– Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын «Жас алаш» газеті консерваторияның бір студентінің алғашқы кітабы шыққаны жөнінде жазды. Оңы мен солын айыра қоймаған студент түгілі кәнігі қаламгердің жинағы әзер жарық көретін заманда бұл үлкен жаңалық болған еді. Сол бала қазір жігіт ағасына айналып, міне, менің алдымда отыр. Бүгінгі көзбен қарағанда «Мырзастағы жыр мектебі» деп аталатын сол тырнақалды туындыңызға қандай баға берер едіңіз?
– Адам ақжелең шағында түрлі «жетектің» ізінде болады. Қызық жайт, кейін әлгі нәрсе бейсаналы түрде сенің тағдырың болып шыға келеді екен. Бұл күнде аса көп бетін ашқым келмейтін, деректерін сүзіп алып қайта жазуды ойлап жүретін, бірақ соған мойыным жар бермей келе жатқан тырнақалды туындым «Мырзастағы жыр мектебі» деп аталатын өлкелік фольклортану мәселесіне арналған танымдық кітапша. Ол кезде он жетідемін, көңіл көкте дегендей. Демімізге піскен таба наннан кейін бір шөкім күйелеш күлшеге айналды ғой. Десе де мені үлкен ғылымға алып келген кішкентай дүние сол. Бірақ оған қалай және не деп баға беруге болады? Менің ұғымымда ол да бір шақалақ сияқты нәрсе. Тек іштен шыққан «шұбар жылан» болған соң қимайсың.
– Сыр бойында жыршыларды «жырау» деп атау үрдісі қалыптасқан. Оларды көбіне сахнаға да солай шақырады. Бірақ белгілі өнер саңлағы болсаңыз да өзіңізді жырау деп таныстыра бермейсіз. Мұның себебі неде?
– Оның себебі өте көп. Кезінде баспасөз бетінде де талай айтқанмын. Бұл түйткілдің түйінді тұсын тағы бір түртіп өтуге болады. Біріншіден, жырау сөзі келмеске кетіп бара жатқан анахронизм болғандықтан оны орынсыз қолдану да әбестік. Екіншіден, қазіргі сахнагерлерге лайық термеші, жыршы деген тәуір терминдер бар. Бірақ бұл сөз тақиямызға тарлау болып тұрған соң амал қанша. Үшіншіден, әлемдік фольклористикада салалы жырларды шығармашылықпен жырлайтын эпик жыршы деген атау қалыптасқан. Негізі мұның бәрі айтушының репертуарлық ерекшелігінен шығады. Бірақ қазіргі нөпірдің ғылым несін алған. Сөздің жауапкершілігін түсінгендіктен саналы түрде әлгі титулдан қашатыным сол. Бастысы, жыршы жыраудан әлдеқайда бұрын пайда болған ескі тип екенін ескеру шарт.
– Жарайды, жырау болмасаңыз, болмай-ақ қойыңыз... Ал екі ауыз өлең құрай алатын өнеріңіз бар шығар?
– Мектеп бітірген жылы Алматыға бір қап өлең арқалап келгенбіз. Сөйтсем бұл бақшада Маралтай дейтін дүлей жүр екен. Қазір біз тек оқырман қатарындамыз. Алайда ет пен терінің арасындағы «желік» бойыңнан оңай шығып кетпейді екен. Кейде кәлланы түсініксіз бірдеңелер қысқанда қаламды бір шиырып алатынымыз бар. Әсіресе достық әзілге құрылған бірқақпайларға қамшы салдырмаймыз. Дегенмен ақындық пен композиторлық өнерді кәсіп етпедік. Қазақстандағы жүзден аса этникалық топтың музыкалық мұрасы жайында ғылыми еңбек жазған һәм соны бүге-шігесіне дейін білетін маман ретінде үйтіп-бүйтіп композитор атанып алуға да болатын еді. Бірақ оған арым жібермеді. Әйтпесе «Ескендір ең соңғы рет жиып есін: – Деді – анам, неге сонша күйінесің. Бақиға белді бекем будым білем, Шарам жоқ иманымды үйіресің» деп басталатын хикая бізге тиесілі.
– Бесіктен беліңіз шықпай жатып добалдай магнитофон арқалап, ел аралапсыз. Қатарластарыңыз доп қуалап жүргенде шал-шауқандармен сөйлесіп, мұра жинапсыз. Жап-жас болып алып алдыңызға осындай үлкен мақсат қоюға баулыған кім еді өзі?
– Арнайы баулыған адам болғанда бұл кезде заманнан қара үзіп кетер ме едік, кім білсін. Соған қарағанда туған топырақтан жабысқан бірдеңе болар. Біздің жақты білесіз ғой, адамы да, табиғаты да қатқылдау. Сол ат аунап, түк қалған жерден жұққан икем бізге он екі-он үш жасымыздан бастап бейсаналы түрде мұра жинатты. Жиған-тергенімізді кейін әлем фольклористикасы қисындарымен салыстырып қарасақ, онша көп жаңылыса қоймаппыз. Демек ішкі дүниеде бір белгісіз түйсіктің болғаны ғой. Бәлкім сөз басында айтқан «жетек» сол шығар. Ақын Темірхан Медетбек ағамыздың «Әуелде шал болып туған мен білетін екі адам бар. Оның бірі Әбіш Кекілбаев, екіншісі біздің Берік» дейтін сөзі бар еді. Сол рас-ау деймін. Мен жазғаныңда балалық дәуір деген болып жарымады. Соған қарағанда Жаратушы дүние дидарына келгенде маған осы міндетті бірыңғай жүктеген болу керек. Әйтпесе не жыным бар, бесіктен белім шықпай жатып ел кезіп фольклор жиғанша, жұрт қатарлы ақша жинап, мал жиып тып-тыныш жатпадым ба деп те қоямын кейде.
– Бойыңызда бірнеше өнердің басы тоғысқанын білеміз. Жыршылық пен зерттеушілікті былай қойғанда өмір бойы тірнектеп мұра жинап келесіз. Оған қоса жазу өнері... Бұл қасиеттер бастауын қайдан алады өзі? Тегіңізде бар нәрсе ме?
– Әкем Мырзалы ескі сөзге бейім көнеқұлақтың бірі еді. Атам Жүсіп қазаны оттан түспеген сахи әрі би болыпты. Әкесі Жақып пірге қол тапсырған софы, оның туған ағасы Төлеген шайыр, ал олардың әкесі Өтеулі бабам мыңғырған бай болыпты. «Сартай» дастанын жазған Нұрмағамбет Қосжановпен сегіз-тоғыз атадан қосылып, Дүйсем шалдың үш тармақ ұрпағы болып бөлінеміз. Ал Дүйсем ауылына сөз киесі қонған, оны біздің елдің есі кірген баласына дейін біледі. Шешем Ұлмекен жағынан құлдилатсақ өз нағашым кішкененің Ашабай жолшарасынан шыққан «Сегіз қасқа». Ініңіздің қандай қасиет құрсауында тұрғанын осыдан-ақ шамалаған шығарсыз. Біздің елде осы аядағыларды «әрі жырау һәм бақсы» деп дәріптейді.
– Өз басым сізді алғаш көрген кезде, неге екенін білмеймін, атақты «Қан мен тердегі» Кәленді көзіме елестеттім. Сол топырақтың перзентісіз. Әйтеуір маған екі тізесі ат құлағын қағатын кәдімгі дәу Кәленге бір қатысыңыз бар сияқты көрінесіз де тұрасыз...
– Түптамырға дәл түсіп тұрсыз. Әбдіжәміл Нұрпейісов деген Еңбек Ерін білесіз. Бабамыз Жақып софы Өтеулі баласының алғаны Оңаймолдақызы Зейнеп әжеміз бен Жүсіп атамның кемпірі Злиха Смайылқызы Әбенің апалары. Әйтпесе бізді кімге тартып қалам ұстап жүр дейсіз. Әбенің арғы аталары «ақсақ бөрі» атанған Тойқожа батырдың Қалдан деген баласынан Арғынбай мен Айдынбай, берісі Қыдыр көрген Сламбай, өз тегі болыс Нұрпейіс шетінен шынжыр балақ, шұбар төс, өңшең сен тұр, мен атайын дейтіндей мықтылар. Нұртуған шайырдың Бәйімбеттің бөрілерін ұлықтап «...Сламбайдан Нұрпейістей бала туып, шайқады дәулетімен жер мен көкті» дейтін сөзі бар емес пе. Сол Зейнеп әжемнің әкесі Оңай молданың Мұратынан туған Көптілеу батыртап, барымташы кісі екен. «Қан мен тер» трилогиясындағы «Қален» деп жүргеніңіз сол, менің түп нағашым. Былайғы жұрт сенсе де, сенбесе де әңгіменің анығы осы.
– Халықтың қаны мен жанынан жаралған дәстүрлі өнер неге жетімсірей береді осы? Эстрада неге оның алдында еркін ойнақ салады? Жалпы, бұл қасірет қашанға дейін созылады?
– Дәстүрлі өнердің дәурені өтіңкіреп тұр десем, былайғы жұрт күстаналауы мүмкін. Алайда ақиқаттың бетіне тура қарау керек. Сіз бен біз куә болып отырған ХХI ғасырда кез келген өлімші халдегі ағзаны реанимациялық тәсіл арқылы қайта тірілтіп алуға болатынын білесіз. Шынымен де халықтың «қаны мен жаны» деп есептейтін болса, билік басындағыларға дәстүрді қайта тірілту деген дым емес. Ол әрі ұзағанда белгілі бір дәстүрді тұтынып отырған өнер иесін қолдау. Ал эстрада жайында айтып ауыз ауыртудың қажеті шамалы, ол да өнер. Бірақ халық есін жиып, айналасына қарай бастаған кезде бармақ тістеп қалуы бек мүмкін. Сондықтан да бұл үдеріс халық қалағанша созыла береді, құқайдың көкесі әлі алда шығар деп қорқамын.
– Ана бір жылдары Сыр елінің мәдениет саласына жетекшілік жасадыңыз. Басшы Беріктің жыршы Беріктен қандай айырмасы болды? Туған топырағыңызда қандай із қалдыра алдыңыз?
– Ақыры барған соң туған топырақта қалу керек еді, оның ретін таптырмады. Біздің әуелде Алматыға келгендегі негізгі миссиямыз, яғни ғалым-сахнагер болу деген мақсатымыз осы кезде өз үдесіне жетіп жығылып тұр. Ендігі жерде аттың басын бұруды ойлап жүрген жайым бар. Шынымды айтсам, далада туған ұлдың қалада өлгісі келмейді. Ер туған жеріне, біздің жиған-терген тәжірибеміз ендігі жерде Сырдың күрең топырағына қажет деп ойлаймын. Ал басшы Берік пен жыршы Беріктің арасында ешқандай да айырма жоқ, болмайды да. Мен табиғатымды өзгертуге құштар жан емеспін, кім болса да мені бөлшектемей тұтас қабылдасын. Біз күнбағыс емеспіз ғой түске дейін бір жаққа, түстен кейін мүлдем басқа бағытқа қарап, меңірейіп тұра беретін. Сыр бойында менің ізім сайрап жатыр. Оны ықыласты адам руханияттың қай саласынан да көре алады, егер көзі болса. Өкініштісі, қазір Сыр бойында да әдеби-мәдени орта сетіней бастаған, қиыны осы.
– Елден естиміз... Сіздің шаңырағыңызда болмаған әнші, жыршы, күйші жоқ көрінеді ғой. Талай тума таланттар мен сирек дарындар әулетіңізді ән-жырға бөлепті. Соның ішінде ерекше есте қалғаны қайсысы?
– Гүлфайруздың оттан түспейтін қара қазанының арқасында талай саңлақты төрімізге шығарғанымыз рас. Әсіресе алыс-жақын шет елдерден келетін сахнагердің бірталайы алатаңды біздің үйден атырды десем, артық айтқаным емес. Мұндай жиындардың адамға берері көп қой. Өнер осындай барыс-келістің арқасында өседі. Бір жылы Қырғызстаннан қайтып келе жатып бір топ бақшысы мен жақсысы аралас топ менің Мамыр ықшам ауданындағы қуықтай пәтеріме сау ете түсті. Ортамызда өзбектің Шахберді деген дүлейі бар. Осы ереннің жаттағаны мен табан астында суырып салып айтатын жырының арасында мін жоқ екен. Мұндайды қазақта Мырзағали Ақжолов пен Жақсылық Елеусінов деген қасқалардан көріп едім. Айтатыны жоқ, Шахаң таң бозарғанша ойқастады. Бір жылы қобызға қосылып жырлайтын қарақалпақ Жақсылық Сырымбетов келді. Бұл жолы оттың басында Әсия Мұхаметова бастаған музыкатанушылар тобы көбірек болды. Ой, жарықтығым-ай, қайдағы мен жайдағыны қозғап, қияғын олай да, былай да сермеп күңіренді-ау келіп. Несін айтасыз, ондай сәттерді тек көзбен көру керек. Есі бүтін адамға бұған жететін кәйіп жоқ. Менің қолымдағы екі мың сағатқа жуық аудио-видео жазбаны жинау кезіндегі өз құлағыммен естіп, көрген қыңыр шалдардың уақиғаларын айта бастасаң, онда бұл әңгіменің шетіне шыға алмаймыз. Сол үшін сөзді осы жерден сарқа тұрайық.
– Сізге киноға түсу жөнінде ұсыныс айтқандар болды ма? Ал егер айта қалса, түсер ме едіңіз? Түр-тұлғаңыз тарихи фильмге сұранып тұрған сияқты ғой...
– Осы әңгіме жиі көтеріледі, бірақ соған өзім онша құлықты емеспін. Бір апамыз кино туындысына шақырып еді, ұсынған бейнесі айналама ұнамады. Тек Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы» фильмінен бас тарта алмадым. Бұл туындыда Бекең – Бекболат екеуміз сөз қайымдасатын эпизод бар. Рүстем өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын маман ғой, шағын ғана көріністі бір күн түсіргенін көріп, кәдімгідей жүрегім шайлығып қалды. Соған қарағанда бұл да менің қолым емес-ау. Оның үстіне астыма мінген түйесі құрымағыр қайта-қайта шөгіп, әбден әбігерге түсірді. Жұрттың бәрі қыран-топан, «Беке, сені түйе көтере алмай жатыр» деп. Сөйтсем, жануарым цирктің түлігі екен. Бір жағым құз, келесі бет қалың әскер, қолда домбыра, үстімде сауыт. Анау барпылдап, әр шөккен сайын құздан құлап кететіндей зәрем зәр түбіне кетумен болды...
– Егер сіздің жыршылық мектебіңіз қалыптасса, оның қандай өзіндік ерекшелігі болар еді? Жалпы, мұның алғышарттары бар ма?
– Жеке орындаушылық қолтаңбам әлдеқашан қалыптасып болды деп ойлаймын. Бала күнімде талайға еліктедім, сөйттім де есімді ерте жиып, өз сүрлеуімді іздей бастадым. Жиырма жастың төңірегінде іздегенімді таптым. Бүгінгі күн биігінде тұрып айтсам, өзімді бейнеттің тертесіне жеккеніме отыз жыл. Бірақ менің машығымды көзсіз көшірген шәкіртті тәрбиелеуден бас тартар едім. Өйткені біреудің шайнап бергені ас болмайды, болса да ұлтқа нәр бермейді. Ес білмейтін емшектегі сәби болса бір сәрі, әлгіндей нәрселерді жұтудың өзі жиіркенішті ғой. Ұлттық өнердің тамырына балта сілтеп келе жатқан тажалдың бір тамыры осында. Мен көргім келетін шәкірт полифункционалды болуы шарт. Өзім мақам атаулыны күбі піскендей жанын алып, киіздей қайта қарпып отырмасам, көңілім жай таппайтын адаммын. Сол үшін де калька шәкіртті жаным қаламайды. Арзан көшірмеден гөрі соның мүлдем болмағанының өзі игі. Сіз байқайсыз ба, қазір қазақ сахнасы бірінен екіншісі айнымайтын инкубатор орындаушыға толып кетті. Ізіме өзіндік қолтаңбасы бар бір ойлы шәкірт ерсе қанағат, ермесе оған да еш өкпем жоқ.
– Сіздің өнердегі ұстаздарыңыз кімдер? Шәкірттеріңіз ше? Оны айтып отырғаным, ұстазсыз-ақ биікке ұмтылатындар, шәкіртсіз-ақ жалпақ жұртқа өнеге көрсететін өнер тарландары да баршылық...
– Біз тәлімін түйіп, батасын алған қара шалдардың тек атын атап шығу үшін кісіге бір арба жан керек. Есесіне, шәкірт жағынан ұяттылаумын. Мысалы, менің шәкіртім дирижер Мүсілім Әмзе, домбырашы Бақытжан Дүйсенғазы, әнші Гүлмарс Аманбаева деп эпикалық жыршылыққа қатысы шамалы өнерпаздардың атын шұбырта бастасам, былайғы жұрт түсінбей қалуы мүмкін. Бірақ шындығы сол, бұлар мені ұстаз тұтады. Әр жерде осындай қыз-жігіттер бар, дені менің алдымнан тәлім алмаған тәліптер. Мен кез келген мамандық пәнінің мұғалімін ұстаз деуге қарсымын. Шын ұстаз бен адал шәкірт өмір бойы бірін-бірі көрмей, танымай өтуі де мүмкін. Есесіне «бір төмен, екі жоғары» деп ежіктеп отырған мұғалім ұлық ұстаз болып есептелмейді. Ол тек жалақы алып, жалданып отырған адам. Мен үшін өте шартты нәрсенің бірі осы. Ал бұрынғы далалық дәстүрде ұстазы мықтының ұстанымы да мықты болыпты. Бұл өзі асықпай, бір өзін жеке толғайтын шекесі торсықтай тақырып. Мен айтып отырған екіжақты байланысты қайта жаңғырту үшін көп нәрсені өзгертуге тура келеді. Бірақ оған қазіргі «ұстаз» бен «шәкірт» атанып жүргендер һәм қоғамдық сана дайын ба?
– Домбыраңызды қалай баптайсыз? Қай шебердің домбырасын тартып жүрсіз?
– Домбыра мен дауыс баптау дегенді түсіне бермейтін қазақпын. Оным дұрыс па, әлде бұрыс па, әзірге ол жағына бас қатырып көргенім жоқ. Бір кезде домбыра дүкенде сатылатын. Сондай қарапайым аспаптың бірін алып, тұтынып, сонымен-ақ талай жерді шарладық. Еңбек пәнінен сабақ беретін Әбілхайыр деген мұғалім қақпағын аппақ майлы бояумен сырлап, бетін үңірейтіп ойып берген әлгі домбыраның суреті сақталыпты, кейін соның қайда қалғанын да білмеймін. Студент кезімде тұтынған Жақсылық деген шеберден алған тәуір домбырам бар еді, соны бір зытқыр інім қалап алып, ақыры зым-зия қылды. Содан кейін көп жыл домбырасыз жүрдім. Жолаушыға жасатқан бір жақсы аспапты аюдай қорбаңдап жүріп, абайсызда марқұм Жарқын Шәкәрім сындырып тастады. Пойыздың үстінде келе жатыр едік, мен бір аялдамада тыныс алуға жерге түскенмін, Жүрсін Ерман жаназасын оқып қойған екен, мен купеге кіріп келгенде «...домбыраңнан айрылдың, бекем бол!» деп көңіл айтты. Иілген басты шабасың ба, қиналсақ та тәуір домбыраның бірімен солай қоштастық. Қазір қолымда жүргені Қарақалпақстанның жидесінен шабылғанына жүз жылдан асқан, Жақас қожадан қалған қозықұйрық домбыра. Бұл қасқаның дыбыс бояуына тең келетін аспапты әлі кезіктіре алмадым. Өкінішке қарай мінезі қыңыр, ол да адам сияқты, кейде қитығып қалады. Ердос деген інім жасаған және бір домбырам бар. Күйім тасығанда сол екеуін кезек қағамын.
– Өз репертуарыңызды саралап, жиған қазынаңызды түгендеп көрдіңіз бе? Онда Сыр елінің мұрасынан басқа жәдігерліктер де жеткілікті шығар?
– Негізі қандай өнерпаздың да өнердегі негізгі барометрі репертуары болуы тиіс. Әнші айтатын әнін, актер сомдаған образын, суретші салған картинасын, жыршы білетін жырын, күйші тартатын күйінің есебін білсін. Өйткені өнерпаздық деңгей тек репертуармен өлшенеді. Он алты жасымда бір күн, бір түн жырлайтын репертуарым бар еді. Қазір тыңдайтын сауатты құлақ пен орта жоқ, несін жасырайын, соның салдарынан сөз қоры шөжіп бара жатыр. Оған қоса көп уақытымды жазу жұмыстары жұтып жатыр. Мен қолдан келгенше барлық өлкелік ерекшеліктерді қамтитын әндерді репертуарлық қорыма кіргізіп, айтып жүрген орындаушының қатарындамын. Марқұм Жәкең – Жәнібек Кәрменов ұстазымнан Арқаның біршама әнін игерсем де әзірге тек сол өңірді айтпай жүр екенмін. Репертуарды меңгеріп алған соң жарыққа шығару үшін де тоқсан толғанып жүріп алатын жаман әдетім бар. Әзірге Алла сол өңірдің ғана сәтін келтірмей тұр.
– Қолыңызда ұшан-теңіз билік болса, өз салаңызға қандай жаңалық әкелер едіңіз?
– Осыған дейін мен араласқан қай сала болсын жаңалықтан құралақан болған жоқ. Әли арыстан сияқты «тұтқасын көрсетсе дүниені орнынан бір айналдырып қояр едім» деп астамдық жасай алмаймын. Олай етуге ерекше дүм керек. Жалпы біз биографиясы сәйкес келсе де, географиясы сәйкес келмей жүрген қасқамыз. Жаңалық атаулыны абайлап жасамаса да болмайды, оның ақыры басыңа таяқ болып тиеді. Өйткені мына біздің қоғамда мүлгіп отырған, жаңалыққа жаны қас үлкен кісілер көп. Ондайдың небір құқайын көріп келе жатырмыз ғой. Сол үшін, жаңағы сіз айтып отырған нәрсе қолға тиген жағдайда жұрт қатарлы жаңалықсыз-ақ жүре берген жақсы сияқты, кейде. Есесіне құлағың тыныш, ұйқың бір қалыпты, өзің де өзгеден дараланбайсың һәм өмірді де сәл ұзақтау сүруің мүмкін.
– Балаларыңыздың ішінде жолыңызды қуғаны бар ма?
– Жол ұстағысы келгендері болды, әрине. Бірақ менің халтураның қас жауы екенімді олар да жақсы біледі. Сол үшін ептеп аяқ тартқан шығар. Қазір ерік берсең болды, екінің бірі желігіп, сахнада ойнақ сала беретін әуейілердің заманы. Бұл тарапта мен онша демократ емеспін. Алайда болашақ жары мен мамандық таңдауда оларға еркіндік берілген. Адам баласы ішкі түйсікпен, суық ақылмен, елде жоқ байыппен кіріспесе мұның екеуі де күрделі мәселе. Әйтпесе баланың үлкені домбыра, ортаншысы гитара, кішісі фортепианода әжептәуір ойнайды. Арпа ішіндегі «бір бидайым», жалғыз түйір қызым көзін тырнап ашқаннан сурет салды, бірақ онысын кейін азайтты. Қазір математикамен бас қатырып жүр. Бір кезде Сәбит Мұқанов шығармаларынан оқығаным бар еді, Абайға дейінгі қазақтың байлары мен атақтылары «руымыздан ақын, бақсы шыққан жоқ» деп мақтанып отырады екен ғой. Бұл өнер дегеннің көп сырыңды шашып айта беруге болмайтын осындай да имплицид қасиеттері бар. Шынымды айтсам, қазір мен де Сәбең ақасақалдың сөзінің жақтасымын. Ұрпағымның жолымды қумағанына бір мысқалдай да өкінбеймін. Есесіне сіз олармен кез келген тақырыпқа сөйлесіп көрсеңіз, тояттап қайтасыз. Үйрену һәм жирену осыдан артық болады деп есептемеймін. Жалпы музыка әркімнің бойында бір қасиет есебінде жүруі тиіс. Мұны арнайы мамандыққа айналдырамыз деп қой қазір көп нәрсені былықтырып алып жүргеніміз.
– Бүкіл болмысыңызды бір- ауыз қанатты сөзбен түйіндей аласыз ба?
– Менің айтқан әнімді құрметтейтін Есағаң – Есенғали Раушанов ағамыздың «Бір басында екі адамның өнері, бойында бес еркектің буы бар деп біздің Берікті айтуға болады» дегені бар еді. Түйіннің көкесі осы дуалы ауыздың лебізі шығар.
Әңгімелескен
Талғат БАТЫРХАН,
«Egemen Qazaqstan»