Жуырда Солтүстік Қазақстан облысына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов жұмыс сапарымен келіп, облыс ардагерлерімен және басқа да кездесулер өткізді.
Ол ардагерлерге дайындалып жатқан «Ардагерлер туралы» заң жобасы туралы айтты. «Құжат жобасына қолданыстағы заңнама бойынша ардагерлерге берілетін барлық жеңілдіктер мен кепілдіктер шоғырландырылды. Сонымен бірге заң жобасында әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын ардагерлердің 5 санаты анықталған. Ауғанстандағы және басқа елдердегі ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілерді шет мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне теңестіру және олардың санаттарын кеңейту, жауынгер-интернационалистермен бірге Чернобыль құрбандарын, сондай-ақ Социалистік Еңбек Ерлерін әлеуметтік қолдау жөніндегі шаралар қарастырылған», деді ол өзінің сөзінде.
Сонымен бірге вице -министр облыс әкімдігінде аудандар әкімдіктерінің қызметкерлерімен атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді. Онда вице-министр өңірдің қалалары мен аудандарында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, «Қамқорлық» жол картасын, белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламасын жүзеге асыру, «Бақытты отбасы» орталығын құру, Әлеуметтік қызметтер порталын іске асыру және т. б. мәселелер бойынша кеңестер берді.
Ол мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартудың нақты шараларына да тоқталды. Бұл үшін өңірлерге 2020 жылы 80%-ға тиімділік беретін, маңызды 18 іс-шарасы бар «Қамқорлық» жол карталарын бекіту ұсынылғаны айтылды. Мысалы, әрбір өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қолдану есебінен әлеуметтік оңалту орталықтарын ашу жоспарланған. «Сонымен қатар бюджет есебінен барлық өңірлерде 150 әлеуметтік оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Олардың құрылысы 2020-2021 жылдары Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте басталады. Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында барлық өңірлердің жалпы білім беретін мектептерінде инклюзивті қолдау бойынша 8 сынып ашу жоспарлануда. «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты негізінде емханаларда шағын және орта медициналық оңалту орталықтары ашылады», деді вице министр.
Сондай ақ вице министр халықты жұмыспен қамту орталығы (ХЖҚО) мен «Жанұя» отбасын қолдау орталығында болды. ХЖҚО-да Е.Әукенов азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тоқталды. Оған АӘК-ке өтініш берушілермен жұмыс жүргізілетін бөлме көрсетілді. Айта кететін болсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 6 мыңға жуық отбасыға АӘК төленді. Сондай-ақ, өңірде қайырымдылық және демеушілік көмек арқылы әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Өткен жылы 1,4 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетілген.
Солтүстік Қазақстан облысы