Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау көп. Тұрғындардың тірлігін тіктеуге, нәсібін кәсіптен табуға арналған жобалар ауылда тұрып та алға басуға мүмкіндік береді.
Еліміздегі «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқыған Гүлфайруз Рахметова чипс өндіруді қолға алған. Байзақ ауданының Құмжота ауылында тұратын жас кәсіпкер 29 жасқа дейінгі қайтарымсыз грантты жеңіп алып, мемлекет тарапынан берілген 1,5 миллион теңгеге көкөністерді кептіретін аппарат сатып алыпты. Қазір үйінен түрлі жемістерді кептіріп, чипс шығаруда.
Ол өнімдерді алма, апельсин, киви, ананас секілді жемістерден жасайды. Еш қоспасыз, табиғи өнімдерді өндірудегі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамту арқылы отандық кәсіпкерлікті дамыту. «Алма және апельсин сияқты жемістерді Байзақ ауданынан аламыз. Бүгінде тұтынушылар тарапынан аз болса да тапсырыс түсіп жатыр. Егер отандық өнімге деген сұраныс жақсы болса, бір күнде 200 қорапқа дейін чипс шығарып беруге дайынмын. Бұл өнім әсіресе диета ұстайтын азаматтар мен балаларға өте пайдалы. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ, таза өнім», дейді Гүлфайруз Рахметова.
Жас кәсіпкер шығарған өнімдерін әзірге инстаграм әлеуметтік желісі арқылы жарнамалап сатуда екен. Дегенмен, ол Тараз қаласындағы ірі сауда нүктелеріне өнімді өткеру қиынға соғып тұрғанын да жасырмады. Дүкен сөрелерінде шетелдің шығарған өнімдері самсап тұрғанымен, шынында да отандық өнімдер аз кездеседі. Бұл ретте мемлекеттің қолдауын көріп отырған Гүлфайруз Рахметова енді өңірде отандық өнімдер топтастырылған дүкендер желісі құрылса екен деген де тілегін жеткізді. «Сонда өзімізден шығатын өнімдердің бәрі бір жерде сатылып, халықтың да сұранысына ие болар еді», дейді ол.
Жамбыл облысы