• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Ақпан, 2020

Қайран, Құмсай!..

418 рет
көрсетілді

– Сіз білесіз бе, білмейсіз бе, қайдам, – дейді құмдақ жол­­мен зымырап келе жатқан «Нива»-ның рөліндегі ақ кепкілі, қараторы жігіт манадан бері үнсіз отырған мені әңгімеге тартқысы келгендей алдыңғы жақтағы сайға қарап, иегін қағып қойып: – Бұ жерде бұрын Құмсай деген ауыл болған!..

«Неге білмейін? – деймін мен іштей толқып. – Бала кү­німде талай рет келген жерім емес пе?!».

Көз алдыма сарғайған ескі суреттер секілді санамның бір түк­­пірінде қалған сол баяғы-ы оқиғалар елестейді. Ол кезде Құм­сай дегеніңіз мына сай­дың екі жиегінде қаз-қатар тізі­ліп оты­ратын кәдімгідей-ақ ауыл еді.

Бір күні шешем екеуміз күн бата жүк машинасымен ке­ліп, нағашы атамның үйінің жа­нынан түсіп қалдық. Ақ жау­лы­ғының ұшы желбіреп, ескі ке­бісін қонышынан басып, алды­мыздан қалбалақтап шық­қан нағашы апам қуанып, шешемнің көйлегінің ете­гіне жабысып, үрпиіп тұр­ған мені өзіне қарай тартып, екі бе­тім­нен кезек-кезек шө­пілдетіп сү­йіп жатыр. Сөйте жүріп, ше­шемнің жүзіне қарап: «Әй, саған не болған? Реңің сынық қой» деп алаңдап қояды. Жол бойы көзінің алдын әлсін-әлсін сүртіп, үн-түнсіз келген шешем: «Жай әншейін, кейін айтам», деді ақырын ғана шаршаулы күйде үн қатып.

Жаздыгүні болғандықтан түнге қарай есік алдындағы ағаш тапшанға төсек салып, сырт­қа жаттық. Жұлдыздары иін тіре­се жыпырлап тұрған қаракөк аспанға қарап, көзім ілініп бара жатқанда естігенім: «Қой әрі, не болса соған рен­жіспесеңдерші. Бұ күнде кім ішпей жүр дейсің... – деп күр­сінген нағашы апамның сөзі болды. – Бала-шағасын ұмыт­пай, тапқан-таянғанын үйіне әкеп жүрсе бопты да, әйтеуір. Ақы­лын қоса ішетін жігіт емес қой. Екеуіңнің ор­таңдағы мына бала да өсіп қалды. Биыл төртке шыға ма, қалай өзі?..» «Жоқ. Беске...».

Кіп-кішкентай бала болсам да, біздің үйге бір қатер төн­­­­­генін ішім сезеді. Түнде қор­­қы­нышты түс көріп, қай­та-қайта шошып ояндым.

Ертеңіне нағашым менімен түйдей жасты Кәдіржан деген баласы екеумізді биік жо­та­­­ның ар жағындағы фер­ма­ға апарып, орталықтағы дү­кеннің алдынан бір дәу қар­быз әперді де: «Ал енді, осыны үйге алып барыңдар!» деп тапсырды.

Біз оны кезек-кезек көте­ріп, әлгі жотаның ортан беліне жет­кен кезде сілеміз қатып, әбден шаршадық. Сол кезде мен: «Дабай, мұны дөңгелетіп апа­райық,» дедім бір жаңалық ашқандай болып. Кәдіржан аппақ күрек тістерін көрсете ыржиып, бірден келісе кетті.

Сөйтіп дәу қарбызды біз жо­ға­ры қарай домалата бас­тадық. Бірақ ол ырқымызға көнбей, төмен қарай дөңгелеп «қаша жөнелді». Әне-міне дегенше, пырш-пырш етіп тастан-тасқа секіріп, қып-қызыл суы шашырап барды да, осы беткейге ат па, сиыр ма арқандап жүрген біреудің суыра алмай, қалдырып кеткен қазығына соғылып, быт-шыт боп, шашылып қалды...

Ой, сондағы менің жыла­ға­­­ным-ай! «Мынау өзі, не боп кетті?! Біздің үй де, дәу қарбыз да қи­рап, бүлінді ғой!» деп өксіп-өксіп, көзімнің жасын бырт-бырт үздім...

Сол күні Кәдіржан екеуміз нағашы атамның қаһарынан қор­қып, бірден ауылға баруға бата алмай, кешке дейін фер­маның шетінде сандалып-сандалып қайтып келсек, үйдің жанында бір үлкен жүк машинасы тұр. Түндегі біз жатқан тапшанның үстіне үлкен ақ дастарқан жайы­лыпты. Тап бір той жасап жат­қандай үй іші арқа-жарқа, мәз-мейрам.

Төрге жайғасқан екі-үш қонақ­тың төменгі жағында отыр­ған әкемді көріп, жүгіріп барып құшақтай алдым. Оның ойында да ештеңе жоқ, қарқ-қарқ күліп, бауырына басып, маңдайымнан иіскеп жатыр.

Ертеңіне біз – әкем, анам үшеуміз әлгі жүк машина­сы­ның кәбіңкесіне сығылыса отырып, үйге қайттық.

Міне, сол Құмсай ғой бұл! Осыдан кө-ө-өп жыл бұ­рын анау биік жотаның ар жа­ғындағы ферма кеңшар орта­лы­ғына айналды да, мұн­дағылар түп-түгел сонда көш­ті. Қазір әр жерде бір төмпешік бо­лып, ескі жұрттың орны ғана қалыпты...