Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның геологиялық барлау тұжырымдамасына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Баспасөз мәслихатына Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешов, министрліктің Геология комитетінің төрағасы Ақбатыр Надырбаев және Қазақстан мұнайшы-геологтер қоғамының президенті Балтабек Қуандықов қатысты.
Спикерлердің ақпараты бойынша қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарлама әзірленуде, оның басты міндеті – шикізат базасын толықтыру, салаға инвестиция тарту. Вице-министр С.Жаркешов атап өткендей, 76 нысанда жүргізілген геологиялық зерттеулер нәтижесінде республиканың барлық өңірлерінде пайдалы қазбаларды анықтауға арналған перспективалық кен орны анықталды.
Мәліметтер бойынша алтынның болжамды ресурстары – 2,3 мың тонна, мыс – 33 млн тонна, полиметалдар 35,6 млн тонна деп бағаланады, 500 мың тонна сирек металдар (қалайы, вольфрам), сондай-ақ литий және сирек жер элементтері ресурстары бар. Ал көмірсутегі қорлары 4,4 млрд тоннаны құрап отыр.
«Біз жаңа ашылулардың әлеуеті зор екеніне көз жеткіздік. Осы арқылы әсіресе Жезқазған, Сәтбаев, Зырян және Риддер қалаларының маңында жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру мүмкіндіктері бар» деп атап өтті С. Жаркешов.
Спикерлер өз сөздерінде 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарламаны іске асыру: зерттеу үшін қолжетімді 1,25 млн шаршы шақырым аумақтың зерттелуін 37%-ға дейін жеткізуге; пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын бағалауға және шамамен 40-50 перспективалы учаскелерді анықтауға; шөгінді бассейндердің зерттелу дәрежесін арттыруға, соның ішінде игерілген бассейндердің зерттелу деңгейін 60%-ға дейін, аз зерттелгендерді 10%-ға дейін жеткізуге, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутегі шикізатының басым түрлері бойынша болжамды ресурстардың өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.
Геологиялық ғылымды дамытуға баса назар аударылатын болады. Соның ішінде өңірлік іздестіру және барлау сатыларын ғылыми-зерттеу және талдамалық сүйемелдеуге ерекше екпін түсірілмек.
Осы ретте айта кететін бір мәселе, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін бөлінген 200 млрд теңге бюджет салымы 800 млрд теңге болып қайтады деген болжам жасалуда. Яғни әрбір салынған 1 теңге 4 теңге пайда әкеледі деп күтілуде.