Орталық коммуникация қызметінің баспасөз мәслихатында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша холдингтің 2019 жылғы қызметінің қорытындылары туралы ақпарат берді.
«Әкімдіктердің облигацияларын сатып алу тетігі арқылы кредиттік тұрғын үй салу бағыты бойынша 108,8 млрд теңгеге бағалы қағаздар сатып алынды. Осы қаражат есебінен әкімдіктер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің (холдингтің еншілес ұйымы) салымшыларына және «7-20-25» бағдарламасының қатысушыларына белгіленген бағамен 10,6 мың кредиттік пәтерді тапсырды. Биыл әкімдіктерді 101,2 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарланған, бұл шамамен 10,4 мың пәтер. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің бағыты бойынша 2019 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғындарға 527 млрд теңгеге 50,3 мың жеңілдетілген қарыз берді, соның 67 млрд теңгесіне 8,6 мың қарыз «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде берілді. Бұл қарыздар мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға жылдық 5%-бен, 20% бастапқы жарнамен берілген. Бүгінгі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесінде 1,6 млн шарт бар, жинақ сомасы 806 млрд теңгені құрады. Банк теңгемен ұзақмерзімді салымдар бойынша бірінші орында. Сонымен қатар, өткен жылдың шілдесінен бастап аз қамтылған отбасылар үшін 20 жылға дейін жылдық 2%-бен жеңілдетілген ипотекалық кредит беру «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. Республикалық бюджеттен 50 млрд теңге бөлінді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 51,7 млрд теңге жалпы сомасына 5,2 мың өтінім келіп түсті, соның 50 млрд теңгесіне 5 мың өтінім мақұлданды. Биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайынғы беру жоспары 10 мың қарызды құрайды. Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры (холдингтің еншілес ұйымы) 71,4 млрд теңгеге жоспарлап, 88,8 млрд теңге жалпы сомасына жобаларды мақұлдады. Бұл коммерциялық нарықта 6 мың пәтер сатып алу үшін халықтың салымдарын қорғауға мүмкіндік берді. Биыл 90 млрд теңгеден астам сомаға құрылысты аяқтауға кепілдік беру жоспарлануда», деді Ә.Омарқожаев.
Сонымен қатар ол жеке құрылыс салушыларға кредиттерді субсидиялау бағыты бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялау үшін жалпы сомасы 49,6 млрд теңге болатын 47 жобаға қол қойғанын атап өтті.
«Құрылыс компаниялары үшін коммерциялық кредиттер құны орта есеппен 50% арзандады. Сонымен бірге салынған тұрғын үйдің жартысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына, «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға және коммерциялық банктерге белгіленген бағамен сатылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыс істеп тұрған операторлар саны екіге дейін азаяды – холдингтің тұрғын үй блогы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен алынған қарыздар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың сұранысын ынталандырады және Бірыңғай оператор функциялары арқылы тұрғын үй салу бойынша ұсынысты қамтамасыз етеді», деді ол.