Германияда 14-16 ақпан күндері Әлемдік қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы өткені мәлім. Жиында климаттың өзгеруі, әлемдік дағдарыс, сауда соғыстары, санкциялар, денсаулық сақтау, Еуропалық одақтың әскери серіктестігі, киберқауіпсіздік пен жаңа технологиялар жөніндегі келелі мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысқан бұл конференцияға халықаралық қоғамдастық жіті назар аударғаны белгілі.
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясындағы панельдік пікірталасқа қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азияның қазіргі жағдайы» тақырыбында сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы Қазақстанның географиялық орналасуы геосаяси тұрғыда маңызды екенін атап өтіп, Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау жолында еліміздің атқарып жатқан шаруаларына кеңінен тоқталды. Әсіресе, Қазақстанның Ауғанстанда бейбітшілік орнату жөніндегі бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Президент Қазақстанның Ауғанстанға көрсететін гуманитарлық көмегі жөнінде баяндап берді. Білім бағдарламасы аясында бұл елдің 1000 студентінің Қазақстанда білім алғанын, бүгінде ол бағдарламаның қайта жалғасын тапқанын назарға алды.
Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі тарапынан бөлінетін ауған əйелдеріне арналған гранттарға тоқталып, «Орталық Азия жəне Ауғанстан» форматының аймақтағы тұрақтылыққа үлкен үлес қосатынын атап өтті.
The Economic Times газетінің хабарлауынша, аталған панельдік пікірталаста көтерілген мәселелердің өзектілігін уақыт көрсетіп отыр. Ауғанстанда тұрақтылық орнату жөніндегі Қазақстан бастамаларына тоқталған басылым еліміздің өз еркімен ядролық қарудан бас тартуын да жоғары бағалады. The Economic Times газетінің пайымдауынша, мұндай қадам қазақ халқының даналығы мен көрегендігін анық аңғартады.
Euractiv агенттігі Мемлекет басшысының Еуразиялық интеграцияны ілгерілетудегі Қазақстан рөлі жөніндегі сөзіне екпін берді. Пікірталас кезінде Қ.Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың саяси астары жоқ, экономикалық жоба екенін айтты. Сондай-ақ 182 миллион тұрғыны бар аймақты қамтыған бұл ұйымның шетелден инвестиция тартудағы әлеуеті жөнінде әңгімелеп берді.
Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің төрағасы Ричард Хаастың пайымдауынша, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Мюнхен конференциясында өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатысты құнды пікір білдірді. Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстан Президенті панельдік пікірталастың негізгі мазмұнын егжей-тегжейлі ашып бергенін атап өтті.
«Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Қасым-Жомарт Тоқаев сындарлы әрі салмақты ұстанымын білдірді. Ол Орталық Азия тақырыбында, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастар тұрғысында баяндап берді. Осы орайда Ресеймен және Қытаймен байланыс төңірегінде сөз қозғады. Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанымы бүгінгі панельдік пікірталастың тақырыбына толық сәйкес келді. Осының негізі ретінде өңірлік өзара қарым-қатынасқа толық баға берілді. Президент мырза Орталық Азия өңірінің экономикалық әрі саяси дамуындағы Қазақстанның рөлі туралы атап өтті. Панельдік пікірталас қатысушыларына әлемдік сахнадағы Қазақстанның бастамалары мен ұстанымын толықтай түсіндірді», деді Р.Хаас.
Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ерлан Қариннің пікірінше, әлемдік сарапшылардың Орталық Азиядағы процестерге қызығушылығы артып келеді. Бұл – Қазақстанның аймақтық және халықаралық процестерде алатын ерекше орнын көрсетіп отыр.
«Мюнхен қауіпсіздік конференциясында алғаш рет Қазақстан басшысы қатысып отыр. Сонымен қатар бірінші рет Орталық Азияға арналған арнайы панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Бұл әлемдік сарапшылар тарапынан Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда болып жатқан процестерге қызығушылық артқанын байқатты. Жиын барысында Қазақстан Президентіне қойылған сұрақтар түрлі тақырыптарды қамтыды. Осы орайда аймақтық қауіпсіздік, Сирия мен Ауғанстандағы қазіргі жағдай, Орталық Азияның саяси-экономикалық дамуы, алпауыт елдермен қарым-қатынас, сондай-ақ коронавирусқа қатысты сұрақтар қойылды. Себебі бүгінде жалпы халықаралық жағдай АҚШ, Ресей мен Қытай секілді алып мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Дәл осы жағдайда қазір негізінен Қазақстан ғана аталған алып мемлекеттермен тиісті қарым-қатынас құрған. Пікірталаста бұл сұрақтардың қамтылуы осымен байланысты», дейді Ерлан Қарин.
Қауіпсіздік жөніндегі бұл жиын қазіргі таңда өте өзекті. Әсіресе, Таяу Шығыстың тынышы қашып, Аустралияны өрт жалмап, Қытайдан шыққан вирус халықты қынадай қырып жатқанда әлем елдері «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы» тиіс. Жиын барысында аталған мәселелер жан-жақты талқыланды.
Әйтсе де, жер жаһанның бұқаралық ақпарат құралдарының назары Мюнхен конференциясында айтылған тұшымды ойлар мен пікірлерге емес, АҚШ – Қытай – Еуропа үштігінің арасындағы қарым-қатынасқа ауды. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, АҚШ президенті Дональд Трамп ұстанған саясат трансатланттық қарым-қатынасқа сызат түсірген-тұғын. Ақ үй басшысының Париж келісімінен шығуы, Иран келісімінен бас тартуы секілді мәселелер «қарт құрлықтың» шенеуніктерін тығырыққа тірегендей көрінген-ді.
Екіншіден, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы да шартараптың түкпір-түкпіріне салқынын тигізіп үлгерді. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» демекші, екі алпауыт державаның экономикалық алаңда «шекісіп» қалуы дамушы елдерге оңай тиіп жатпағанына бүкіл әлем куә.
Үшіншіден, Еуропаның басында да бір құрлыққа жетерлік мәселелер жетіп-артылады. Мәселен, Таяу Шығыстан ағылған босқындардың жағдайы әлі күнге түпкілікті шешілген жоқ. Таяуда Ұлыбритания Еуропалық одақпен ат құйрығын кесісті. Оның үстіне, Шығыс блоктың ахуалы әлі де күн тәртібінде тұр. Әсіресе, Қытайдың Шығыс Еуропа елдерімен «15+1» форматындағы байланысқа екпін беруі де «қарт құрлықтың» саясаткерлерін алаңдатады. Жығылғанға жұдырық болғандай, Еуропаның бірқатар елінде популистер партиясының беделі артып келеді. Бұл да құрлықтағы ахуалды күрделендіре түсті.
Қысқасы, жиын барысында аталған мәселелердің бәрі жан-жақты талқыланды. Конференцияның ашылу салтанатында Германия президенті Франк Штайнмайер бірқатар мәселені сөз етіп, АҚШ-тың кейінгі саясатын түйрей кетті. Ф.Штайнмайер әлемдегі сенімсіздік пен тұрақсыздыққа АҚШ, Қытай және Ресейді айыптады.
Өз кезегінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ақ үй ұстанған саясат жемісін беріп отырғанын мәлімдеді. «Трансатланттық одақтың ақыры туралы пікірдің асыра сілтеу екенін айтқым келеді. Батыс жеңіске жетіп келеді. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз», деді ол жиын барысында.
АҚШ-тың қорғаныс министрі Марк Эспер де шығыстан келетін қауіп туралы ескертті. Оның сөзіне сүйенсек, Қытайдың Хуавей компаниясын нарығына енгізуді көздейтін елдер бұдан былай америкалық барлау қызметінің көмегіне жүгіне алмайтынын жеткізіп, сес көрсетті. Алайда Ақ үйдің өкілдері Қытайға қатысты қандай пікір білдірсе де, Еуропаның саясаткерлері үндеген жоқ.
Конференция барысында Ресейдің АҚШ-тағы президенттік сайлауға ықпалы сөз болған. Facebook желісінің негізін қалаушы Марк Цукерберг алдағы уақытта компаниясының фейк жаңалықтармен күресуді күшейтетінін мәлімдеді. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон Батыс елдерінің Ресейге қатысты көзқарасы қате екенін жеткізді. Оның пайымдауынша, тағы бір қырғи-қабақ соғыстың алдын алу үшін Ресей және оның президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізу қажет.
Қорыта айтқанда, Мюнхен конференциясы әлемде бейбітшілік орнатып, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын паш етті. Сондай-ақ аталған жиында әлі де шешілмеген мәселелердің көптігі, әлемдік державалардың өзара келіспеуі тұрақсыздықтың негізгі себебіне айналғаны сөз болды.