«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған жаңа айдардың кезекті материалын назарларыңызға ұсынамыз. Сталиндік сыйлықтың лауреаты М.Әуезовтің «Абай» романы 1948 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің №78 санына шыққан.
Совет халқының коммунизм үшін күресінің ең өткір құралының бірі – совет көркем әдебиеті. Біздің елімізде әдебиет – социалистік құрылыстың белді саласы. Большевиктер партиясы, совет үкіметі, көсеміміз И.В.Сталин совет әдебиетінің алға басқан әр адымына ерекше мән беріп отыр. Әдебиетіміздің өткен жылдағы табысы таразыға тартылды. Бір топ совет жазушыларының тамаша шығармаларына Сталиндік сыйлық берілді. Соның бірі әдебиетіміздің көрнекті қайраткері жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық алды. Бұл сыйлық – түрі ұлттық мазмұны социалистік қазақ әдебиетіне берілген баға.
М.Әуезовтің «Абай» романы қазақ совет әдебиетінің ғана табысы емес, бүкіл адам баласының ұзақ тарихында жасалған прогресшіл мәдениеттің биік шыңы – озық идеялы совет әдебиетінің мақтанышы.
Абай тақырыбымен М.Әуезов көп жылдар бойы үзбей шұғылданды. Данышпан Абайдың еңбектерін, оқушы жұртшылығымызға жеткізуге М.Әуезов жолдастың еңбегі зор. Бұл жөнінде ол ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, көркем әдебиет пен искусство саласында ұлы ақынның образын жасау ісіне ұзақ уақытын арнады. Абай туралы либретто, киносценарий, драма жазды. Осындай бар жақтан кең қамтумен келіп жазушы «Абай» романын тудырды.
«Абай» романы ХІХ ғасырдың екінші жарымынан былай қарай қазақ еңбекшілерінің ұлы орыс халқының прогресшіл мәдениетінің ықпалына тартыла бастаған алғашқы адымын, сол жаңалықтың қайнар бұлағын тапқан тамаша қайраткерлеріміздің бірі – атақты ақын Абайдың дәуірін оқушының алдына жайып салады.
«Абай» – тарихи роман. Шығармада ескі ауылдың ішкі-тысқы өмірі тарихи шындық шеңберінде ашылады. Қазақ даласында феодалдық қоғамның сұрқия заңдары әбден бекіген дәуірде, сол заңдарды жүзеге асырушылардың жан түршігерлік әрекеттері қазадай қаталдықпен жүргізіліп жатқан дәуірде өмір сүрген Абайдың ақындық жолының, ағартушылық және гуманистік идеяларының сатылап өсуін роман ақынның шиеленіскен сансыз оқиғаға белсене араласу арқылы танытады. Абай өмір әділетсіздігіне іштей наразы болып томаға-тұйық отырып қалмай, өмір шындығының сырын ашуға араласқан әлеумет өмірінің қайраткері. Ол қараңғы қазақ көгіне аршындай шығып халқына өнегелі сөз тастайды, оны өрісті ой өлкесіне бастайды, озбырға тосқауыл, талаптыға пана, халқына қамқоршы болады.
Романда ескі қазақ ауылында болған бітімсіз қайшылықтар көбіне рулар арасындағы кескілескен тартыстар арқылы көрсетіледі. Шығарманың екінші бөлімінде бай мен кедей арасындағы теңсіздік, таптар арасындағы қайшылықтың себептері де орынды дәлелдермен ашылады.
Шығармадағы әкелер мен балалар арасындағы – Құнанбайлар мен Абайлар арасындағы үздіксіз күрес халықтың болашақтағы тағдыры үшін жүргізілген күрес дәрежесіне көтеріледі. Феодалдық қоғамды сақтап қалу үшін жанды ортаға салып, білектің күшін, найзаның ұшын жұмсап, ірі мінездер көрсеткен Құнанбай тобы ескіге тартады. Ескі жайлау, тозған татыр, сары жұрттан қоныс аударуға қарсы шығады. Ал Абай бастаған жаңашыл жастар ескі салтты бұзып, үмітті алдан күтіп, қараңғылық, түнегінен жол тауып, халықты орыс мәдениетінің кең өлкесіне бастауды көздейді. Романдағы күшті жасалған образ Құнанбай. Ол – феодалдық қоғамды нығайтуға белсеніп кіріскен кертартпа топтың қатал мінезді, іскер өкілі. Құнанбай әлеумет өміріндегі күресіне ру және феодалдық қоғам, ислам дінінің кертартпа заңдарына табан тірейді де, ескі би мен бай атаулыға арқа сүйейді, қара күшке көп салынады. Қара күшке бой ұру кейін оның осалдығына айналады да, әлеумет өмірінен кетуге мәжбүр болады.
Бірақ Құнанбайдың тізе бүгуімен оның бағыты бір жола жойылып кетпейді. Құнанбай тобының мұрагерлері бар. Олар Тәкежан, Ысқақ, Майбасар, Жақыптар. Олар Құнанбайдан аршыны кем, әрекеттері ұсақ, ірі мінездерімен танылмайды. Тәкежанда топастық пен арсыздық басым. Ысқақ бар өнерін іш мерездік, арамдыққа ғана бағындырады. Ал Шұбар бұл екеуінен өзгешерек. Оның құбылмалы мінездері екіжүзділікпен астасып жатады. Ол Абаймен кездескенде мүләйімсіп күле келеді де, көз таса жерде күңрентерлік әрекеттер жасаудан тайынбайды.
Бұлардың бағыты – Құнанбай жолы. Түп мақсаты – Абайлардың адымын қысқартып, өскелең пікірлерінің шеңберін тарылту.
Бұларда Құнанбайдағы бірбеткейлік жоқ. Олардың салты: – Базаралы, Балақаз сияқты еркіндік сүйгіштерге астыртып ор қазу. Сондықтан да олардың астарлы қылықтары басым, олармен күресу Абайлар үшін қиынға айнала бастайды.
Жазушы бұл топтың басы – Құнанбай, екінші буыны – Тәкежан, Ыстық, Шұбарлар екендігін көрсетумен қатар, соңғы мұрагері де көк беріп қалғандығын аңғартады. Ол Тәкежан баласы Әзімбай. Ол он жасар бала кезінде Абаймен кездескенде кім болғалы тұрғандығын танытады. Ол жаңашыл туысынан сыр тартып, Абайдың өрісін шолуға талаптанады. Бұлар тамырын тереңнен тартқан кәрі емендей Құнанбайдың бірі бұтағы, бірі жапырағы еді.
Романдағы екінші топтың басшысы Абай. Ол іріп-шіри бастаған феодалдық қарым-қатынасты, ескі ауылдың ескі салтының тозығы жетіп жыртылғалы тұрғаның өз замандастарынан бұрын көреді. Халқын жаңалыққа бастап, ескілікке қарсы бітімсіз күрес ашқан Абайды көреміз. Ол ескіні есіркеу жағы басым қазақтың ауыз әдебиеті мен діншілдікке суарылған шығыс мәдениетінің өрісі тарлығын көре білді. Сондықтан да ағартушылық пікірлерін таратуда, еліне өнегелі өрнекті сөз айтуда, әлеумет өміріндегі қайраткерлік қызметін жүргізуде ұлы орыс халқының прогресшіл мәдениетінен нәр алады, сарқылмас бұлақтан сусындайды. Романда әкесі Құнанбайға, ағасы Тәкежанға және оның сыбайластарына қарсы тұрып, адам правосын ту ғып ұстап күрес үстінде өткен Абайдың 25-30 жылдық өмірі кең қамтылған. Абай маңайына қара құрап, халықты таяныш етеді. Сондықтан да Құнанбайды ел басқарудан аластап, Тәкежандарды сансыз сүріндіріп, Әзімбайларға қарсы қоярлық сезімтал жастарды тәрбиелейді. Құнанбайдың Қодарды өлтіруіне наразы болудан басталған күрес желісі үнемі шиеленісу үстінде үдейді.
Романда Абайдың өз заманында озық идеялы қайраткер болғандығы, ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің сыншыл реализмі дәрежесіне көтерілген ақындық творчествосы өмір шындығымен байланысты болғандығы асқан шеберлікпен дәлелденеді.
Абай үнемі жәбірленушілер жағында болады да, еңбекші бұқараны қараңғылық торынан ағартушылық жолмен құтқаруды көздейді. Өз басының білімге берілуі, өз балаларын орыс мектебінде оқытуы, жатақ жастарын оқуға тартуы, Ғабитқанды дін парызын үйретуші молдалықтан сана сабағын үйретуші дәрежесіне көтеруі арқылы Абай өз халқын білімге, мәдениетке үндейді. Абай, «ол дүниенің» ғана қамын ойлауға үгіттеген дін парызы мен шығыс әдебиетінің сұрқия сұмдығын әшкерелей отырып, өз төңірегін өмір әділетсіздігіне қарсы тұруға шақырады.
Шығармада Абайдың ақындық, творчествосын дамытуда өткен нәрлі ой өрісінің шеңбері өте шебер көрсетіледі. М.Әуезов ақынның шығармаларында өз заманының шындығы жырланғандығын романның барлық тарауларында нанымды фактілермен дәлелдеген. Романды оқып шыққанда ақынның елеулі шығармаларының қайсысы қандай жағдайда жазылғандығын айқын көреміз. Ақынның адал махаббатты дәріптеп, жастық сырларын ашатын, жанды тербетіп, нәзік сезімді оятатын лирикалы өлеңдері Тоғжан, Әйгерімдермен кездескенде, сауықшыл жастар өмірін көргенде жазылады.
Абай атақты Біржанмен кездесіп, оның асқақ әндерін тыңдағанда «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» дейтін, ақынның искусствоға көзқарасын танытатын өлеңін жазады. Оның Пушкиннің «Татьяна хатын» аударып, оған арнаулы ән шығаруы, ауылдың ескі салтын бұзып жас жары – Әйгерімге шаршы топта ән салдыруы – ән мен күй баланың ермегі, қайыршының кесібі деп қарайтын ескі ұғымға тойтарыс беруі еді. Искусство – халықтың рухани тілегін сусындататын, сана өрісін кеңітетін құрал екендігін терең түсінгендігінің дәлелдемесі болатын.
Романдағы Абайдан басқа жағымды кейіпкерлердің ішінен көңіл аударатындары – Зере, Ұлжан, Әйгерім, Дәркенбай, Михайловтар. Зере мен Ұлжан – мейірімді әділетке арашашы болу ұрығын жастай еккен осы қос ана болатын. Әйгерім – өз заманындағы искусствоның өрен жүйрігі. Ол – мейірімді ана, әдепті әйел ғана емес, ақыл парасаты жоғары, ұрымтал, ойшыл адам. Абай мен Әйгерімнің арасындағы тәтті, тату махаббаттың да арқауы – екеуінің жеке басындағы өнер ерекшелігі. Бірақ, Әйгерім өнерінің арашашысы жалғыз Абай. Сондықтан да Әйгерім қытымыр заманның өмір шеріне жүрегі толы адам болып көрінеді.
Дәркенбай – кедей ауылдың топқа түсері. Азуы алты қарыс Құнанбайға еселі сөзін айта алады. Сонымен қатар оның етек бастысы көп екендігін, әрекетінен мүмкіндігі басым жататындығын аңғарамыз.
Романдағы Михайлов – Абайдың «дүниеге көзін ашқан», ұлы ақынның болашағын көздеп бетін шығыстан батысқа – орыс мәдениетіне бұрған досы. Михайлов Чернышевскийлердің демократиялық пікірлерін қолдаушы, бірақ жастай жандарымның аңдуына түсіп, ағартушылық жолда қалады. Оның Абайға үнемі ағартушылық бағытта ғана кеңес беруінің де себебі осы жағдайға байланысты еді.
Романның тарихи шындықтағы дәлелдемесін тереңдете түсетін фактордың бірсыпырасы ескі ауыл өмірінің әдет-ғұрып салттарының кең шеңберде көрсетілуінде. Ас пен той, қыз ұзату мен шілдехана, ақындық пен серілік, аңшылық пен әуестік, барымта мен ұрлық, жұт пен зорлық, мансапқорлық пен парақорлық, ел намысы мен ер намысы үшін кескілесу тәрізді дала өмірінің ішкі мәселелері көркем тіл, жатық құрылған оқиғалар арқылы жете суреттеледі. Шығармадағы жоғарыда аталған әдет, салт, дәстүрі мәселелерінің әрқайсысын жеке алғанда қазақ тарихын зерттеушілерге аса құнды этнографиялық айғақ бола алатындығы күмәнсіз.
Романның эпилогінде жазушы отыз жыл бойына үнемі шиеленісу үстінде өрбіп келе жатқан оқиғаларға өте орынды қорытынды жасайды. Сілкілескен екі бағыт, табан тірескен екі топ, арпалысқан әкелер мен балалардың болашағы шолынады. Құранына үңіле қарап, тасбиғын тартып, көп күнәні арқалап, тірі аруаққа айналып, Абай жырларынан жаны түршігіп келмеске кеткелі жатқан Құнанбайды көреміз. Құнанбаймен қолтықтаса көрге төнген көп ескіліктің де елесі көңіл аударады.
Орыс халқының ұлы мәдениетінен рухани азық алып, Пушкин, Лермонтов шығармаларын аударып, қайнаған еңбек қуанышының үстінде отырған жаңашыл жастар ағасы Абайды көреміз. Ол даналық шыңына құлаш сермеп, болашақ ұрпаққа асыл мұра, өзіне зәулім мұнара жасап жатады. Абай жырлары әкелген жаңалықтар қараңғылық пердесін ысырып, ескіліктің етегін ыдыратып, дала өмірін кернеп бара жатқанын байқаймыз.
Тұрмыста әр уақыт жаңалық пен ескілік күресіп отырады. «Абай» романының жаңаның ескіні жеңуімен аяқталуы – түп мақсатты жазушының өте шебер шешкендігін дәлелдейді.
«Абай» романының қазақ совет әдебиетінің өсу жолындағы белгілі дәуірге ескерткіш болып қалатын шығарма екендігін, қазақ совет жазушыларының сүбелі шығармалар беру дәрежесіне жеткендігіне айғақ еңбек екендігін атап көрсетуіміз керек.
«Абай» романының Сталиндік сыйлық алуы бүкіл Қазақстан еңбекшілерінің қуанышы. Сондықтан да романның авторына совет халқының ерлік өмірінен ірі еңбектер жазып, жаңа табыстарға жетуіне тілектестік білдіреміз.
Қ.ЖАРМАҒАМБЕТОВ
«Социалистік Қазақстан», 12 апрель, 1948 жыл