• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Ақпан, 2020

Сайрам ауданында 17625 азамат жер учаскесін алуға кезекте тұр

387 рет
көрсетілді

Түркістан облысындағы Сайрам ауданында шағын кәсіпкерлік жақсы дамыған. Бұл саладағыбелсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны өткен жылы 15118 болған, яғни алдыңғы жылға қарағанда 129 бірлікке көбейген. 66,2 млрд теңгеөнім өндіріліп, кәсіпкерлік субъектілерінен 3,4 млрд теңге салық түскен.

Аудан халқының 38,1%-ы, яғни 81,8 мың адам экономикалық тұрғыдан белсендi, оның 77,6 мыңы жұмыспен қамтылған.  Жұмыссыздар саны 4166 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейi 5,1 % болып отыр.Ауданда биыл жұмыссыздық деңгейін 4,9% дейін төмендету басты міндеттердің бірі болмақ. «Осы орайда, өнеркәсіп саласында өңдеу өнеркәсібін дамыту және бар резервтерді пайдалану есебінен құны 2,9 млрд теңгеге 3 жоба іске асырылып, 122 жаңа жұмыс орындары ашылады. Одан бөлек, туризм саласында «Ontustik thermal resort» ЖШС-нің «Оңалту, сауықтыру орталығы» жобасы іске асады. Ашылатын жұмыс орны 50 адам», -деді аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков тұрғындар алдында берген есебінде. Ал өткен жылы шағын және орта бизнесте «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 450,0 млн теңге көлемінде 10 жобаға, «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 13 жобаға 1,8 млрд теңгеге қолдау көрсетілген. Өнеркәсіп саласында құны 2,0 млрд теңгелік 6 инвестициялық жоба іске қосылып, 166 жұмыс орны ашылған. Жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 8500 азаматты тарту көзделуде.

Ауданда өткен жылы атқарылған жұмыс аз емес. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда ілгерілеушілік бар. Дегенмен жер мәселесі өте өзекті. Қазіргі таңда 17625 азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінетін жер учаскесін алуға кезекте тұр. Оларға жер учаскесін беру үшін шамамен 3 мың гектарға жуық жерді ауыл шаруашылығы айналымынан алу қажет. Осыншама жер жеке тұрғын үй құрылысы үшін ауыстырылатын болса, бірқатар шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары күн көрісіне жарап отырған егіншілігінен ажырап қалады. «Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде егіншілікпен айналысу. Сондықтан жерге қатысты мәселелерді шешуге бағытталған  кешенді бағдарлама дайындалуда. Ауыл билері, шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер өкілдерін тарта отырып, елді мекеннің ерекшелігіне, сұранысына  қарай нақты жағдайы зерделеніп, жерге қатысты түйткіл мәселелердің тиімді тетігін табу жолдары қаралады», - деді Ұласбек Сәдібеков.  

Есеп беру жиынына келген тұрғындар тарапынан да осы ондаған жылдар бойы қордаланып қалған жер мәселесі көп көтерілді. Аудан тұрғындарының басқа да сұрақтарына нақты жауап қайтарған аудан әкімі мен жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, шешіміне қатысты жауаптар ақпарат құралдарында жариялатынын мәлім етті.