Жамбыл өңірінде қолға алынып, ел Үкіметінен қолдау тапқан тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасы халыққа берілген үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан берілген несиеге мал алып, тірлігін тіктеп отырған шаруалар көп. Алайда, бөлінген қаражат қалай игерілуде? Облыстың 10 ауданынан таңдалып алынған 11 ауылдық округтің тұрғындары берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр ма?
Бүгінде аталған жоба аясында 5,4 миллиард теңгеге 1,7 мыңнан астам өтінім қаржыландырылған. Одан бөлек тағы 664 өтінім «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен қаралуда десек, олардың қорытындысы биылғы 10 наурызға дейін белгілі болады. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев жобаның барлық бес бағыты аясында аймақ бойынша таңдалып алынған пилоттық 11 ауылдық округтегі аулалардың 88 пайызы қатысып жатқанын мәлімдеді.
Бұл қанатқақты жобаның тек облыс ғана емес, сондай-ақ, барша еліміздің тұрғындарының тұрмысын арттыру жолындағы маңыздылығы орасан. Осы мәселеге орай өткен жиында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті жерлердегі әкімдер ұтымды ұйымдастыру жұмыстарын күшейту керектігін айтқан еді. Сонымен қатар әкім кепіл құжаттарының қаралуына көп уақыт кетіп отырғанын, мал сатып алуға бөлінген 5,3 миллиард теңгенің бүгінге дейін тек 2,2 миллиард теңгесі ғана игерілгенін де ескерткен.
Алдағы уақыттарда әрбір елді мекенде жобаны іске асыруға арнайы жауапты адамды бекітілетін болады. Әкім өзінің орынбасарлары Мұратхан Шүкеев пен Нұржан Календеровке көктемгі егіс дала жұмыстары басталғанға дейін, яғни 10 наурызға дейін өтініш берушілердің құжаттарын толық рәсімдеп, несиелендіру, жер телімдерін беру, мал мен техниканы сатып алу бойынша іс-шараларды аяқтауды да тапсырған.
Жамбыл облысы