• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Ақпан, 2020

Ауылдағы аналар қалаға қашанғы салпақтайды?

362 рет
көрсетілді

«Жүргізілген талдауға сәйкес ана­ларымыздың 80 пайызы сәбилерін Өскемен және Семейдегі медициналық орта­лықтарда дүниеге әкеледі. Яғни, облыс орталығына келу үшін олар жүкті бола тұра 700-800 шақырым жол­ды еңсеруге мәжбүр».

Жақында об­лыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Даниал Ахметов осы мәсе­лені көтеріп, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына өңірдің ше­кара маңында орналасқан аудан­дарында ІІ деңгейдегі меди­циналық мекемелерді ашу үшін жаңа механизм әзірлеуді тап­сырған-ды. «Бір ай мерзімде көмек көрсету құрылымын өзгер­ту жөнінде ұсыныс дайын­дай­ды. Бұл ең бірінші ана мен бала денсаулығын қорғау жүйе­сіне қатысты», деді Д.Ахме­тов. Демек, аудандардағы ауру­­ханалардың жағдайы бұ­рын­­­ғыдан жақсарады, деңгейі көте­­ріледі, жаңадан перзентханалар ашылады, бары қайтадан жаңғыртылады.

Өскемен мен Семейге бір ай бұрын барады

Расында, облыс әкімінің өзі айтқан­дай өңірдегі аяғы ауыр аналардың көпшілігі босану үшін жолдың қиын­дығына, жердің шалғайлығына қарамас­тан Өскемен мен Семейге барады. Олар денсаулық жағдайына байланысты бір ай немесе жарты ай бұрын баруға мәжбүр.

Осы тұста ерекше ескерер бір дүние, өңір басшысы атап өткендей тек шекара маңындағы аудандардың медициналық ме­кемелерін ғана емес, бұрын өз алдына аудан болып, кейін жа­былған Абыралы, Шұбар­тау секілді өңірлердегі ауруха­на­лардың жағдайын жақсарту да назардан тыс қалмағаны жөн деп ойлаймыз. Өйткені бұл ай­мақтар да облыс орталығынан, үл­кен қалалардан шалғайда жа­тыр.

Даниал Ахметовтің «Шекара ма­ңында орналасқан аудандарда ІІ дең­гейдегі медициналық мекемелерді ашу үшін жаңа механизм әзірлеуді тапсырдым», деген сөзінен кейін облыстың шекаралық аймағы мен бұрын аудан орталықтары болған елді мекендердегі ауруханалардағы перзентханалардың бүгінгі жағдайын, ондағы мәселелерді білуге тырыстық.

Әуелі облыс орталығы Өскеменнен шамамен 400 шақырымдай қашықта орналасқан бұрынғы Марқакөл ауда­нының орталығы – Марқакөл ауы­лындағы аурухана қызметкерлеріне хабарластық. Мұндағы перзентхана бөлімі 2012 жылы жабылған екен. Сондықтан бұл өңірдегі аналардың бәрі нәрестелерін өмірге әкелу үшін Өс­кеменге барады. «Негізі бізде пер­зентхананың орны дайын тұр. Тек меди­циналық құрылғылар мен мамандар керек. Егер перзентхана ашылатын болса, жаңа туған сәбилерді қарайтын нео­натолог пен акушерлер қажет болады. Марқакөл өңіріне 10 орындық перзентхана жетеді деп ойлаймын. Өйткені бұл аймақта туу көрсеткіші тым жоғары емес», деген Марқакөл ауылдық ауруханасының меңгерушісі Гүлнәр Таменова осы өңір бойынша 2018 жылы – 118, 2019 жылы 120 сәби дүниеге келгенін жет­кізді. Сонымен қатар ол шалғайдағы ауруханаға анестезиолог және хирург секілді мамандардың қажеттігін айтты. «Әзірге бір хирург Күршімнен келіп жұмыс істеп жатыр», дейді ол.

«Келіп жатқан кісі жоқ, кетіп жатқан кісі көп»

Марқакөлмен іргелес орналасқан Катонқарағай ауданында да демо­графиялық жағдай көңіл көн­шітпейді. Катонқарағай аудандық ауруханасының бас дәрігері Арқабек Қадырбаевпен телефон арқылы сөйлескенімізде, жылына 100-дің төңірегінде ғана (2017 жыл – 124, 2018 жыл – 128, 2019 жыл – 104) сәби өмірге келетінін білдік. Бұл – тек бұрынғы Катонқарағай ауданы аумағындағы елді мекендердегі көр­сеткіш. «Осы жерде жұмыс істегеніме 40 жылға жуықтап қалды. Әлі есімде, 1984-1985 жылдары тек Катонқарағай жағында 700-800 әйел босанатын. Қазір бір жылда 100-110 әйел босанса, оның 70 пайызы қалаға барады. Жа­сыратыны жоқ, ауданда босану жасындағы әйелдер жоқтың қасы. Өлім мен туу көрсеткіштері шамалас. Келіп жатқан кісі жоқ, кетіп жатқан кісі көп. Ең басты мәселе – халық санының азаюы. Кейде ойлайсың, егер халық болмаса медициналық пункт, құрылғылар қажет пе деп», дейді бас дәрігер.

Десек те, ауданда жыл сайын халық санының азайып жатқанына қарамастан, Катонқарағай ауылында 5 төсектік перзентхана бар екен. Операциялық блок пен босанатын бөлме де жұмыс істейтін көрінеді. «Ауруханаға қандай мамандар керек?» деген сұрағымызға бас дәрігер «Рентгенолог, невропатолог және көз дәрігері керек», деді.

Өскемен мен Семейден тым шал­­ғайда (шамамен 600 шақырым) ор­наласқан, бұрын өз алдына аудан бол­ған Мақаншыда демографиялық жағ­дай бір­шама тәуір. Мақаншы аудан­дық №2 ауруханасы бас дә­рігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Лаура Тұра­рованың айтуынша, аналардың көбі қалаға салпақтамай, ауыл­да босана­ды екен. «Тоғыз орындық перзентхана бө­лім­шеміз бар. Біз тек денсаулығында ақауы бар әйелдерді Аягөз бен Семейге жібереміз. Жалпы алғанда, тек Мақаншы өңірінде (Үржар жағын қоспағанда) жылына 500-ге жуық сәби өмірге келсе, соның 400-дейі Мақаншының өзінде  дүние есігін ашады. Мақаншы өңірінде халық тығыз орналасқан. Сондықтан бізге жаңа перзентхана керек. Қазіргі бөлімшенің іші тарлау», дейді ол.

Мақаншы секілді бұрын жеке аудан болған, қазір Тарбағатай ауданы қара­мағындағы Ақжар өңірінде де шағын перзентхана жұмыс істейді. «Ден­сау­­­­лықтарында асқынулары болмаса, ана­ларды Ақжардың өзінде босандыра береміз. 12 төсектік перзентхана бө­лім­шеміз бар. Ақжар өңірі бо­йынша 2019 жылы 250 сәби дүниеге келді», дейді Тарбағатай ауданаралық ауруханасы перзентхана бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Мырзабеков.

Сонымен қатар ол перзентхана бөлім­шесіне нәрестелерге қажет тыныс алу аппаратты, монитор, КТР секіл­ді құрылғылардың қажет екендігін жеткізді.

 Абыралы мен Шұбартауда бірде-бір перзентхана жұмыс істемейді

Шекаралық аймақтардағы перзент­ха­налардың жағдайына аз-кем шолу жасадық. Ал бұрын өз алдына аудан болған, бүгінде бірі Семей қаласына, бірі Аягөз ауданына қарайтын Абыра­лы және Шұбартау өңірлеріндегі демо­графиялық жағдай қалай? Бірден ай­тайық, бүгінде Абыралыда да, Шұ­бартауда да бірде-бір перзентхана жұ­мыс істемейді. Мәселен, бұрынғы Абыралы ауданының орталығы – Қай­нар ауылындағы шағын ауруханада босанатын әйелдерге арналған бір ғана төсек бар екен. «Мұның өзі шұ­ғыл жағ­дайда босанатын аналарға лайық­талған. Негізі аяғы ауыр әйелдерді 15 күн бұрын қалаға жібереміз. Бұрын Қай­нарда 10 орындық перзентхана бол­ған. Кейіннен қысқартылды. Қайта ашылса жақсы-ақ болар еді», дейді Абыралы ауруханасының бас дәрігері Әкімбай Шақантаев.

Абыралы – сан жыл Семей полиго­нының зардабын тартқан аймақ. Әлі де ядролық сынақтың зардап-зияны жойыл­ған жоқ. «Перзентхана да қажет қой. Бірақ Абыралыға қазіргі жағдайда өңір тұрғындарының денсаулықтарын зерт­теп, көмек көрсететін оңалту орта­лығы аса қажет. Ең болмағанда, 10 орын­дық орталық салынса, полигоннан зардап шеккен тұрғындарға үлкен көмек болар еді әрі жаңа жұмыс орындары ашы­латын еді», дейді бас дәрігер.

Бұрын өз алдына аудан болған, бүгінде Аягөз ауданына қарайтын Шұ­бар­тау өңірінде де осы кеп. Перзент­ха­на дегеніңіз атымен жоқ. Бұл ай­мақ­тың аналары босану үшін 300 ша­қырым (Аягөз), 500 шақырым (Семей) жол жүруге мәжбүр. Жол демекші, Шұбар­таудың ой-шұңқыры көп жолдары өз алдына бөлек әңгіме. «Шұбартаудың аналары негізінен Аягөз қаласында босанады. Баршатас ауылындағы амбулаторияда бір акушер бар», дейді Баршатас (бұрынғы аудан орталығы) ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі Әділ Өнербаев.

Түйін

Біз бұл мақаламызда негізінен ше­каралық аймақтағы және бұрын өз ал­дына аудан болған, қазір жай ғана елді мекен санатындағы өңірлердегі демографиялық ахуалға, ондағы перзент­ханалардың жағдайына аз-кем үңілуге тырыстық. Өйткені  бұл аймақтар облыс орталығынан, Өскемен, Семей қа­ла­ларынан шалғайда жатыр. Өздерін қамкөңіл сезінетіні де содан болса керек. Облыс басшылығы аудандардағы медициналық мекемелерді ІІ деңгейге көшіруді қолға алатын болса, біз сөз еткен ауылдарды да назардан тыс қалдыр­майды деп сенеміз.

 

Шығыс Қазақстан облысы