Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин халыққа санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат берді.
Жиын барысында ол 3 ақпаннан бастап Қытаймен шекара іс жүзінде жабылғанын мәлімдеді.
«Бүгін соңғы ұшақтар біздің азаматтарымызды әкеледі. Ертеңнен бастап тікелей әуе қызметі тоқтайды. Ал автобус және пойыз қозғалысы тоқтатылғанына біраз уақыт болды. Қытаймен шекарадан тек ресми делегациядағы шенеуніктер өтеді. Сондай-ақ жүк тасымалы өткізіледі. Олар екі ел үкіметінің де жылу түсіргіштеріне сканерленеді. Республикалық штабтың шешіміне сәйкес бұл күндері Қазақстанның барлық шекаралық бекеттерінде қолмен жылытқыштармен үздіксіз бақылау орнатып жатырмыз. Тағы қайталап айтайын, 6 қаңтарда БАҚ-қа жаңа белгісіз ауру туралы мәлімдеме жасадық. Сол күннен бастап Қытайдан келген барлық жолаушыларға қосымша бақылау жүргізе бастадық. Біз 2017 жылдан бері барлық халықаралық рейстерден келген жолаушыларды стационарлық жылу түсірушімен бақылауды тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Үкімет жанындағы ел территориясында коронавирус инфекциясын тудырмау және таратуға жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша өткен аптада Қазақстан – Қытай шекарасындағы 8 кедендік бекетте санитарлық бақылау жүйесі қосымша тексерілді. Маска өндірушілер толық қуатпен жұмыс істеп жатыр. Үкімет коронавирусқа қатысты түрлі сатып алуларға 1,5 миллиард теңге қаржы бөлді. Қажет болған жағдайда кез келген мөлшерде маска сатып ала аламыз», деді Бас санитарлық дәрігер.
Қытайдан 6 қаңтардан бастап келгендерге мониторинг жалғасуда. Олардың 90 пайызы бақылауға алынған. Дәлірек айтсақ, 89 адам дене қызуы мен ЖРВИ шағымымен оқшауланған ауруханаға жатқызылған. Қазір 46 адам ауруханада қалып, 43 адам стационардан шығарылған. Барлық ауруханадан алынған сынамалар қосымша бақылау үшін Алматыдағы Ұлттық ғылыми ерекше жұқпалы аурулар орталығына жіберілген. Себебі бұл орталық жаңа коронавирусты ПЦР диагностикалау әдістемесін игерген.
Сонымен қатар Жандарбек Бекшин кеше түске дейін вирусты жұқтырғандардың саны – 17 459 адам, қайтыс болғандар саны – 362 адам, толық жазылып шыққандар саны 483 адам болғанын, аурудың ошағы болған Хубей провинциясында 96 пайыз адам өлімі тіркелгенін тілге тиек етіп, әлемде ауру жұқтырғандардың 98,9 пайызы Қытай тұрғындары екенін атап өтті.
«Бұдан 3 қорытынды жасауға болады. Біріншіден, инфекцияның таралуы жалғасуда, бірақ ең алдымен Хубей провинциясында, әсіресе Ухань қаласында, екіншіден, осы демалыс күндері толық жазылғандар саны қайтыс болғандардың санынан асып түсті. Бұл бізді қуантады. Үшіншіден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдегендей, Қытай үкіметі эпидемияны негізгі аймақта оқшаулай білді. Егер сіз шетелден келген болсаңыз, денсаулығыңызға кішкене күдік болғанның өзінде бірден 1406 байланыс орталығына қоңырау шалыңыз. Медициналық мекемелерге кездейсоқ бармаңыз. Потенциалды пациенттермен жұмыс істеу алгоритмі бар. Сондықтан ережелерді қатаң сақтаңыз. Шетелден келген бойда дене қызуыңыздың барын байқадыңыз ба? Бұл туралы әлеуметтік желілерде жазудың қажеті жоқ. Емхана біткенді шарлап шаршамаңыз. Бірден 1406 нөміріне қоңырау шалыңыз», деді ол.
Өткенде Қазақстан азаматтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы елімізге ҚХР Ухань қаласында жүрген 83 қазақстандықты, оның ішінде 80 студентті жеткізген болатын.
«Эвакуацияланғандар саны – 89 адам. Оның 83-і Қазақстан азаматы, оның ішінде 80 студент. Сондай-ақ 5 Беларусь және 1 Армения азаматы бар. 18 Қырғызстан азаматы сол жерде бірден еліне ұшып кетті. Олардың барлығынан сынама алынды. Жағдайлары қанағаттанарлық. Дене қызуы қалыпты. Шағым жоқ. Келгендердің ешқайсысында коронавирус байқалмайды. Соған қарамастан, олардың бәрі 14 күн карантинде болады. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2015 жылдан бастап белгілі болған коронавирустық инфекцияларға қатысты ұсыныстарын жақсы білеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған барлық дәрі-дәрмек Қазақстанда бар. Аталған ұйымның ұсынымдары мен қытайлық әріптестеріміздің ақпараттарын ескере отырып, жаңа коронавирустық инфекцияның алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша ұсыныстар дайындайтынымызды хабарлаймыз. Сондай-ақ біз басқа елдердің ұсыныстарын да бақылап, зерттейміз. Мысалы, жақында Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің уақытша ұсыныстары жөнінде құжат пайда болды. Бұл да – біздің назарымызда», деді Ж.Бекшин.
Сөз соңында ол азаматтарға ресми ақпараттарға ғана сүйеніп, жалған хабар таратудан аулақ болуға шақырды.