Жетісу өлкесінде биыл қыс қаһары қатты болмады. Көктемнің лебі де ерте сезілуде. Қазір қасат қардың көбесі сөгіліп, ылдиға қарай аққан судың сылдыры естіле бастады. Яғни, шаруа баққан адам мен төтенше жағдай қызметінің елгезектік танытатын шағы келді.
Облыс бойынша көктемгі су тасқынының алдын алу салдарын жоюға дайындық жоғары деңгейде екен. Төтенше жағдай жөніндегі департаменттің мәліметінше, өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары аясында 2285 шақырым арық, 2156 шақырым канал тазаланып, 100 мың текше метр қар елді мекендер аумағынан шығарылған. Қала маңындағы 5 мың шақырым арық іші қоқыс, топырақтан аршылған. Сонымен қатар елді мекендердегі су өткізу құрылғылары да тазаланды.
Бұл жұмыстар әр ауданда жүріп жатыр. Мысалы, Көксу ауданы көктемгі су тасқынына сақадай сай екен. Өйткені Жетісудың бір сағасы саналатын Көксу өзені әр көктем сайын мінез көрсетіп, жағасын көбік шайып, таситыны бар. Бұл кезде осы өзеннің бойын жағалай қонған ауданның шаруашылықтарына сел қаупі төнеді. Әсіресе биылғыдай тауға қар қалың түсіп, күн райы ерте жылынған кезде қатер екі еселенеді. 2018 жылы Көксу ауданының Мұқыры ауылы мен Көксу бекеті аумағындағы елді мекендердің көшесіне дейін қызыл су кіріп, тұрғындар әбігерге түскен болатын. Былтыр бұл қауіптің алды алынып, өзен және канал арналарының сағасын кеңейту, түбін тереңдету, тазарту жұмыстары жүргізілген еді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, өзен маңындағы ауылдарға тасқыннан төнетін қатер азайған. Биыл да күн райының құбылуы өзен арнасындағы судың көлемін көбейтіп отыр. Демек, қауіп төнбесе де сақтық шаралары жасалуы тиіс.
– Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары аясында 32 шақырым арық, 55 шақырым канал, 2500 мың текше метр қар елді мекендер аумағынан шығарылып, ауыл ішіндегі арық іші қоқыс, топырақтан аршылып, сонымен қатар 32 дана су өткізу құбырлары да тазаланды. Ауданда арнайы шұғыл әрекет ету жасағы құрылып, 25 техника мен жүзге жуық адам төтенше жағдаймен күресуге дайын отыр, – дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.
Алматы облысы