• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Ақпан, 2020

Ақырзаман аңызы

3795 рет
көрсетілді

Елдегі қариялардан естуші едік: «Қазығұрт тауы қиын-қыстау замандарда биіктейді», деп.

Бұл әрине, ескі аңыздың желісімен айтылған әңгіме болса керек. Есте жоқ ескі замандарда жер бетін топан су ба­сып, ақырзаман болғанын көктен түс­кен кітаптар растайды. Әлемдегі ғұла­ма ғалымдар да бізге дейін бірнеше өркениет­тердің болғанын дәлелдеп, әртүрлі деректер келтіреді.

 

Ал аты аңызға айналған Қазығұрт тауы бол­са, сол баяғы үнсіз, тілсіз қалпында.

Академик Ақжан Машанұлы кезінде: «Қазығұрт бізге дейінгі өркениеттерден қалған киелі ескерткіш», деп еді-ау. Ендеше, сол киелі ескерткішке қараған сайын бізге қандай ой түседі десеңізші.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған.

Жетім бота үстінде жатып қалып,

Ойсылқара жануар содан қалған, – деп басталмаушы ма еді ол аңыз.

Бірінен кейін бірі тізіліп айтылатын осы­дан соңғы төрт түліктің барлығының да төлдері жетім.

Көз алдыңызға бір сұмдық сурет елес­тей­ді. Бізге дейінгі өркениеттен түк қал­май, топан суға батып барады. Тек Нұх пайғам­бардың кемесіндегі аман қалған тіршілік иелері ғана төңірекке үрейлене қарап, ендігі күніміз не болар екен деп жаутаңдайды...

Әйтсе де Жаратушы Иеміздің мейірімі шексіз екен. Топан судан кейін де өмір жал­ғасып, жаңа өркениет пайда болды. Ендеше, өткеннен сабақ алып, осы өркениетімізді қадірлей білсек қанеки.

Қазығұрт аңызы осылай толғанады. Бізге дейінгі болған сұмдық оқиғаның көзі тірі куәсіндей киелі тау осыны үнемі еске салып тұрады.

Аңыздың сырын ұға алмаған кейбіреулер «кеме Қазығұртқа емес, Арарат тауына тоқтаған» деп таласады.

Ал қасиетті Құранда Әл-Жудда тауы айтылады. Сондықтан бұл құбылысты тілге тиек еткен ғалымдар: «Жудди тауы Түр­кия­ның оңтүстік шығысындағы Бухтан ауда­нында. Ислам дәстүрі бойынша Нұх пайғамбардың кемесі осында тоқтаған десе­ді, ал христиан дәстүрі бойынша Арарат тауына қайырлапты», дейді.

Осындай ойлардың қапталында: «Ол заманда қанша кеме қай тауға тоқтағанын кім біліпті», дегендей екіұшты пікірлер де айтылып қалады.

Біздіңше, әр халық, ең алдымен, өз жерін­де туған аңызға назар аударатыны анық. Сол себепті, ата-бабаларымыз қалдырған Қазы­ғұрт аңызы құлағымыздан кіріп, санамызға сіңіп қалған.

Баяғының қариялары: «Ақырзаман бір күнде келе қоймайды. Оның әртүрлі бел­гілері болады», деп отырушы еді. Өмірінде хат танымай өтсе де, ұлттық салт-санамызды ха­лық даналығы арқылы бойына сіңіріп, Ұлы дала мектебінен ұшан-теңіз білім алған сол кісілердің алдында бас имеске хақымыз жоқ.

Олар жер бетіндегі Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған «Сәби» және «Семіз» деп аталған ядролық бомбалардың қуат-күші қанша килотонна тротильден тұратынын немесе Гитлердің кімдерге сүйе­ніп, қандай саясатпен билік басына келгенін оқып біле алмаса да, өз заманында олардың ақырзаман орнатқанын анық айтып бере алатын-ды.

Шындық қанша күрделі болғанымен, ақиқат баршаға аян. Бала күнімізде үлкен­дердің сөзін тыңдамай, үйдің ішін астан-кестең қылып ойнап жатқанымызда: «Әй, бұлар ақырзаманның балалары ғой!..» деп күйінуші еді шешеміз. Сонда біздің санамызға, осылай ойнай берсек, ойнай берсек, кешкілік ақырзаман сыртқы есіктен сығалап тұрады екен-ау дегендей ой келетін-ді.

Сөйтсек кішісі үлкенін тыңдамайтын, жас­тары қарттарын сыйламайтын ел – ел болмайды екен ғой. Ендеше, мұның ақырза­ман­нан несі артық?..

Соңғы кездері ғалымдар ауаға, жерге, суға сіңіп жатқан улы газдардың табиғатқа қаншалықты зиян келтіргенін айтып, дабыл қағуда. Егер бұлай жалғаса берсе, келе­шегіміздің қандай күйге душар боларын көз алдыңызға елестетудің өзі қиын. Ал енді оған жер ресурстарының жылдан-жылға азайып бара жатқандығын, ауыз суға зәрулік пайда болатынын, қоршаған ортаның сиқы қашып, қаңқасы ғана қалатынын, т.б. тізбелеп қоса берсеңіз, әрине төбе құйқаңыз шымырлайды...

Анығында аңыз ретінде айтылған ақиқат­тың мәні де, маңызы да терең екеніне кү­мән жоқ. Ендеше, Жудда да, Арарат та, Қазы­ғұрт та адам баласына нені ескертіп, неден сақтандырып тұрғанын ешқашан жадымыздан шығармауға тиіспіз.