Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында митинг өткізу туралы заңды жетілдіруді міндеттеген болатын. Президент Конституцияға сәйкес елдің өз пікірін еркін білдіруге және тәртіп бұзып елдің мазасын алмаса, ондай шерулерді өткізуге рұқсат беру қажетті туралы айтқан еді.
Облыс орталығындағы Достық үйінде митинг өткізуге байланысты жаңа заңды талқылаған келелі кеңес өткізілді. Қоғам белсенділері, заңгерлер, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан басқосуда алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов дайындалып жатқан жаңа заң жобасының ерекшеліктері туралы бүге-шегесіне дейін екшеп айтып берді.
– Қазіргі қолданыстағы заң 1995 жылы қабылданған болатын, – деді Жанат Мұратұлы. Уақыт бір орнында тұрмайды. Қоғам алға дамыған сайын өзгерістер де орын алып жатады. Кесіп айтқанда бұрынғы заң бүгінгі күннің талабына толық жауап бере алмайды. Сондықтан келісе отырып жаңа заңның жобасын ақыл таразысына салып, екшеген ләзім.
Әдетте митинг дегенде көзалдыңызға дау-дамайға толы жиын елестер еді. Осындай пікір қалыптасқан. Шынтуайтында бұл жиын ел ішінде қордаланып қалған мәселелерге биліктің назарын аударып, елге шарапаты тиетін шаруаны талап ету. Егер сіз митинг өткізгіңіз келсе жергілікті билік органдарына бейбіт шеру туралы толыққанды ақпарат беріп өтініш жазуға тиістісіз. Әкімдік шешім қабылдайды. Егер рұқсат етілген жерде өзге шара өткізілетін күні бұрын жоспарланып қойылса, онда дәл сондай жер ұсынылмақ. Рұқсат алған соң негізгі тақырыптан ауытқымай тәртіпті сақтау талап етеді. Жергілікті билік нақты себептермен митинг өткізуге тыйым салуы да мүмкін.
Жаңа заң жобасы азаматтар тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Мәселен, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов заңда әр шараның мәні, атауы нақты аталуы керек деді. Болат Сүлейменұлының пайымдауынша негізі жаңа заң жобасы елдің көкейінде жүрген мәселелерді тап басып білу үшін тиімді. Бұрынғы заңда болған көптеген шектеулердің алынып тасталған қоғамда демократиялық үрдістерді дамытуға бағытталған айқын қадам деп айтсақ артық болмас еді деген пікір білдірсе, еңбек ардагері Қабиболла Ғазезов жаңа заң жобасындағы кейбір мәселелерге тоқталды. Оның ойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері туралы баптың қажеті жоқ. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өз заңы бар. Сол заңға сәйкес жұмыс істеулері керек. Сондықтан оларға қойылатын талап пен міндетті екі заңда қабат қамтудың қажеті жоқ.
Жаңа заң жобасында ұйымдастырушылардың, қатысушылардың құқығы мен міндеттері айқын көрсетілген. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілеттігі де айқын жазылған. Заңға сәйкес митинг өткізудің механизмі нақты көрсетілген.
Қабиболла Ғазезов негізінен жаңа заң жобасы халыққа жақын, елдің мүддесін қорғайтын құжат екендігіне баса тоқталып, митингке қатысушы адамдардың қалталарына суық қару салып жүрмеуі керектігін, әркім мұндай тәртіпсіздікке кез келген уақытта жол бермеуі тиістігін айтты.
Жиынға қатысқан азаматтардың пікірі негізінен жаңа заң жобасы халық пен билік арасындағы алтын көпір болады деген тұжырымға тоқтады.
Көкшетау