Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен коронавирустық инфекция бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында ол коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары күшейтілгенін атап өтті.
«Ведомствоаралық комиссияның келісімімен Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес коронавирустық инфекция (Сингапур, Жапония, Таиланд, Оңтүстік Корея, Гонконг САР және ҚХР Макао САР, Тайвань (ҚХР), тараған елдерден Қазақстанға келген азаматтар шекарадан өткен күннен бастап 24 күн медициналық бақылауда болады. Мамандар 14 күн бойы үй-үйді аралап тексереді және 10 күн қашықтан мониторинг жүргізеді. Жалпы Қазақстанға келген 488 мыңнан астам адам қаралды. Респираторлық ауру белгілері және дене қызуы жоғары 175 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 науқас стационарлық емдеуде қалады. Емделушілердің жағдайы қанағаттанарлық, коронавирустық инфекция ауруы расталмаған. Ресми және үкіметтік делегация өкілдерінің, сондай-ақ қызметтік және дипломаттық паспорттар иелерінің, авиакомпания ұшқыштарының және қолайсыз аумақтардан келетін экипаж мүшелерінің денсаулығына да 24 күн қашықтан мониторинг жүргізіледі. Медициналық ұйымдар 6 қаңтардан бастап Қытайдан келген азаматтардың денсаулығына тұрғылықты жері бойынша мониторинг жүргізуде. Бүгінге дейін 24 мыңнан астам адам қатаң бақылауда болды, қазір 23 647 адам мониторингтен шығарылды, ал соңғы 14 күнде келген 789 адам, ауруханаға жатқызылған. Яғни медициналық бақылауда. Олар 14 күндік стационарлық карантинде болғаннан кейін шығарылады. Денсаулық сақтау министрлігі қауіпті, күмәнді аймақтардан келген қазақстандықтарға өзге адамдармен байланысты үзіп, үй жағдайында карантинді жалғастыруды ұсынады», деді ол.
Сонымен қатар Е.Біртанов Зайсандағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Елімізге келіп жатқан транзиттік тауарлар да бар. Сол көліктер арқылы шекараны кесіп өткен жүргізушілер Шығыс Қазақстандағы Бақты және Майқапшағай бекеті арқылы келеді. Одан бөлек темір жол арқылы өтетін пункттер бар. Біз күнделікті мониторинг жасаймыз. Санитарлық дәрігер сол жерде тұрады. Тепловизорлар бізде бар. Резервтен алынған ақша бойынша қосымша тепловизор алуға қазір тырысып жатырмыз», деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуына қарағанда, шекарадан өткен барлық жүргізушіге бақылау жүргізу керек.
«Мысалы біздің ақпарат бойынша Қытайда бизнеспен, саудамен айналысатын бірнеше Қазақстан азаматы бар. Олар елге қайтуы қажет. Біз оларға мүмкіндік беруіміз керек. Әрине тәуекелдер бар. Олар қауіпсіздікке байланысты келгеннен кейін бақылауға алынуы тиіс», деді министр.
Е.Біртанов Зайсанда «Қытай азаматтары келіп жатыр» деген жалған ақпарат тарап кеткенін атап өтті.
«Бұл әрине дұрыс емес. Мәселен, өткен тәулік бойынша Майқапшағайдан ешкім өткен жоқ. Күнделікті көп болса, Шығыс Қазақстан бойынша 10-15 адам өтеді. Олардың бәрі – біздің азаматтар. Алматы облысы бойынша 20-30 адам өтеді. Әлбетте олар елге келгеннен кейін әрі қарай инфекцияны тарату қаупін болдырмау үшін алдын алуымыз қажет. Соған байланысты сол жерде арнайы карантиндік станса ашу керек. Сондай бұйрығымыз болған. Оны азаматтар сол ауылдың амбулаториясына жатқызады деп түсінген. Шешім бойынша біздің арнайы стационар – Зайсан ауданының орталық ауруханасындағы арнайы бөлек инфекциялық ауруға арналған корпусқа орналасады», – деді ол. Министр сонымен қатар Шығыс Қазақстанда инвестициялық жобалар бойынша жұмыс істеп жатқан Қытай азаматтары барын жасырмады.
«Құпия жоқ. Олардың арасында жақында Қытайдан келген азаматтар да бар. Олар біздің бақылауымызда. Тіркелген ауру адамдар жоқ. Олардың денсаулығы дұрыс болса әрі қарай жұмыс істеуге мүмкіндік беруіміз керек. Себебі олардың келісімшарттар бойынша өз жауапкершіліктері бар», деді Е.Біртанов.