Ақордада Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, атқарылған жұмыстың есебі тыңдалды.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың нәтижелері мен алда атқарылатын жұмыстың жаңа басым бағыттары қаралды.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асырылып жатқанына биыл үш жыл толды. Осы уақыт аралығында елеулі жұмыс атқарылып, нақты жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтылған бағыттар да осы бағдарламамен табиғи сабақтастық тауып, оны қоғам қолдап отыр», деді Қ.Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» нақты жобаларды іске асыруға бағытталған кешенді бағдарлама екенін атап көрсетіп, оның тиімді тұстарына тоқталды.
«Бағдарлама заманауи қазақстандық мәдениет, озық білім, ғылыми-зерттеу, археология және басқа да түрлі бағыттардың дамуына едәуір серпіліс берді. Қазіргі таңда 6 бағыт бойынша 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр. Жасыратыны жоқ, бірқатар жоба нәтижелі жүргізілсе де, кейбірі діттеген межеге жете алған жоқ. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың қолдауымен 2019 жылы 60 млрд теңгеге жуық қаражат жиналды. Бұдан бөлек, 889 нысан жаңадан салынып, 631 нысан күрделі жөндеуден өтті. Айта кетерлігі, қаржыландырудың ең көп көлемі Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарына тиесілі. Бұл Қазақстандағы бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі артқанын аңғартады», деді Қ.Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша алдағы үш жылдағы іс-шараларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлініп, 711 жоба жүзеге асып, 53 елді мекенде 452 инфрақұрылым салынды. Қалған жобалар еліміздің руханияты мен тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын тереңдету, таныту, зерттеу бағыттары бойынша жалғасады.
Сондай-ақ Қ.Көшербаев бағдарламаны іске асырудың кей бағытына ерекше көңіл бөлу қажеттігіне баса назар аударды. Соның ішінде, тұлғалық даму, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау маңызға ие. Мемлекет пен қоғамның дамуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау барысында олқылық жібермеуді ескертіп, науқаншылдыққа жол бермеуге шақырды.
«Өкінішке қарай, кейбір өңірде бағдарламаға мазмұндық жағынан сай келмейтін шараларды «Рухани жаңғырудың» есебіне енгізіп жіберу кездеседі. Мұндай науқаншылдық әрекеттер бағдарлама мен биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Әсіресе бағдарламаның құнын түсіретінін түсінуіміз керек. Сондықтан барлық атқарушы орган бағдарламаны жүзеге асыру кезінде білім және ғылымға құштарлық, еңбексүйгіштік, ұлттық және өркениеттік құндылықтарды насихаттау шараларына басымдық беруі керек», деді Қ.Көшербаев.
Сондай-ақ жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуына қатысты пікір білдірді.
«Елбасы осыдан үш жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қабылдаған кездегі негізгі мақсат сана-сезімімізді, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық құндылығымызды одан әрі дамыту болатын. Осының бәрі билік пен қоғам бірге жұмыс істесе, жүзеге асатыны сөзсіз. Сондықтан зиялы қауыммен бірге осы іске жұмылу керек», деді Б.Сапарбаев.
Оның айтуынша, берілген тапсырма орындалмаған жағдайда, кез келген лауазымды тұлға жауап беруі тиіс. Бұдан бөлек, вице-премьер ауылдық жерді дамытудың маңызына ерекше екпін беріп, Алаш арыстарын ардақтау, әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығын атап өтуге байланысты атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Бұдан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылға арналған жаңа жоспарын таныстырды.
«Өңірлерде жобаларды сапасыз жоспарлау проблемасы бар. Нәтижесінде бастапқы мақсат күткен нәтижеге сай келмей қалуы кездесті. 2020 жылға арналған жаңа жоспар аталған мәселелерде ескеріліп жасалды. Мемлекеттік хатшы бекіткен құжат 122 бөлімнен тұрады», деген Дәурен Абаев жаңа жоспарда көптеген шараның қысқартылғанын жеткізіп, оның негізгі бағыттарын айтып берді.
«Бөлімдердің санын екі есе қысқарттық. Сапа көтеріледі деп сенеміз. Жоспар негізгі үш бағытта жүзеге асырылмақ. Біріншісі – жеке даму. Екіншісі – ұлттық бірегейлік пен халықаралық таныстырылым. Үшіншісі – мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Биыл құжат бойынша шаралар легі екі есе қысқарды. Осы шаралардың үштен бірі ғана форумдар мен фестивальдардан, сайыстар мен конференциялардан тұрады», деді министр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бренд-бугын дайындау бойынша жұмыстардың басталып кеткенін мәлім етті.
«Биылғы 20 қаңтарда министрлік Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторларымен бағдарламаны жергілікті деңгейде жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Мемлекеттік инспекторларға бағдарламаның жергілікті деңгейде жүзеге асырылуын қадағалау мақсатында әр өңір бойынша әдістемелік материал ұсынылды», деді Д.Абаев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, мұндай қадам аймақтарда жоспардың орындалғанына жедел мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
«Алдағы жылда мемлекеттік тапсырыс аясында жаңа жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, отбасылық құндылықты дәріптейтін дәстүрлі музыканы, кәсіпкерлік сала мен ұлттық өнер түрлерін насихаттайтын жобалар, әлемдегі жаңа технологиялар тұрғысында жасалған, сонымен бірге балаларға арналған анимациялық жобалар бар. Дәстүрлі музыка мен күйдің, Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қазақстандық авторлардың 100 жаңа оқулығын алға жылжыту бойынша аудиоподкасттар әзірленеді», деді ведомство басшысы.
Д.Абаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан туралы видеороликтер топтамасы әзірленгенін айтты. 7 ролик өңірлердің табиғи сұлулығына арналған. Видеороликтердің тағы бір парасы елдің туристік, инвестициялық және экологиялық тартымдылығы жөнінде. 2019 жылы түсірілім жұмыстары республикалық маңыздағы үш қала, сонымен қатар Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілген.
Министрдің баяндамасын мұқият тыңдаған Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев қазақтың жерін сақтап қалған, сол үшін күрескен Ж.Тәшеновті, танымал ғалым А.Бараевты өскелең ұрпаққа танытудың маңызын атап өтті.
Бұдан кейін баяндама жасаған Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аймақтық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сауранбаев «Туған жер» жобасына жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысын таныстырды.
Баяндамашының айтуынша, «Туған жер» жобасы аясында 2019 жылы 14 мыңнан астам іс-шара өткізілді. 4 миллионнан астам адам қамтылды. 2019 жылы меценаттар есебінен 1 мыңнан аса әлеуметтік маңызы бар нысан салынды, 700-ден астам нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, ауылдар мен қалаларды дамытуға бағытталған жобалар іске асырылды. Қаржыландыру көлемі 60 млрд теңгеден асты.
Алайда, Н.Сауранбаев «Туған жер» бағдарламасының осындай оң әсеріне қарамастан, түйіні тарқамаған түйткілдердің әлі де бар екенін жеткізді. Мәселен, аймақтарда бұл бағыттағы жұмыс әрқилы жүргізілген.
«Солтүстік Қазақстан облысында бұл бағытта 510 мың адам жұмылдырылған 1155 шара өткені жөнінде есеп берді. Ал аймақта халықтың саны 549 мың адам ғана», деді Н.Сауранбаев.
Отырыста сөз сөйлеген Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда жастарға тәрбие беруге басымдық берудің маңызын түсіндіріп берді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда науқаншылық болып жатқаны жасырын емес. Оны айтуымыз керек. Әрине рухани салада өңірлерде көп шаруа атқарылады. Бірақ соның бәрін бағдарлама аясында жасай беру де шарт емес шығар. Сондықтан бұл тұрғыда саннан сапаға көшу керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің шараны қысқарту, оның сапасын арттыру жөніндегі бастамасын толықтай қолдаймыз», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Ұлттық комиссия отырысы барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, жазушы Төлен Әбдік және тағы басқалар сөз сөйлеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың маңызына тоқталды.
Жиын соңында баяндамалар мен айтылған пікірлерді мұқият тыңдаған Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында аймақ басшыларының міндетін түсіндіріп берді.
Сондай-ақ министрлер мен әкімдер осы жұмыстың алдында жүруі керек екенін тағы бір мәрте еске салып, қоғамдық сананы жаңғыртуда ұлттық дәстүрге иек артуды міндеттеді.
«Бүгінгі таңда той ұлттық салт-дәстүр салтанат құратын, ұрпақ ұлағат алатын, өнер, мәдениет көрініс табатын шараға айналса деген тілегіміз бар. Қазір Наурыз мерекесінің қарсаңында тұрмыз. Батыста «көрісу» деген жақсы дәстүр бар. Қыстыгүні ешкім ешқайда қатынай алмайды. Қар еріп, жер қарайғанда жастар жиналып, ақсақалдардың батасын алады. Осыған байланысты 14 наурызда Амал мерекесін кеңінен атап, 22-24 наурызда Наурыз мерекесін тойлауға қатысты ұсынысымызды береміз. Ұлттық дәстүрлерімізді елдің басын біріктіруге дұрыс пайдалануымыз керек», деді Мемлекеттік хатшы.
Іс-шара соңында Қ.Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты тапсырма беріп, оның басым бағыттарына қатысты бүкіл өңірде жұмысты жандандырудың маңызына ерекше тоқталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Үкіметтен бастап, жергілікті атқарушы органдарға берілетін тапсырмалар бар. Алдағы жұмыс жоспарын жинақы, мақсатты әрі нысаналы түрде жүргізу қажет.
«Жұмыс жоспарын үш бағытқа жіктеп отырмыз. Бірінші бағыт – тұлғалық даму бағыты. Бұл бағыттың ішіне білімнің салтанат құруы, прагматикалық құндылықтарды сіңіру, бәсекеге қабілеттілік сынды құндылықтарды жинақтап, адам капиталын арттыруға бағыттаймыз. Әсіресе жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Екінші бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау. Бұл бағыт ұлттық құндылықтарды сақтау, ұлттық бірегейлікті халықаралық деңгейде көрсету сынды кешенді шараларды қамтиды. Үшінші бағыт – мемлекет пен қоғамның дамуы. Бұл бағыт елімізде революциялық даму емес, эволюциялық даму, сананың ашықтығы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асады. Бағдарламаны жүзеге асыруда науқаншылыққа жол бермеуіміз керек», деді Мемлекеттік хатшы.
Сондай-ақ аталған міндеттерді сапалы түрде орындау үшін комиссия атынан нақты бірқатар тапсырма берілетінін жеткізді.
«Біріншіден, мемлекеттік комиссияның хаттамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілсін. Екіншіден, Қазақстан Республикасының Үкіметі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарында көзделген шаралардың қаржыландырылуын және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі керек. Үшіншіден, Білім және ғылым министрлігі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына патриоттық білімділік, бәсекеге қабілеттілік, функционалдық, ұлттық код сияқты тәрбиелік элементтерді қамти отырып, күшейтілген тәрбие компонентін енгізу жөнінде шұғыл шаралар қабылдасын. Сонымен қатар біртұтас Қазақстан мемлекеттік идеологиясының пәрменін жүргізу мақсатында жалпы Қазақстанда балалар мен жастар қозғалысын құру жөнінде Мемлекет басшысының атына ұсыныс дайындалсын. Жас ұрпақты патриотизмге баулу және олардың бәсекеге қабілеттігін арттыру мақсатында халық саны 30 мыңнан жоғары аудан орталықтарында ауыл балаларына арналған бейімдік дарынды балалар мектеп-интернаттарын ашу, сондай-ақ әскери кадеттер мектептерін ашу, онда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың да оқуына қажетті мүмкіндік жасау жөнінде Президент Әкімшілігіне 1 наурызға дейін тиісті ұсыныс енгізілсін», деді Қ.Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы сонымен қатар танымдық бағдарламалар шығаруға барлық БАҚ-ты жұмылдыруды жүктеді. Айта кетерлігі, бағдарламаның орындалуы Президент Әкімшілігінің бақылауында болады.
Тұрақты дамудың тұғыры
Төлен ӘБДІК,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы:
– Рухани жаңғыру – тұрақты даму деген сөз. Рухани жаңғырусыз даму мүмкін емес. Заман өзгереді, уақыт өзгереді, жаңа талаптар, жаңа құндылықтар пайда болады. Халық та, қоғам да даму керек. Даму үшін алдымен өзін тану керек. Тану деген сөз – дұрыс тарих жасау деген сөз. Әспеттеген, әдемілеген тарих емес, шын мәнінде өзінің халық ішіндегі қайшылығымен, кемшілігімен соның бәрін көрсететін анық, әділ тарихымыз болуы керек. Егер біз өзімізге ғана ұнайтын, өзіміз ғана білетін, өзіміз ғана іштей мақтанып отыратын томаға-тұйық тарих жасасақ одан пайда шамалы. Сондықтан кейде мен әсірелеуге қарсы шығамын.
Бұл бағдарламаның іске асырылуын толық қолдаймын. Бірақ науқаншылық пен ресмиліктен арылуымыз керек. Жаңа ғана осы бағдарламаны іске асыру бойынша 14000 іс-шара өткізілгені айтылды. 14000 іс-шара деген не сөз? Есеп беруде ресмилік болмаса екен деймін.
Бір ұсынысым бар. Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидың туғанына 1150 толып отыр. Әбу Насыр әл-Фараби – екінші Аристотель атанған адамзат тарихындағы ең ұлы адамдардың бірі. Онымен қалай мақтансақ та артық болмайды. Сондықтан менің ұсынысым: осы мерейтой қарсаңында әл-Фарабидің ескерткішін осы елордада орнатуға болады. Шетелден келген азаматтар ескерткішке қарап, оны бірден танитын еді.
Қоғамдық санаға қозғау салған отырыс
Талғат ҚАЛИЕВ,
саясаттанушы:
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында түрлі пікір айтылып, орынды ұсыныстар жасалды. Ойды ой қозғайды ғой. Сондықтан комиссия мүшелерінің әр айтқан пікірі бағалы. Ең бастысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнын, арқалаған жүгі мен қозғау салар күшін зиялы қауым өкілдері де, бұқара халық та түсініп отыр. Бағдарламаны барынша тиімді жүзеге асыруға байланысты тың идеялар мен орамды ойлар ортаға салынды.
Ашығын айту керек, еліміздің түрлі аймақтарында бағдарламаны іске асырудың жөні осы екен деп, қатардағы шаралар да жоба ретінде қабылданып, ұйымдастырылып жатыр. Мұны бұрыс деп емес, түсінбеушілік салдары деп айтқан орынды іспетті. Бүгінгі таңда осы жоба мәселесіне қатысты да сан қилы өзгерістер енгізіліп, түрлі индикаторлар қосылуда.
Бағдарламаның түпкі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғырту болған соң әлі де қыруар жұмыс атқарылатыны белгілі. Қалыптасқан заманауи қоғамға айналу үшін бұл жолды да жүріп өту керекпіз. Сондықтан бұл міндетті бір ғана биліктің, не болмаса зиялы қауым өкілдерінің ғана иығына артылған жүк деп ұғынбауымыз керек. Қазақстандық әр азамат өз саласы бойынша осы бағытта жұмыс істеп, ой елегінен өткізуі тиіс. «Қайтсем дамимын, бәсекеге қабілетті боламын?» деген ұстаным қажет бізге.
Прагматизм жауапкершілікті күшейтеді
Әли БЕКТАЕВ,
«Ауыл» ХДП төрағасы, Парламент Сенатының депутаты:
– Бірегей бағдарлама рухымызды көтеріп, бірлігімізді бекіте түсті. «Туған жер» бастамасы атқамінер азаматтардың, табысты кәсіпкерлердің кіндік қаны тамған ауыл-аймағына назарын аудартып, елді мекендердің көркеюіне септесті. Жалпы, үш жылдың көлемінде 61 млрд теңге көлемінде нысандар салынған екен.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бергені де, берері де көп екені күмән туғызбайды. Бірақ іс-шаралардың көпшілігі мемлекеттік органдардың тарапынан атқарылып жатыр. Алдағы уақытта бағдарламаның бұдан да кең қанатын жаюы үшін жаппай халық болып атсалыссақ, құба-құп болар еді. Сонда ғана біз рухани жаңғырудың биігіне шыға аламыз, бағдарламаның пәрменді шараларын атқаруға қол жеткіземіз. Бұл әрбір азаматтың санасының өзгеруіне байланысты. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында атап өткен прагматизмге ерекше мән беру керек деп ойлаймын. Прагматизм ұлттық құндылықтарымыз бен байлығымызға өте үлкен жауапкершілікпен қарауды білдіреді. Егер азаматтарымыз өзінің отбасына, тіршілігіне, дүниесіне жауапкершілікпен қарай алмаса, онда олар мемлекеттің де байлығына жауапкершілікпен қарай алмайды. Сондықтан отбасылық құндылықтарды сақтау ізгілікті қоғам құруға бастайды. Қазір әрбір адам тапқан табысын, жеткен жетістігін міндет қылмай, өзінің отбасына, балаларының тәрбиесіне, мемлекет пен тәуелсіздігіміздің құндылықтарын арттыруға қызмет етуі қажет.