Халықаралық экскурсия жүргізушілерінің мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға Алматының 7 музейінен іріктелген білікті мамандар қатысты. Олар виртуалды экскурсия, менің сүйікті экспонатым және тарих, өнер, әдебиет бағыттары бойынша бақ сынады.
«Экскурсияны жүргізу барысында көптеген қателіктерге жол беріледі. Олар: артық қимыл-қозғалыстар мен паразит сөздер. Міне осындайлардан арылу үшін біздер үнемі ескерту жасап, тереңдетілген дайындықтан өткізіп, ұдайы дайындық жұмыстарын жүргізіп отырамыз», - деді «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» директорының орынбасары Қайрат Тарбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экскурсия жүргізушілеріне қойылар талап күшті. Олар жан-жақты, тілі жатық, тарихтан хабары болуы тиіс. Мықты маман ең қарапайым деген жәдігерге өтімді ақпарат бере алады. Сондықтан мұндай шараның өтуі экскурсия жүргізушілерін шыңдап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді дейді қатысушылар.