Алматыда ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін шағын авиация мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті. Кездесуге Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, «Қазақстанның шағын авиация қауымдастығы (KAMA)» ЗТБ, «Жеңіл және аса жеңіл авиация операторлары (ЭЛИСА)» ЗТБ басшылары, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Көлік прокуратурасы және отандық шағын авиация әуе компанияларының өкілдері қатысты. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ұшу қауіпсіздігінің бастығы Линда Орлэди «Жаңа реттеуші әлемдегі ең үздік стандарттарға сәйкес ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолдайтынын және Қазақстанның әуе көлігі саласын дамытуға ықпал ететін болады», деп атап өтті.
Бүгінгі таңда «Шағын» авиация ТМД және батыс елдерінің әуе техникаларын пайдаланатын 41 әуе компаниядан тұрады. Жеңіл және аса жеңіл авиацияның қолданыстағы әуе кемелерінің жалпы саны шамамен 500 бірлікті құрайды. Компаниялар көлік-байланыс ұшулары, авиахимиялық жұмыстар, ормандарды қорғау жөніндегі орман-авиациялық жұмыстар, халыққа медициналық көмек көрсету, апаттық-құтқару ұшулары, іздестіру-құтқару жұмыстары, экскурсиялық ұшулар, іздестіру-түсіру ұшулары және т. б. авиациялық жұмыс түрлерін орындайды.
Жұмыс кездесуі барысында ұшу қауіпсіздігінің қажетті деңгейіне қол жеткізуге әсер ететін негізгі факторларға басты назар аударылды, олардың ішінде шағын авиация саласындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық регламенттері, ұшу жарамдылығының жағдайы, әуе кемелерін сертификаттау, ұшқыштарды дайындау сапасы, қону алаңдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шағын авиация ұшуларын аэронавигациялық қамтамасыз ету.
Авиациялық әкімшілік авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалардың нақты жағдайларын ұсынды, авиациялық оқиғалардың себептерін уақтылы анықтау және жою қажеттілігін атап өтті.
Шағын авиацияда ұшу биіктігін өлшеу футтық жүйеге көшірудің орындылығы аталды. Бұл өзгеріске ұшу қауіпсіздігінің барлық аспектілерін ұзақ талқылау, өтпе эшелонынан төмен ұшу кезінде қысымның дұрыс орнатылмаумен байланысты авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалар бойынша есептерді талдау негіз болды. Әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйесіндегі тағы бір маңызды өзгеріс әуе кеңістігінің құрылымын ИКАО талаптарына сәйкес келтіру болып табылады. Сондай-ақ 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іздестіру-құтқару тікұшақтарын базалау пункттерінің саны кеңейтілді, бұл Қазақстан Республикасының аумағын толықтай қамтуды қамтамасыз етеді.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсарту және жетілдіру процесін тұрақты жүргізуде. Қазіргі уақытта азаматтар мен заңды тұлғаларға қолайлы болу үшін мемлекеттік қызметтер Қазақстан Республикасының электрондық лицензиялау жүйесі (elicense.kz) арқылы ұсынылады. Бүгінде дейін авиациялық әкімшілікпен 2088 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Іс-шара барысында азаматтық авиациядағы қауіпсіздік мәдениетін дамыту мәселелерін талқылау және белсенді пікірталастар өтті. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс кеңестің маңыздылығы мен ауқымдылығын, өз кезегінде авиациялық әкімшілік ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша шағын авиацияға барынша қолдау көрсететінін атап өтті.