Германия Федеративтік Республикасының Мюнхен қаласында өтетін Мюнхен Қауіпсіздік Конференциясы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев BayWa AG компаниясының Басқарма төрағасы Клаус Йозеф Лутцпен кездесті.
Президент Қ.Тоқаев Германияға Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысу үшін келгенін айтып, конференция қарсаңында бірқатар шетелдік компаниямен кездесу өткізетінін мәлімдеді.
Клаус Йозеф Лутц өз кезегінде Президентпен кездескеніне қуанышты екенін айта келе, компаниясын таныстырып өтті. Биыл 100 жылдық мерейтойын тойлап жатқан компания энергетика саласында жұмыс істейтінін жеткізді. Клаус Йозеф Лутцтің айтуынша, компания бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерімен де бірлесіп жұмыс істеуде.
BayWa AG – Еуропадағы ең ірі компаниялардың бірі. BayWa AG холдингі әлемнің 14 елінде қызмет көрсетеді. 1923 жылы құрылған компанияның бас кеңсесі Мюнхенде орналасқан.
Оның жұмысының негізгі бағыттары ауыл шаруашылығын, энергетиканы, құрылыс материалдарын, инновациялар және фермерлік шаруашылықты цифрландыруды қамтиды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында тыңайтқыштарды, өсімдікті қорғау заттарын, тұқым және жем-шөп өнімдерін нарыққа шығарады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жабдықтарын өткізеді.
Энергетика саласында компания мазут, эко-энергия өнімдерін жеткізумен айналысады. Германия мен Аустрия аумағында жанармай құю стансалары желілерін құрған. Жаңаратын энергия көздері саласында күн, жел және геотермалды энергия жобаларын өндіруші әрі басқарушы ретінде танымал.
Ал құрылыс саласында нысандарды салу, жөндеу әрі жаңарту бойынша қызметтер ұсынады.
2018 жылы BayWa AG компаниясының ақша айналымы 16,6 млрд еуроны құрады. Әлем бойынша 260 еншілес компанияларда 17 мыңға жуық адам қызмет етуде.
Белгілі болғандай, компания ауыл шаруашылығы мен энергетика әрі құрылыс салаларында өз өкілдіктерін, сервис-орталықтарын ашу арқылы Орталық Азия елдерінің нарығына кіруге мүдделі болып отыр. Мұнымен қоса, олар Назарбаев Университет базасында Қазақстанда агроинновациялық зертхана құру мүмкіндігін пысықтауда.
Мюнхен, Германия