• RUB:
    4.82
  • USD:
    439.43
  • EUR:
    473.31
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Ақпан, 2020

Қазақтың құмай тазысы

647 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары, өкінішке қарай, саны азая бастаған қазақтың құмай тазы итінің жанашырлары Түркістан облысындағы Ордабасыда бас қосты.

 

Осы бір қасиетті тазының тұқы­мын сақтап, санын көбейту, даңқын дәріптеп, оны өз ұлтымыздың аты­на патенттеп алуға күш са­лу мақ­сатындағы шараны республикалық «Қансонар» қа­уым­дастығына қарасты Түр­­кістан об­лыстық өңір­лік филиалы ұйым­дастырған.

Халқымыз тазының ең күштісіне, жүйрігіне, аң алғышына «нағыз құмай екен, қанатты құмай екен» деген секілді мадақ сөздер айтып, оның ерекше қабілеттеріне сүйсінген. Өз бойына біткен ептілік, жылдамдық, әдісқойлық, түлкі-қоянды құйындай соғатын, тіпті арқарға, қасқырға шабатын қасиеттердің бәрі осы құмайға тән. Сондай-ақ құмай тазы өзінің ізшілдігімен, сұлу мүсінімен өз тұқымдастарының ішіндегі сыртта­ны, төресі деп есептелген. «Бү­­гінде таза қан­ды қазақы құ­май тазыны та­бу қиын. Оның тұқымы азай­ған. Ал бар дегендерінің көп­­шілігінің қаны араласып кеткен. Сондықтан бүгінгі шараға жинал­ғандар аңшылық иттерін арнайы мамандардың көмегімен сараптамадан өткізіп, оның қаншалықты таза тұқымды екендігін арнайы құ­жаттармен бекітті. Сонымен қатар дәріптей отырып, тазы итінің даңқын асыру, әлемге таныту, әрі осы шараларды өткізе отырып шетелде болатын жарыстарға дайындалуды мақсат етіп отырмыз», дейді қауымдастықтың өңір­лік өкілдігінің директоры Абай Бер­дібеков. Кейінгі кезде тазыны иеленгісі келетін өзге ұлттар да пай­да бола бастаған. «Жоқ олай емес. Тазы қазақтікі. Оның 3 мың жылдық тарихы бар. Оған біздің жердегі тасқа қашалып түскен суреттер дәлел», дейді селекционер Қажымұрат Күлпешов.

Ордабасы ауданында өткен іс-ша­раға облыстың барлық аумағынан 100-ге жуық тазы итінің жанашырлары жи­налды. Арнайы тіркеуден өткен тазы­лар арасында құмайлар сайысы өт­кізілді. Аңға түсуден алғырлық таны­тып, жүйрік шыққан құмайлардың ие­леріне арнайы марапаттар табыс етілді.

 

Түркістан облысы