• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Ақпан, 2020

Батыс Қазақстанда «Көктем-2020» оқу-жаттығуы қорытындыланды

250 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы мәресіне жетті. Екі күн ішінде оқу-жаттығу шараларына барлығы 1245 адам және 424 бірлік техника қатысты.

Батыс Қазақстан облысында «Көктем-2020» республикалық командалық оқу-жаттығуы басталғанын бұдан бұрын хабарлаған едік. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша облыстың әр жерінде түрлі сипатта апаттық жағдай «болып», төтеншеліктер мен жалпы азаматтық қорғаныс қызметінің құтқару-қалпына келтіру іс-қимыл шаралары пысықталды.

Жоспарланған «апат» ауқымы шынында көлемді еді. Мәселен, сценарий бойынша «Орал Жайықжылуқуат» мекемесінде болған апаттан қалаға жылу мен жарық беруде іркіліс болып, 60240 адам жылусыз қалды.

Теректі ауданының Подстепное ауылы тұсында, «Самара-Шымкент» тас жолында «КамАЗ» бен «Тойота Камри» соқтығысып, көлік ішіндегі жолаушылардың кейбірі қаза тауып, кейбірі көлік ішінде қысылып қалды. Жедел-құтқару жасағы көліктерден қаза болған үш адамды, жарақат алған екі адамды шығарып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды.

«Deawoо» маркалы микроавтобус техника ақауынан жол жиегіне тоқтап, күннің суықтығынан қайта тұтана алмады. Сөйтіп, Өзбекстан Республикасының 15 азаматы суық автобуста қалуға мәжбүр болды.

Орал қаласының іргесіндегі 1 және 2-саяжай ауданындағы тұрғын үйлерді су басты. Саяжайларда тұратын халықты хабардар ету және эвакуациялау ұйымдастырылды.

«Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, қаланың лас суын далаға шығаратын «Батыс Су Арнасы» мекемесінде де күтпеген ақау шықты. Кәріз суы көшеге құйылып, экологиялық апат болуға айналды.

Бұған қоса толассыз жауған жауын-шашыннан мұзы әлі кете қоймаған өзендер деңгейі күрт көтеріліп, алапат тасқын жолындағының бәрін жайпап келе жатты. Ірі су қоймалары тасып, жолдар бұзылып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Суға кеткен көліктер де бар.

«Жаман айтпай жақсы жоқ» деген ғой. Сондықтан ықтимал апатқа дайын болу керек-ақ. Абырой болғанда оқу-жаттығу шараларына қатысқан барлық арнайы қызмет өкілдері – іздестіру-құтқару бөлімшесі, жедел-құтқару жасағы, «Апаттар медицинасы орталығы» филиалы, жедел жәрдем бригадасы, жергілікті полиция қызметі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара қимылдады. Сөйтіп, барлық төтенше жағдай жойылды, зардап шеккендер құтқарылды, оларға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.

«Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының екі күндік қорытындысы бойынша барлық алға қойылған міндет орындалды, оқу-жаттығу мақсатына жетті» деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

 

Батыс Қазақстан