Алматыда заңсыз қару-жарақ сатқандар сотталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Есте болса, былтыр маусым айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті атыс қаруын жеткізумен заңсыз айналысқан халықаралық арнаның жолын кескен болатын.
«Заңсыз айналымнан 3 «Калашников» автоматы, 3 гранатаатқыш, 2 жауынгерлік граната, 14 тапанша, 1700-ден астам патрон мен қарудың керек-жарағы алынды. Осыған байланысты Алматы қаласы мен Алматы облысының 10 тұрғыны қылмыстық жауапқа тартылған еді. Сотқа дейінгі тергеу барысында ішкі істер органдары қызметкерінің қылмысқа қатысы бары анықталды. Лауазымды адам ҚР ІІМ теңгерімінде тұрған оқ-дәріні ұрлап келген» деп хабарлады комитет өкілдері.
Сонымен қатар қару құрастыру бойынша жасырын шеберхананың әрекеті тоқтатылған. Биылғы 27 қаңтарда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен айыпталушылар әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.