• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Ақпан, 2020

Түркістан: Ауылда газ бар, үйлерде - жоқ

533 рет
көрсетілді

Түркістан облысында тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Күні кеше Жетісай ауданындағы Ағынсай және Үтіртөбе ауылының 300-ге жуық отбасы көптен күткен «көгілдір отынға» қол жеткізді. Аудандық тұрғын үй, коммуналды-шаруашылық бөлімі қызметкерлерінің мәліметінше, алдағы уақытта Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылына да газ беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Төлеби ауданындағы 9 елді мекенге табиғи газ беріле бастады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен аудан әкімі Бауыржан Омарбеков елді мекендерде болып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Республикалық бюджет есебінен 1 млрд 988 млн теңгеге Тасарық ауылдық округіндегі Тасарық, Жамбыл, Ханарық, Оңтүстік және Қаратөбе ауылдық округіндегі Майбұлақ, Қостөбе, Қаратөбе, Балдыберек, Төңкеріс елді мекендеріне газ құбырының құрылысы 2017-2019 жылдар аралығында жүргізілген болатын. Бүгінде 9 елді мекен бойынша 1542 абоненттің 793-іне техникалық шарттар алынып, ішкі газ құбырлары жүргізілген. Күні кеше пайдалануға берілген газ жүйесін қосқанда, аудан көлеміндегі 55 елді мекеннің 48-і табиғи газ жүйесімен қамтылмақ.

«Ауданда Қоғалы және Қасқасу ауылдық округтерінің 7 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сметалық құны 1,269 млрд теңгені құрайды. Жобаны қаржыландыру үшін 2020 жылға арналған республикалық және облыстық бюджетке ұсынылып, қаржыландыру күтілуде. Жоба қанағаттандырылған жағдайда Төлеби ауданының 55 елді мекенінің 118 600 тұрғыны 100% табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады», - дейді ауданның газға жауапты мамандары.

Дегенмен, облыстағы кей ауыл тұрғындары газ жеткізілгенімен, үйлерге «көгілдір отын» берілмей отырғанын айтуда. Ауылға газ жеткізілген, үйде жоқ. Бұл мәселе тұрғындар мен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы арасында жүргізілетін қаржылық-техникалық жұмыстардың баяулығынан немесе бір жүйеге қойылмағанынан туындап отырғанын айтушылар көп. Яғни жергілікті әкімдер ауылдарға газ жеткізіп, міндетінен құтылды, ендігі мәселе жауапты мекеме мен тұрғындардың өздеріне байланысты болып отыр.