• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Ақпан, 2020

Украина «қара жәшікті» қайтаруды талап етті

236 рет
көрсетілді

Иран үкіметі 8 қаңтарда Тегеран маңында украиналық Boeing 737-8KV ұшағының құлауына жауаптылардың ұстал­ғанын мәлімдеді. Сонымен бірге Иран тарапы апатта қаза тап­қандардың отбасыларының әрқайсысына 80 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы ұсынып отыр.

Иран Әділет министрлігінің өкілі Голам Хуссейн Эсмаили аталған апатқа қатысы бар деген күдіктілердің ұсталып, тер­геудің басталып кеткенін мәлім­деді. Дегенмен, қанша адамның және нақты кімдердің жауапқа тар­тылғаны туралы ақпарат бермеді. Мем­лекет басшысы Хасан Роу­хани халыққа теле-жолдауында мұндай апатқа бір адамның кі­нәлі болуы мүмкін емес екенін айт­ты. Сонымен бірге Иран үкім­еті­нің халықтың және апатта жа­қын­дарын жоғалтқан әр отба­сы­ның алдында жауапты екенін де ескерді. 

Украина президенті Влади­мир Зеленский өз кезегінде Иран үкіметі ұсынған 80 мың АҚШ долларының аз екенін, бұдан көп қаражат талап ететінін айтты. Сонымен бірге ұшақтың «қара жәшігін» оқу үшін украиналық мамандарды Иранға жіберу «қара жәшіктің» Украинаға қай­тарылмауына алып келуі мүм­кін деген күдігін де жасырмады. «Олар оны Иранда оқып, Украинаға қайтарудың қа­жеті жоқ деген тұжырымға келуі мүмкін. Біз «қара жәшікті» өзі­міз алғымыз келеді, оны өзіміз оқы­мақпыз. Бұл туралы Иран жағына да айттық», деді В.Зеленский.

Украина президентінің сөзіне сүйенсек, Иран мемлекетінің бас­шысы Хасан Рухани Украина өкілдерінің апаттың себе­бін анықтау жұмыстарына қатыс­ты­рылатынын айтқан. «Сондықтан Иранға барған жағдайда қандай да бір күмән туса, Украинаға «жәшікпен» қайтатынымызға сенімді болуымыз керек», дейді Украина президенті.

В.Зеленскийдің осынша се­німді болуына ұшақтың құлау себебін Иран әу бастан білді деген ақпарат та себеп болып отыр. «Біздің қолымызда иран­дық Aseman Airlines әуе ком­паниясының ұшқышы мен аэропорт диспетчерінің әңгімесінің жазбасы бар. Ол жерде ұшақтың құлауына ракета себеп болғаны анық айтылған. Иран мұны біліп, бізге айтпады. Сотта Украи­на же­ңетініне сенімдімін», деп тү­йіндеді В.Зеленский. Украи­на тарапы Ираннан ресми ке­шірім сұрауды, апаттың жауап­кершілігін өз мойнына алуды, жапа шеккендерге өтемақы төлеу­ді талап етіп отыр.

Иранның Азаматтық авиация ұйымы тергеу бөлімінің басшысы Хасан Резайефар жазбалардың таралуы, БАҚ-та жариялануы екі ел арасындағы серіктестікке кері әсер ететінін айтты. «Бұл апат ор­нында жұмыс істеп жатқан сарап­шыларға арналған жазба еді. Оны көпшілікке ұсыну халықаралық нормаларға қарсы. Сондықтан Иран бұдан былай Украинаға ақпарат беруден бас тартады», деді.

Естеріңізде болса, дәл сол күні, яғни 8 қаңтарда АҚШ Иран­ның Ирактағы әскери базасына ракета жіберген еді. Иран үкі­­меті апатты осы оқиғамен бай­­ланыстырып, Иран әскері ұшақ апатына адами фактор себеп болғанын хабарлаған. Олар украиналық лайнерді АҚШ ракетасы санап, нысанаға алға­нын мәлімдеген болатын. Одан кейін оқиға орнында ракета қал­дықтары табылып, ұшақты ракета құлатты деген хабар тарай бастады. Британия премьер-министрі Борис Джонсон мен Канада үкімет басшысы Джастин Трюдо сол күні-ақ ұшақ апатына ракета себеп деген тұжырыммен ке­лі­сетінін мәлімдеді. АҚШ пре­зи­­денті Дональд Трамп бұл оқи­ғаға күмәнмен қарайтынын жет­кіз­ді. Трамп «Ұшақтың техни­ка­­лық қатеден құлауы екіта­лай. Ол қате жердегілерден болса керек», деп жазды. Келесі күні ук­­ра­иналық сарапшылар да ра­ке­та­ны құлатқанына дәлел­дер тапты. Алайда Иран үкі­ме­ті бұл ақпаратты тек 11 қаң­тар­­да растады. Сол кезде Иран пре­­зи­­денті Хасан Рухани ұшақ апа­тын «кешірілмес қате» деп баға­лап, мемлекет қажетті шаралар қолданатынын айтқан болатын.