Бүгінде Алматы облысында 3 ауысымда оқытатын мектептер мәселесі өткір тұр. Қазір 38 білім шаңырағына оқушы сыймай отыр. Әзірге 6 мектептің құрылысы басталған. Қалған 32 ғимараттың қашан салынып бітерін нақты айту қиын. Бірақ осы үш ауысымды мектептерді жоюға жаппай жұмылу ауылдық өңірдегі білім ошақтарының апатты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын да ұмыттырып жіберген сыңайлы.
Мысалға, Сарқан ауданының Екіаша ауылындағы орта мектептің жағдайы сын көтермейді. Бұл туралы жақында Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Ләззат Сүлеймен мәлімдеді. Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың атына депутаттық сауал жолдаған сенатор «Екіаша орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты 1969 жылы қолданысқа берілгенін айтып, әлі күнге дейін жөндеу көрмегеніне тоқталды.
– Біздің елімізде 50 жыл бойына ешқандай күрделі жөндеу жасалмаған мектеп ғимараттары бар. Өкінішке қарай, соның бірін сайлаушылармен кездесу кезінде көзімізбен көрдік. Екіаша ауылындағы мектеп 1969 жылы салынған. Қазір мұнда 433 оқушы негізгі білім алса, 34 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Мектептің өзі 960 оқушыға арналған екен. Осы уақыт ішінде, яғни, жарты ғасырда мектепке бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Оның үстіне, мектеп таулы аймақта орналасқан. Көне ғимарат орналасқан ауыл сейсмикалық қауіпті аймаққа кіреді. Ата-аналар кез келген табиғи апат жағдайында бала өміріне қатер төнетініне алаңдаулы. Мектептің жағдайын 2018 жылы комиссия тексерген. Сараптама қорытындысын жасаған. Күрделі жөндеу жүргізу туралы сметалық құжат та дайындалыпты. Бірақ жергілікті әкімдік бұл құжатты тоқтатып қойған. Жақын арада мемлекеттік сараптаманың уақыты бітеді, демек Екіаша ауылындағы мектепті жөндеу жұмысы да қайтып көтерілмеуі мүмкін, – дейді Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.
Жалпы, облыста мектеп салу ісі тоқтаусыз жүріп жатыр. Былтыр білім саласы бойынша басталған 23 нысан құрылысының он жетісі мектеп ғимараты екен. Назардағы нысанның үшеуі пайдалануға берілген. Қалған мектеп ғимаратының құрылысы биыл толық аяқталуы тиіс, іске қосылатын нысанның саны – 20. Осы мақсатқа 7,9 млрд теңге жұмсалып отыр.
– Үш ауысымды мектептердің санын азайту біздің басты міндетімізге айналды. Биыл жобаға енгізілетін мектеп құрылысының санын көбейтеміз. Жеке инвестиция есебінен де мектеп салуды ынталандырамыз. Қазір 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауын аяқтап, пайдалануға береміз. Өкінішке қарай, 3 ауысымды мектеп санын биыл отыз сегізден отыз екіге дейін ғана төмендете аламыз, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Іргетасы құйылатын білім ошақтарының бірі Талдықорған қаласының 8-шағын ауданында орналаспақ. Ғимарат 1200 орынға лайықталып жобаланыпты. Ал қала маңындағы Коттедж қалашығына 900 оқушы білім алатын мектеп салынбақшы. Бірақ 2 мектеп те алдағы жаңа оқу жылы басталғанша салынып үлгермейді екен. Өйткені құрылысқа жауапты Талдықорған қаласының әкімдігі әлі жобалау жұмыстарын да жүргізбеген.
Алматы облысы