• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2010

АРДАҚТЫ АНА БАҚЫТЫ

1235 рет
көрсетілді

Атам қазақ: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген ғой. Өйткені, көш бастар көсемдер де, сөз бастар шешендер де, ғұлама ғалымдар мен арқалы ақындар да, яғни тумысы бөлек тұлғалар ана­ла­ры­ның ақ сүтінен нәр алып, тәр­биесінен тәлім алған. Айтса айт­қан­дай, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелерінің қы­зығын арқа-жарқа көріп отырған Ба­тыр ана – Досмағанбетова Рсалды апамыз бүгінде 5 ұл, 5 қыз өсіріп, 24 немересін аялы ала­қанына салып, маңдайларынан шөп-шөп сүйіп отыр. – Байлық та, билік те уа­қыт­ша,– дейді ол, – ал, менің басты бай­­лығым – балаларым. Еліміздің ертеңі үшін балдәурен балаларым ең­сере еңбек етіп, аналарының ақ сүттерін ақтаса, мұнан артық бақыт бар ма?! “Заманына қарай адамы” деген. Заманына, тағдыр талабына орай әл­декімдер ертерек есейсе, ал бәз­бі­реулердің ақыл-естері есейгенше ен­бейді-ау, енбейді. Рсалды апа­мыздың балалық бал дәурені кешегі қуғын-сүргін, бертін келе сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, ерте есейді. Ол 1938 жылдың қытымыр қыс айы – желтоқсанда Амангелді ауылында (кезінде Ленин колхозы) дүниеге келген. Әкесі Сүлейменнің еңбек жолы қолына кетпен, күрек ұс­тау­дан бастау алып, бертін келе бас­шы­лық қызметте болып, ауыл асы­рау­шысына айналады. Ал анасы Рахима 10 баланы өмірге әкеліп, солардың өсіп, өркен жаюына төселіп төсек болып, ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырады. – “Ата көрген – оқ жо­нар, ана көрген – тон пішер” деп атам қазақ айтқандай, аяулы анам­ның жолын қуып, мен де 10 бала өсіріп, өркен жайдырып отырмын,-деген Рсалды апамыз аңқылдай сөйлеп, жарқылдай күледі. Отбасының тұңғышы – Рсалды апа буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып-ақ еңбекке араласып, жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан. Егін еккен, мал баққан, шөп шап­қан, масақ терген, қойшы әйтеуір жыл бойы тіртінектеп тіршілік еткен. Содан да Рсалды апа нан қадірін, дән қадірін біліп, тұрмыс тауқыметін тартпай бойжеткен. – Отбасымыздың тұңғышы мен болған соң 10 жылдық мектептен кейін  оқуға түсуге маған мүм­­кіндік болмады. Өйткені, ізімнен еріп келе жатырған іні-сі­ңі­лілерімді тәрбиелеуге анама қосшы болып, олардың оқуларын жалғастыруына жол бердім. Бүгінде бір ша­ңы­рақ­тан өркен жайған онымыздың да төрт көзіміз түгел. Бауырларым өздерінің қарақан бастары үшін емес, ел үшін сан-алуан салада қызмет етіп келеді. Бәрін бірдей санамалап айтып, уақытыңды алмайын, ұяда көргенін ұшқанда ілген тетелес інім – Сейтсұлтан Әйімбетовты өзің де білетін боларсың? – Білгенде қандай, есімі маған ғана емес, елге танымал Парламент Мәжілісінің депутаты Сейітсұлтан Әйімбетов емес пе? – Дұрыс айтасың. Айналайын бауырымның елім деп елжіреп жүргені бізді қуаныш құшағына бөлеумен келеді. ...Рсалды апамызбен екеуміздің әңгімемізді қос құлындай тебісіп өсіп келе жатырған қос немере Аружан мен Шыңғыс жарыса жүгіріп, үзіп жіберді. Немерелерінің беттерінен кезек-кезек шөпілдете сүйіп мауқын басқан әжелері үзіл­ген әңгіме жібін қайта сабақтады. –Құдай қосқан қосағым – Сейіт­камалмен тұрмыс құрып, үбір­лі-шүбірлі болдық. Кезінде ең­бек жолын механизатор болудан бас­таған Сейіткамал бертін келе ин­женер болып, ауыл тұр­ғын­да­ры­ның ахуалын жақсартуға жан-тәнімен еңбек етті. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Әттеген-ай, деймін. Сейіт­камалым 52 жасында мәңгілік сапарға кетіп, қара шаңырағымыз шай­қалып қалды. Ол кезде тұла бойы тұңғышым – Сәрсенкүлім тұрмыс құрып, Әуезбегім шаңырақ кө­тер­ген. Сөйтіп, мен 50 жасымда жесір қалып, ұл-қыздарым­ның ақ жол­дан адаспай, адам болуына бо­йымдағы бар қуатымды жұмсаумен жүрдім. Аллаға ризамын. Ақ сүтімді ақ­та­ған, айналайын балаларым – ме­нің басты байлығым. – Апа, он балаңыз да жоғары білім алыпты. Бұл сізге тым қиын тиген шығар дегенбіз. –Оңай болмады. Әйтсе де құлындарым бір-біріне сүйеу болады ғой, – деді ол. Дүйсенбаевтар отбасының тұң­ғышы Сәрсенкүл халық шаруа­шы­лығы институтын бітіріп, бүгінде “Денсаулық”ЖШС-ында есепші қыз­метін атқарса, Әуезбек Алма­тыдағы экономикалық университет пен Заң академиясын тәмамдап, қазір облыстық салық департаменті бастығының орынбасары қыз­метінде. Сұлтан әскери бөлімшеде, ал Нұрлан электр жүйесін тарату мекемесінде бөлім бастығы, Гүл­фарида №11 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі. Гүлмира мен Ер­лан Алматыда қызмет етеді. Гүлайым кәсіпкер болса, Еркіні мұнай саласындағы КУТТ ме­ке­месінде бөлім бастығы, ал кенже қызы Гүлжайна белгілі кәсіпкер. –Өткен жылы балаларым 70 жасқа келген тойымды дүркірете өткізді. Сонда өткен өміріме көз жі­беріп, бүгінгі және келер ұр­пақтарға ұлағат болар деген ние­т­пен аналық жүректен шыққан ақ тілегімді ақтарғаным бар. Айтайын, бұл дүниеге келген адамның басына үш бақыт құсы қо­на­ды екен. Бірінші бақыт “шыр” етіп дү­ниеге келу, екінші бақыт – қо­сағыңмен қоса ағарып, ұл-қызды болу, ал үшінші, ең басты бақыт - әдемі қартаю. Иә, Рсалды апамыз айтқандай, әдемі қартайып, бақытқа кенеліп отырған Ардақты ана Рсалды десек, асыра айтқандығымыз болмас. Осындай аяулы да ардақты ана­ларымыз азаймасын дейміз. Осындай өнегелі отбасы көбейе берсін дейміз. Бар бақыт осында. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.