Кеше Алматының халықаралық әуежайына Қытайдан 211 жолаушысы бар рейс келді. Олардың ішінде 171-і Қазақстанның, 40-ы Қырғызстанның азаматы. Бұл ҚХР-да коронавирусты инфекцияның шығуына байланысты Қазақстан азаматтарын елге жеткізген соңғы рейс.
Елге келгендердің жағдайы қанағаттанарлық. Қазақстандықтар келген соң жұқпалы аурулар емханаларына жеткізілді, Қырғызстан азаматтары қырғыз тарапына берілді және Қырғыз Республикасының аумағына жеткізілді.
Карантин жарияланған жерден келген жолаушылар жұқпалы аурулар емханасының аумағындағы мамандандырылған бокстарға оқшауланады.
Санитарлық және шекара қызметінің қызметкерлері, экипаж, медицина қызметкерлері ұшақты әуежай аумағындағы жеке аймаққа қондыру кезінде, сондай-ақ пациенттерді жеке бағыт бойынша оқшаулау және карантиндеу процесінде коронавирусты инфекциялардың таралуына жол бермеу бойынша барлық эпидемияға қарсы шараларды сақтағанын атап өткен жөн. Ұшақ бортында жолаушылар термометрия әдісі бойынша үш кезеңнен тұратын тексеруден өтті.
Жұқпалы аурулар ауруханасының аумағына келген азаматтарға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмектердің және эпидемияға қарсы қорғану құралдармен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген.
Жалпы, бүгінде әлемде 45 188 коронавирусты инфекция жағдайы тіркелген.
Алматыда жағдай тұрақты, коронавирусты жұқтыру дерегі жоқ. Жағдай биліктің бақылауында. Өңірлік штаб коронавирусты инфекцияның таралуының алдын алу бойынша күшейтілген іс-шараларды іске асыруда. Барлық халықаралық рейстер бойынша вирустық инфекциялардың алдын алу және диагностикалау бойынша эпидемияға қарсы шаралар жүзеге асырылуда.
Коронавирус мәселелері бойынша Қазақстан аумағында 1406 нөмірі бойынша тәулік бойы call-орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар аталған рейспен келгендердің мәселелері бойынша Алматыда 8 707 677 71 68,
8 771 404 54 65 нөмірлері бойынша «жедел желі» жұмысы ұйымдастырылды.