыны тоқтамайды. Коронавирус төтенше проблема болды, ал инвесторлар кез келген негатив ақпаратқа мән береді, – деген пікірі жарияланды.
ОПЕК конференциясының төрағасы, Алжирдің энергетика министрі Мұхаммед Аркабтың айтуынша, наурыз айына жоспарланған жиынды ертерек, яғни ақпан айының орта шенінде өткізуі мүмкін. Бұл асығыстық ОПЕК+ мүшелері коронавирусқа қатысты туындаған мәселелерді талқылауы үшін қажет.
Айта кетелік, жыл басынан бері мыс – 10 пайызға, никель – 8,7, қола – 7, мырыш – 7,3, болат – 4, алюминий бағасы 7 пайызға арзандады.