Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис тұрғындарымен өткен есептік кездесуде газдандыру жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Сондай-ақ бірқатар аудандардағы тұрғындардың үйлерін газбен қамту туралы сұрақтарына жауап берді. Әкім әсіресе Түрксіб ауданында өткен кездесуде тұрғындардың газ құбырының жоқтығына шағымданғанын атап өтті. Алатау ауданы бойынша магистральді желілер жоқ. Ал магистральді желілерді жүргізу аяқталса, бұру желілерінің тапшылығы себебінен газға қосылу мүмкіндігі болмай тұр. Газдандыру үрдісі экология және ауа тазалығы үшін де маңызды. Сондықтан қала әкімдігі жұмыстың осы бағытына қарқын беруде.
Қала әкімінің айтуынша, 2019 жылдың екінші жартыжылдығында 3000-нан астам жеке үй газдандырылды. Қала аудандарында халықтың әлеуметтік осал топтарын газ желілеріне қосу – қала үшін ерекше мәселе. Алатау және Наурызбай аудандарындағы 210 үйдің 62 үйін газ жүйесіне қосу жұмысы қалды. Екі ауданда да мердігер компаниялармен келісім-шарт жасалған. Жұмыстарды 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар қала әкімдігі Халық Банкімен бірлесіп мегаполис тұрғындарының газбен жылыту және үй ішілік жабдықтарға қосылуы үшін 0%-бен несие беру мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізді. Қазіргі уақытта несие беру мерзімі қарастырылуда. Сондай-ақ Халық банкінің аз қамтылған азаматтарды газға және газбен жылыту үшін үй ішілік жабдықтарға өтеусіз негізде субсидиялауы мәселесі қарастырылды.
Б.Сағынтаев процентсіз несие адамдарға газға қосылуға қаражат алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Өсімпұлсыз несиені 1жылға рәсімдеуге болады.
Жалпы, қала бойынша жеке сектордағы 2912 үй газдандырылмаған күйінде қалып отыр. Оның ішінде 1791 үй желіге қол жеткізе алса, 1121 үйдің қосылу мүмкіндігі жоқ. Жеткізушілермен бірге қалған 1121 үйге сыртқы желілерді жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Наурызбай ауданы тұрғындарының сұрағына жауап бере отырып, қала әкімі Б. Сағынтаев нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Наурызбай ауданының әкімі есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша аудан, әсіресе ықшам аудандарды аралап шығу тапсырылды. Әсіресе, бұл «Шұғыла» ықшам ауданына қатысты.