Оның есімі – Ерасыл Серікбекұлы. 11 жаста. Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Софиевка ауылында тұрады екен.
Ерасылды жақында Абай ауданы Қарауыл ауылында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткен бүркітшілердің республикалық сайысында кездестірдік. «Қаршығамның аты – Чипок. Жақында бір жасқа толады. Әкем – бүркітші. Атам Күнтуған да бүркітші болған. Бұл – алғашқы жарысым емес», дейді ол.
Осы сайыстағы ең жас бүркітшінің әкесі Серікбекті аз-кем әңгімеге тартқанымызда құсбегілікпен атасы да шұғылданғанын айтты. «Мұны әкем Күнтуғаннан естідім. Сонда біздің әулетте төртінші буын құсбегілікпен айналысуда. Үйде төрт бүркіт, бір қаршығам бар. Осы жарысқа әкем ұстаған Ақбалақ атты бүркіт қатысып жатыр. 25 жаста. Бұл сайыстағы ең кәрі бүркіт», дейді Серікбек Күнтуғанұлы.
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы,
Қарауыл ауылы