Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды.
Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды.
Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін.
Қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды.
Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым.
Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді.
Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды.
Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады.
Сондай-ақ жағдайды тұрақтандырумен айналысады.
Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.
Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім.
Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді.
Мемлекеттік органдарға осы ауыр кикілжіңнің салдарын жою бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет.
Осыған байланысты мыналарды тапсырамын:
Бірінші, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың төрағалығымен Қордай ауданындағы оқиғалардың салдарын жою бойынша Үкіметтік комиссия құру.
Алдымен жанжалдың негізгі себептерін анықтау керек.
Әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді жедел шешуді қамтамасыз ету қажет.
Үкіметтік комиссия Жамбыл облысының әкімімен бірлесіп қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыруы, шығынның көлемін анықтап, зардап шеккендердің меншігін қалпына келтіру жоспарын қабылдауы тиіс.
Барлық қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасына қажетті көмек көрсету керек.
Қазір тұрғындарды тыныштандыру маңызды. Бұл жұмысқа беделді адамдар, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы тартылсын.
Екінші. Бас прокурорға Қордай ауданындағы оқиғаларды тексеруді ерекше бақылауға алу және бұл үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобын құру қажет.
Кінәлілер қатаң жазалануы тиіс.
Үшінші. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура қажетті тергеу іс-шараларын жүргізіп, ұлтаралық араздыққа шақырғандарды, арандатушылық қауесеттер мен жалған ақпараттар таратқандарды жауапкершілікке тартулары тиіс.
Қадірлі отандастар!
Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі.
Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған.
Сондықтан біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз.
Бұл еліміздегі барша азаматқа ортақ тілек деп санаймын.
Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын.
Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараны қабылдайды.