• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Ақпан, 2020

Абайдың 100 жылдық тойында күрескен Смағұл балуан жайлы не білеміз?

1617 рет
көрсетілді

«Әй, қарғам-ай, қазақтың керемет баласы екенсің, маңдайымызға сыйсаң жақсы ғой» депті Қажекең.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында тарих доңғалағын сәл-пәл кері айналдырып, 75 жылға шегініс жасап, ұлы дүбірдің елеусіз қалған бір мезетіне тоқталғымыз келіп отыр. Ақынның 1945 жылы өткен 100 жылдық тойында әдеттегідей ат бәйгесі, балуан күресі болғаны белгілі. Бір деректерде балуандар бәсекесінің финалында ақсуаттық Дәулен Әбікенов пен абыралылық Әшкен есімді қара күш иесінің белдесіп, бірінші балуанның басым түсіп, бас жүлдеге қойылған атан түйені әйгілі Қажымұқан Мұңайтпасовқа сыйға тартқаны туралы айтылады. Ал Дәулен Әбікенов бір естелігінде сол тойда өзінің бір жыл бойы арнайы дайындалған, шынжырланған балуанмен күресіп, жеңгенін тілге тиек етеді, бірақ аты-жөнін айтпапты.

(Суретте: Бірінші қатарда солдан оңға қарай үшінші Смағұл Рахымұлы, екінші қатарда солдан оңға қарай үшінші әкесі Рахым)

Біздің айтпағымыз, Абай Құнанбайұлының 100 жылдық тойындағы балуандар күресіне Абыралы өңірінің тумасы Смағұл Рахымұлының қатысқандығы жөнінде. Бұған дейін беймәлім болған бұл деректі бізге Смағұл балуанның бүгінде Алматыда тұратын туған қарындасы Үміт Қапалбаева жеткізді. «Әкем Рахым Мырзахметұлы Абыралы өңіріндегі Тезекбай қыстағында бақташы, анам Шарбан Әкітайқызы сауыншы болған. Әкем 96 жасында, анам 47 жасында өмірден өтті. Мені нағашы апам, анамның сіңілісі Сәкен Әкітайқызы тәрбиелеп өсірді. Ағам Смағұл 1918 жылы Келдібай қыстағында туған. Ресейдің Новосібір облысының Обь ауданында жұмысшылар факультетін бітірген соң бұрынғы Абыралы ауданының Қайнар ауылына жақын Көкшетау стансасындағы мектепте партия ұйымының хатшысы болған әрі мектепте математика пәнінен сабақ берген. Әкемнің бойы 2 метр, 10 сантиметр, ағамның бойы 2 метр, 15 сантиметр болған» дей келе ағасының 1945 жылы Абайдың 100 жылдық тойында балуандар бәсекесіне түскенін әңгімелеп берді.

(Суретте: солдан оңға қарай бірінші Смағұлдың әкесі Рахым)

Үміт Рахымқызының айтуынша, Смағұл балуандар сайысына Абыралы ауданының атынан қатысып, бірінші орын иеленіпті. «Жүлдеге түйе тіккен екен, ағам олжасын сол жерде күш атасы Қажымұқанға сыйлапты. Ал Қажымұқан тәбәрік ретінде бетін сүртіп отырған қол орамалын беріпті. Берген кезде: «Әй, қарғам-ай, қазақтың керемет баласы екенсің, маңдайымызға сыйсаң жақсы ғой» депті Қажекең. Ағам осымен тоқтамай сол күні тағы да күресіп, жүлдеге жорға алып, оны Айтқазы ағасының жұбайы, жеңгесі Сәуле Дөнентаеваға тарту етіпті. Өкінішке қарай, ағам осы күрестен кейін 7 күн тілсіз жатып, 27 жасында қыршын кетті. Шешемнің айтуынша, жауырыны қарайып кеткен екен. Көз тиген бе, сөз тиген бе, кім біледі?! Осыдан біраз жыл бұрын Қайнардың жанындағы Станса деген жерге ағамның құрметіне белгі қойдық» дейді балуанның қарындасы.

(Суретте: Рахым Мырзахметұлы)

Көпшілік бейхабар болса да, Смағұл балуанның Абайдың 100 жылдығындағы тойда күрескенін Абыралы өңірінің тумалары ұмытпай айтып жүреді. «Ол кезде мен 7-8 жастағы баламын. Еміс-еміс есімде қалыпты. «Смағұл Абай тойында күресті» деп әкем айтып отыратын. Менің әкем Абайдың 100 жылдық тойында әйгілі балуан Қажымұқан түскен киіз үйдің сойыс малын қарап, көмектесіп, күтушілік қызмет атқарған еді» дейді бүгінде Алматыда тұратын мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жыл Алматы облысында басшылық қызметтер атқарған, Абыралы өңірінің тумасы Төлеужан Сәдіқұлов.

Үміт Рахымқызы сөз арасында «Атам Мырзахмет Байсүгіров Құнанбаймен бірге қажылыққа барған» деген тың мәліметті алға тартып, нағашыларының заманында «бай тұқымы» деп қуғын көргеніне тоқталды. «Мырзахмет Қайнардағы Қобыланды тауының қасындағы Келдібай қыстағында туған. Сол жер Николай патшаның мөрімен атама берілген екен. Кейін бұл жерге немере інісі Аман Қапақов, соңынан ұлы Сағын Қапақов ие болып қалады. Нағашы атам Әкітай ауқатты кісі болған. Омбы мен Орынбордан шеберлер алғызып, Жидебайда тастан бірнеше үйлер қалатыпты. Әкітайдың қоралары әлі күнге дейін сақталған. Ол кісі заманында сән-салтанат құрып, серілік ғұмыр кешіп, 12 қанатты киіз үй тігіп, тайпалтып жорға мінген. Сол жорғаларын бәйгеге қосқан. Кейіннен нағашы атамды «бай» деп көрсеткеннен соң қызы Сәкенді, ұлы Жақияны алып, Новосібірдегі Кунтаков деген тамырының үйін паналауға мәжбүр болады. Бір күні Новосібір базарында қайнарлық бір жерлесін кездестіріп, ол атамның мекенжайын сұрап, алып қалады. Сол күні түнде Әкітайды НКВД жендеттері алып кетеді. Нағашы атам кетіп бара жатып: «Мені базарда жолықтырған жерлесім көрсетіп жіберген болуы керек. Ұлды интернатқа тапсыр, қызға өзіңнің фамилияңды бер» депті шешеме. Осылайша, мені тәрбиелеп өсірген Сәкен шешем Кунтакова деген фамилия алған. 1955 жылы әкесін іздеп, Мәскеуге хат жазды.  Үш айдан кейін «Әкеңіз КОМИ АССР-де түрмеде көз жұмды» деген жауап келді. Әкітайдың баласы менің ағам Смағұлмен Новосібірде барлау мектебінде оқыған екен. Соғысқа қатысты. Мені өсірген Сәкен апам суырып салма ақын болатын. Алматыда өткен ақындар айтысында гармонмен жыр сайысына түскен» деп тебірене еске алды.

Үміт апамыз әңгіме соңында Абайдың 100 жылдығында күрескен ағасы Смағұлдың таққан белбеуі Семейде сақталғандығын айтты.

Иә, расында, белбеу Семейде сақталған екен. Шолпан Қабдуәлиқызы Қапақовамен телефон арқылы сөйлескенімізде белбеудің бар екендігін, түсі жасыл, ұзындығы 3 метрге, ені жарты метрге жуықтайтындығын жеткізді.

«Бұл белдікті бізге Қабдуәли атамыз: «Ұлың Смағұлдай балуан болсын» деп ырымдап беріп еді. «Смағұл атамыз беліне екі мәрте ораушы еді» деп әкем айтып отыратын. Менің ұлым бұрындары осы белбеуді беліне 5-6 рет орап жүретін. Жарысқа қатысқанда ырымдап, белбеуді кимано ішінен киіп шыққан кездері де болды» деген Шолпан Қабдуәліқызы Смағұл мен Қабдуәлінің әкелері ағайынды екендігін тілге тиек етті.

Бір қызығы, Шолпан Қабдуәліқызының ұлының есімі де Смағұл екен. 1996 жылы дүниеге келген Смағұл Омарбеков Семейдегі Шәкәрім университетін бітіріпті. Бесінші сыныптан мектеп бітіргенге дейін қазақ күресімен, самбо, дзюдомен шұғылданып, талай жарысқа қатысып, жүлдегер атаныпты.  

Шығыс Қазақстан облысы