Екінші дүниежүзілік соғыста аға ұрпақ өз анттарына адал болып, сол тұстағы ортақ отанымызды қорғау үшін ерлік көрсеткені анық. Біз бүгін осындай бір ерекше жайтқа тоқталмақпыз. Ол майдан даласынан мыңдаған шақырым алыста жатқан шырайлы мекен – Шымкент қаласының соғыс жағдайындағы тіршілігі болмақ.
Иә, Шымкент майдан даласынан мыңдаған шақырым қашықтықта жатса да мамыражай мекен әп-сәтте соғыс жағдайындағы қалаға айналды. Одан бөлек жау басып алған аймақтан түрлі зауыттар мен фабрикалар көшіріліп, олардың жұмысшылары және тұрғындары Шымкентке қоныс аударды. Солардың ішінде Украинаның Харьков облысында орналасқан әйгілі Чугуев атындағы ұшқыштар мектебі де Қорғаныс комитетінің 1941 жылғы 16 қыркүйектегі бұйрығы бойынша Шымкентке көшірілді. Мақсат, әрине белгілі. Өйткені майданға ұшқыштар даярлау керек. Шұғыл бұйрық алған әскери ұшқыштар Харьков-Балашов-Красный Кут-Орал-Ақтөбе бағыты бойынша Шығысқа қарай жөңкіле бастайды. Ал Ақтөбеден алғашқы жеті ұшақтан тұратын топты Шымкентке мектеп бастығы, комбриг И.Е.Богословтың өзі бастап ұшып келеді. Ал бірнеше составқа артылған жүкпен бірге ұшқыштар мен олардың отбасы мүшелері бар жалпы саны екі жарым мыңнан астам адам 28 күн дегенде Шымкентке жетеді. Жергілікті билік ұшқыштар мен курсанттарға арнап қаладағы Луначарский мен Долорес және Чернышевский көшелерінен арнайы ғимараттар босатып, орналастырады. Ал көшіп келген мектеп базасы Шымкент қаласы бойынша 150 шақырымдық радиуста орналасып, кездескен қиындықтарға қарамай оқу-жаттығу сабақтарын бастап кетеді.
Уақыт қазан айы болса да Оңтүстіктің ыстығы қайтпаған мезгіл. Мұнда жеткізілген 300 ұшаққа да, ұшқыштарға да ең ауыр тигені ауа райы болды. Өйткені күн тым ыстық. Оның үстіне арнайы ұшып-қонатын жолақ та жоқ. Бәрі шаң-топырақ. Міне, мұның бәрі ұшақ моторларының жиі істен шығуына әкеледі. Әйтсе де ұшқыштар мен техниктер бәрін еңсеріп, қысқа мерзім ішінде, яғни жыл соңына дейін Шымкент аспанында 680 әскери ұшқыш даярлап, майданға аттандырады. Ал инструкторлар мен курсанттар күнделікті ұшу-жаттығу жұмыстарынан бөлек жергілікті колхозшыларға да жәрдемдесіп, өздері де қысқы маусымға қамданады. Міне, Чугуев ұшқыштар мектебінің тарихи әрі даңқты жолы Шымкентте осылай басталады.
Тағы бір айта кетер ерекше жайт, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында аты аңызға айналып, үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған әйгілі ұшқыш Иван Никитович Кожедуб Шымкентке ең алғаш келген нұсқаушылардың бірі болды. Осындай білікті мамандардың арқасында мұнда даярланып жатқан ұшқыштардың біліктілігі күн сайын артып, олар жаңадан шыққан ЛаГГ-3, Як-7, Як-7В және Ла-5 сынды әскери ұшақтарды да игере бастайды. Игергенде онымен соғысып, ұрыс жүргізудің әдіс-тәсілдерін де меңгереді. Істен шыққан ұшақ моторларын да өздері жөндеп, әзірге еш жерде қолданбаған тәжірибені жүзеге асырады. Арада біршама уақыт өткенде жаттығулар нәтижелі ұрыс жүргізуге аздық етіп, мектептің бірқатар ұшқыш-нұсқаушылары мен ұстаздары және техниктер тобы майданға жиі-жиі сапар шегеді. Олар майдан даласын өз көздерімен көріп, одан алған тәжірибелерін курсанттарға үйретеді. Шымкенттік ұшқыштардың қысқа мерзімде көрсеткен жанкешті еңбектері Үкімет тарапынан бағаланып, көптеген маман орден-медальдармен марапатталады. Осындай жанкешті жұмыстарының арқасында чугуевтік ұшқыштардың майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін Шымкенттегі гарнизонға 1944 жылдың 14 тамызы күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен арнайы Қызыл ту беріледі. Оны орталық алаңда Орталық Азия әскери округі командашысының орынбасары генерал-майор Горшков салтанатты жағдайда тапсырады. Сонымен қатар Қазан мерекесінің 27 жылдығына орай 150 адам мемлекеттік марапаттарға ие болады. Айта кетерлігі, жергілікті биліктегілер де ұшқыштарға қолдан келгенінше жәрдемдескен. Көптеген шаруашылық пен мекеме олардың базасын азық-түлікпен және басқа да материалдық жабдықтармен қамтамасыз етуге бар күшін салған. Шымкент қалалық Кеңесі қосымша ғимараттар бөлу мен шаруашылық ұстау үшін 83 гектар жер және 25 сиыр, 40 шошқа және 10 қой бөлу жөнінде шешім шығарады. Бұл өз кезегінде ұшқыштардың лайықты даярлықтан өтуіне үлкен септігін тигізгені анық.
Қаһарлы 1941 жылы қоныс аударған ұшқыштар мектебі 1945 жылдың мамырына дейін Шымкент жерінде тұрақтап, осы төрт жыл ішінде майданға 2515 әскери ұшқыш даярлаған. Ал жалпы, осы мектептің тарихына көз жіберсек, мектептен соғыс жылдарында 170-ке жуық Кеңес Одағының Батыры шыққан. Ал олардың 7-еуі бұл атаққа екі мәрте ие болса, Кожедуб оны үш рет иеленген. Сонымен қатар осы мектептің 30 ұшқышы ұрыста әуе таранын қолданса, ал 11-і әйгілі Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлігін қайталаған. Ендеше Шымкенттегі ұшқыштар мектебін аңызға бергісіз үлкен ерлік жолын құрайтын нағыз батырлар мектебі дегеніміз жөн болар!
Әрине, 170 батырдың бәрі де Шымкенттен шықты деуге болмас. Дегенмен, олардың басым бөлігі қазақ жерінің ауасын жұтып, суын ішіп, оның ішінде Шымкент аспанында қалықтаған қырандар екені шындық. Сондықтан, Тассай даласы мен Манкент маңында даярлық жасап, Шымкент аспанында шыңдалған ерлерді баулуға Қазақ елі де елеулі үлес қосты деп айтуға тұрарлық.
Ал даңқты ұшқыш Кожедубқа қайта оралсақ, Иван Никитович Шымкентте 1941 жылдың қыркүйегінен 1942 жылдың қараша айына дейін нұсқаушылық қызмет атқарады. Әрине, бұл тұста нұсқаушы-ұшқыш өзін майданға жіберуін сұрап, мектеп басшылығына бірнеше мәрте өтініш береді. Белгілі себептермен ол өтініші қанағаттандырылмайды. Алайда өжеттігі де, батылдығы да басым жас қыран бойындағы осы қасиетінің арқасында ақыры дегеніне жетіп, 1942 жылдың соңында майданға аттанады. Ал оның майдан даласында жасаған ерлігі баршаға мәлім.
Иван Кожедуб жалпы соғыс тарихында жаудың 64 ұшағын атып түсірген қаһарман. Міне, осындай ерлігі үшін ол үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атанып, авиация маршалы дәрежесіне жеткен. Айтқандай, даңқты ұшқыш 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында өзін қаһарман ретінде шыңдаған Шымкентіне сапарлап келеді. Ондағы мақсат, Шымкент аспанында қыран боп қалықтаған чугуевтік ұшқыштарға қойылған ескерткіштің салтанатты ашылуына қатысу болатын (Ол бұрын Ордабасы алаңының үстінде Шымкенттің символы болып тұратын ұшақ еді. Кейін Абай саябағына көшірілді. – М. А.). Ескерткіш ретінде И.Кожедубтың өзі ұшқан ұшақ маркалары қанша іздестірілсе де табылмай, амал жоқ, қаладағы авиабазада ұшу мерзімі біткен СУ-7 ұшағы тұғырға қойылады. Міне, бұл әйгілі чугуевтік ұшқыштарға көрсетілген зор құрмет-тұғын.
Батыр – бәрімізге ортақ. Әйгілі ұшқыш Иван Кожедуб 1991 жылы 71 жасында өмірден өтті. Бір ғажабы, ол атағы бүкіл әлемге жайылған даңқты ұшқыш болса да қазақ даласын, оның ішінде өзі ауасын жұтып, суын ішкен Шымкент пен Манкент даласын еш уақытта ұмытпай, оны өзінің көптеген естелігінде кеңінен әңгімелеп отырады. Тіпті, қазақтың салт-дәстүрі мен таным-түсінігінен де хабардар екендігін білдіретін әңгімелері де жеткілікті. Оған Иван Кожедубтың 1975 жылғы Шымкентке келген сапарында белгілі радиожурналист Юрий Шпилькинге берген сұхбатынан анық аңғаруға болатындай. Онда Юрий ағамыз:
«Менімен сұхбаттасып отырған батыр ағамыз:
– Сен өзі наурыз көже дегенді білесің бе? – деп кенеттен өзіме сауал тастады.
– Иә, наурыз көже деген жеті түрлі дақылдан жасалатын сусын, – дедім.
– Дұрыс, біледі екенсің... енді сол жеті дақылға «дуб»-ты (емен) қоссаң, нағыз «Коже дуб» болады деп бір күлдірді», – деп жазады.
Міне, даңқты батыр сол сапарында бірнеше кездесу өткізіп, Шымкент авиаторларымен кеңес құрады. Алайда уақыттың тығыздығынан көп бөгеле алмайды. Атқаратыны қоғамдық жұмыс болса да, халықаралық маңызы бар іс болған соң Мәскеуден шұғыл шақырту келіп, аттанып кетеді. Алайда, Иван Никитович батырлығына бастау болған Манкенті мен Шымкентін бір көріп аттанғаны анық.
Кейде біз майдан шебі қазақ даласынан әлдеқайда алыста болды деп ойлаймыз. Біле білген жанға нағыз майдан тылдан бастау алатынын ұмытпағанымыз жөн. Ол майдан – соғысқа аттанған бауырларымыз бен тылда қалған адамдардың ауыр еңбегі. Одан қалса Қаратаудың алыс қойнаулары – Ащысай, Мырғалымсай, Байжансай сынды кеніштерінде өндіріліп, Шымкентте оқ болып құйылған қорғасындар. Оңтүстікте өндірілген соғысқа қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер. Міне, мұндай еңбекті майдан демеске бола ма?! Ал Шымкент аспанында шыңдалып, жауға қырғидай тиген Кожедубтай ерлер даярлаған Манкенттегі ұшқыштар оқуы да нағыз майдан бастаулары болғаны анық. Биылғыдай Жеңістің 75 жылдық мерекесі тұсында халқымыздың жеңіске қосқан үлесін айтып, батырлар даңқын дәріптегенге не жетсін! Оның үстіне биыл Шымкент – ТМД мемлекеттерінің мәдени астанасы атанып отыр емес пе!
Украинаның Харьков облысында орналасқан әйгілі Чугуев атындағы ұшқыштар мектебінің Шымкентке көшірілгенінің өзіндік жалғасы бар. Кездейсоқтық па, заңдылық па, өзіңіз пайымдай беріңіз.
2015 жылдың 2 қыркүйегі күні Айдын Айымбетов ғарышқа үш рет сапар шеккен әйгілі ғарышкер-ұшқыш Александр Волковтың ұлы Сергей Волковпен бірге көкке көтерілді. Бұған дейін Ресей Батыры атанып үлгерген оғлан Сергейдің бұл екінші сапары болатын. Ал оның әкесі Александр Волков 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровпен бірге ғарышқа самғаған еді. Бүгінде Ресейде не көп, ғарышкер көп. Алайда ғарышқа қазақтармен қанаттасып бірге ұшу бақыты осы отбасы мүшелеріне бұйырып тұрғанын қараңыз! Сосын әрі ең маңыздысы Волковтардың туған жері де Украинаның Харьков облысындағы Чугуев қаласы. Ал Чугуев қаласының қазақ даласына, Шымкент қаласына қандай қатысы барын жоғарыда баяндадық. Осыдан кейін қалайша кездейсоқ деп айтарсың?!
Қалай болғанда да қазақ даласының қияларға құлаш ұрған қырандардың мекені екені, ал қыран тектес оғландарының өзі сынды ержүректі ерлермен қанаттаса жүретіндігі жоғарыдағы оқиғалардан-ақ көрініп тұр емес пе!
Мұхтар АТАБЕК,
журналист, Мәдениет қайраткері
Шымкент