Павлодар өңірінде жылу тапшылығы жыл сайын байқалады. Тұрғындар тарапынан жылу қуатының жетіспеушілігіне қатысты шағымдар да көбейіп келеді. Жылу тапшы болса тарифтер де өседі. Сондықтан жергілікті мамандар озық технологиялар мен инновацияларды қолдану арқылы жылу-энергетикалық инфрақұрылымды түбегейлі өзгерту қажет деп санайды. Биыл қайта қыс қаһарлы болған жоқ. Аяздың келер жылдары қақап, қайта оралатыны сөзсіз...
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықовтың айтуынша, жылыту қондырғыларының аздығы мен магистралдық жылу желілерінің қажетті деңгейде жылу көлемін өткізе алмауы аталған күрделі мәселені туындатып отыр. 2030 жылға дейінгі Бас жоспарға сәйкес, облыс орталығын қысқы маусымда жылумен қамтамасыз етудің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұл арқылы Павлодар қаласындағы жылу желілерін кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізіп, жылу құбырларын жаңадан салу жоспарлануда. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде екен. Бұған дейін де облыс орталығындағы жылу желілерін жаңарту үшін қыруар қаражат бөлініп, бірнеше инвестициялық жобалар жүргізілді. Мысалы, «Павлодарэнерго» АҚ №3 жылу орталығында қайта жаңғыртудан кейін №5 турбина іске қосылды. «Жаңғыртудан өткен турбоагрегат электр энергиясын 20 МВт-ға артық өндіреді. №5 турбинаның роторлары мен жоғары және орташа қысымдағы цилиндрлері ауыстырылды. Станса қуаты 110-нан 130 МВт-ға дейін ұлғаяды.
Жобаның құны – 6 млрд теңгеге жуық» деген ақпараттар таратылды. Бірақ, қала ішіндегі желілердегі ақаулар, жарық, көше бойы қазылған шұңқырлардың проблемалары әлі жалғасуда. Жылу желілерінің әбден тозығы жеткен. Оның бұдан әрі шыдап тұруының өзі де мүмкін емес. Бұл талай жыл бойы айтылып келе жатқан мәселе. Ал қалалық тұрғын үй инспекциясының маманы Нұрлан Рашитов жылу тапшылығы гидравликалық температура параметрлерінің болмауынан екенін айтады. Жылу параметрлері кей үйлерде +17-ге төмендеген. Желілік судың қысымы да төмен.
Әрине, инфрақұрылымды түбегейлі өзгерту қажет екені даусыз. Қазір қала әкімдігі мен «Павлодарэнерго» АҚ бірлесе Естай, Марғұлан көшелері арқылы №5, №31 жаңа жылу магистралін салу жобаларын әзірлеуде. Былтыр «Қазақстан алюминийі» АҚ-ға қарасты №1 жылу орталығы және Екібастұз жылу электр орталығында техникалық шағын апаттар жиіледі. Пайдалану уақыты өткен қазандықтардың әлсіз жұмысынан пәтерлерде жылудың мөлшері тұрақты сақталмаған. Қазандықтарды күрделі жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда. Кәсіпорынға қарасты ЖЭО-1 6 қазандықты іске қосқан. Қосымша қазандық есепке алынбаған көрінеді.
Екіншіден, монополистер «тарифті көтермесе, тозған жылу желілерін жаңарту мүмкін еместігін» айтады. Бірақ,тарифті өсіріп, кәсіпорындарда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу де жылу тапшылығына әсер ете қоймасы анық. Өйткені, тозған жылу желілерін ауыстыру жұмыстары «Нұрлы жол», 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламалары арқылы жүргізілуде.
Былтыр ЖЭО-3-те өткен облыс әкімдігінің көшпелі мәжілісінде жылу тапшылығы мәселесі талқыланды. Жиында облыс орталығында жылу тапшылығын болдырмау үшін, алдағы жылдары қаланың шектеулі аудандарын жылу қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жылумен жабдықтаудың жаңа сызбасы әзірленетіні айтылды. «СЕВКАЗЭНЕРПРОМ» ЖЗҚ ЖШС Бас директоры Владимир Пешковтің сөзінше, жоба жасаушылар жылу тапшылығындағы түйткілді нүктелерді анықтаған. Біріншіден, магистральды жылу желілерінің жылу өткізу жүйелерінде әлі де ақаулар бар, ал, жылу өткізгіштер әрқашанда ағымдағы және алдағы жылдардағы жүктемелерді қабылдауға дайын болуы тиіс. Екінші мәселе, қолданыстағы энергия көздерінің жылу қуаттары бөлігін сақтау қажет. Қазір №1, №2, №3 жылу орталықтары облыс орталығын жылумен қамтамасыз етеді. Салыстырмалы талдау барысында қосымша жылу қуаты №3 орталықта жеткілікті, ал №2 орталықта болмашы ғана қосымша жылу қуаты қалады. Сондықтан №1 жылу орталығына түсер салмақ көп, жылумен қамтамасыз етуде жаңа құрылыстың негізгі бөліктері – «Сарыарқа», «Достық» шағын аудандары, сондай-ақ, қаланың өзге де шағын аудандары бар. Сол себепті жылу тапшылығы бар. Қорытындысында, алдағы жылдары өсіп келе жатқан жылу жүктемелерін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар әзірлеу қажет.
Мәселенің мәнісіне келсек, облыс орталығын жылумен жабдықтаудың жаңартылған жобасы былтыр Үкіметте қорғалған Бас жоспарға байланысты жасалады. Ал басқарма басшысы жылу тапшылығының облыс орталығын әрі қарай дамытуға кедергі келтіретінін айтады.
Қазір облыста 752,5 мың адам тұрады, қала халқының саны – 531,1 мың.
– Өткен жылы «Нұрлы жол», «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламалары бойынша 34,9 шақырым жылу желісі, 33,5 шақырым кәріз жүйесі ретке келтірілді. Биыл облысқа сумен қамту және кәріз жүйелерін жасауға республикалық бюджеттен 6,7 млрд теңге бөлінеді, – дейді М.Әбілқалықов. Бұл қаражатқа өңірдің коммуналдық кәсіпорындары сумен қамту жүйелерінің 22,2 шақырымын, кәріз жүйелерінің 9 шақырымы мен жылу желілерінің 2,5 шақырымын жөндеуді жоспарлауда. Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Тозығы жеткен желілер көлемін қысқарту үшін жыл сайын жылу желілерінің 40 шақырымын, сумен қамту желілерінің 53 шақырымын және кәріз жүйелерінің 38 шақырымын жөндеу қажет екен. Екіншіден, өткен жылы салынған тұрғын үй көлемі 332,7 мың шаршы метрді құрады. 2020 жылы 400 мың шаршы метр, 2021 жылы 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу туралы тапсырма бар. Әрине, құрылыс қарқыны көңіл қуантады. Бірақ, осыншама тұрғын үйді жылыту үшін қосалқы жылу орталықтарының, қосалқы стансалардың қажеттігі айтпаса да түсінікті. Тұрғын үй құрылысын жобалау барысында инфрақұрылымдық жүйелерді, қосалқы жылу орталығы мен стансаларды іске қосуды ойластырмаған соң бұрыннан тұрып жатқан тұрғындарға жылу жетпей, шағымдана бастады. Мысалы, биыл «Павлодар жылу желілері» ЖШС жеткілікті деңгейде жылытылмаған, жылу беру көрсеткіштері төмен болған Толстой-90, Киров-89, Естай-91 мекенжайындағы көпқабатты үйлерді қыс ішінде басқа жылу желілеріне қосуға мәжбүр болды. Яғни, облыстағы №1 жылу беру орталығының тозығы жеткенін ескерсек, балама жылу көздерін іздеу қажет.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, жылу тапшылығын болдырмаудың бір жолы – облыс бойынша автономды қазандықтарды пайдалану жобасы. Жоба аясында 10 аудан мен 3 қалада 360 автономды қазандық орнату көзделуде. Құны – 7 млрд 234 млн теңге. Әлеуетті жеке серіктес – «Сапро-НАТ» ЖШС. Облыстың әр қаласы мен ауданына қызмет көрсету үшін 13 өңірлік бөлімше құрылады. Осы арқылы жеке инвестициялар есебінен жұмыс істеп тұрған қазандықтар жылытылатын үй-жайда тұрақты температураны ұстап тұратын, қуаты 110-нан 800 кВт-қа дейінгі қатты отынды қазандықтарға ауыстырылмақ. Қазандықтар жоғарыдан төменге қарай жану қағидаты бойынша автоматты басқарылады.
Өңірде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық үшін коммуналдық қызмет тарифтеріне өзгерістер енгізілді. Жоспарға сәйкес, жылумен қамту бағасы бюджеттік ұйымдар мен бизнес өкілдері үшін 19 пайызға, ал тұрғындар үшін 10 пайызға қымбаттады. Жылумен қамту тарифі 2,9 пайызға, электр қуаты 10 пайызға өсті.
Айта кету керек, биыл 2009 жылдан бері тұрған Екібастұздағы отын-энергетикалық кешен үшін мамандар даярлайтын орталық ашылды. Болашақта кәсіби мамандар мен менеджерлер облыс орталығында, Екібастұзда, Ақсуда жылу тапшылығының болмауы үшін қызмет етеді деген үміттеміз.
Ал, Елбасы «Сарыарқа» жобасын ұсынғанда газ құбырын Петропавл мен Павлодарға дейін тартуды тапсырған-ды. Газ құбыры Қарағандыдан Баянауылға, Майқайың арқылы Екібастұз бен Павлодарға тартылатын болса, жылу қуаты да көбейіп, өңір экологиясы, қоршаған орта да тазарып қалар ма еді...
Павлодар облысы