Коронавирустың кесірі әлемдік экономикаға айтарлықтай зиян келтіруде. Әсіресе инвестициялық ахуалды тамыршыдай дөп басып айту мүлде мүмкін болмай қалды. Ірі компаниялардың өзі іркіліп, акциялары құнсызданып барады. Таяуда Apple-дің Қытайдағы зауыттары бір аптаға жабылып, салдарынан компания тоқсандық көрсеткіші кемігенін мәлімдеді. Adidas та дүкендерінің уақытша жабылып, тарифтерінің төмендегені туралы хабарлады.
Алтынға оптимизммен қарайды
Эпидемия әсерінен инвесторлар дәстүрлі инвестицияға «қайта оралуда». Ежелден бағалы саналған алтынның құны кейінгі уақытта күрт артып, соңғы жеті жылда көтерілмеген көрсеткішке жетті − унциясына 1600 доллардан асып жығылды. Лондондағы Marex Spectron Group-та бағалы металдар саудасына жауап беретін маман Дэвид Говеттің айтуынша, қор биржасындағы қаражаттың басым бөлігін алтынға инвестициялау тиімді әрі тұрақты болмақ. Сақа сарапшылар тарапынан алтын бағасына қатысты нақты шек болуы керек деген пікір жиі айтылғанымен Дэвид Говет алтын сияқты дәстүрлі қорлар қысылтаяң жағдайда инвесторлар үшін қажет екенін айтады.
Алтын бағасының артуына доллардың нығаюы да оң ықпал еткен. Bleakley Advisory Group бас инвестициялық директоры Питер Буквардың пайымдауынша, алтын АҚШ долларының «күшеюі» аясында өсіп келеді. Ол бағалы металл бағасының тұрақтылығына, салынған инвестицияның «тағдырына» қатысты өзінің оптимистік көзқараста екенін де айтқан болатын. GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық алтын құнының артуын АҚШ-тың Федералды резервтер жүйесінің соңғы жылдардағы доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін түсіргенімен байланыстырып отыр.
− Бұл құбылыс өткен жылдың соңына қарай анық байқалды. Нәтижесінде, Американың құнды қағаздарының депозиттік пайыздық мөлшерлемелері түсті. Демек, пайыз төмендесе, алтынның бағасы көтеріледі деген сөз. Сондықтан инвесторлардың көші алтынға ауады. Сөйтіп нарықтағы құнды металдың бәсі жоғарылай түспек. Сонымен қатар Еуропа мен Азияның қор биржаларынан АҚШ-қа капитал ағымы байқалады.
Сөйтіп Жапонияның иені мен еуроға қарағанда долларға деген сенімнің жоғары екенін көруге болады. Бұл елдер жеңілдетілген ақша-несие саясатын жүргізеді. Бүгінгі таңда пайыздық мөлшерлемені «0» деңгейіне дейін түсіріп отыр. Бұған қоса көптеген ел долларсыздану саясатын жүргізуде. Бізде де бұл үдеріс байқалады. Ұлттық банк доллардан арылу мақсатында алтынды көбірек сатып алып, резерв ретінде басымдық беріп отыр, − дейді экономист. Алтын саудасының қыза түсуіне әсер еткен бұл факторларға Қытайдағы коронавирустың әсері «жығылғанға жұдырық» болды. М.Халықтың айтуынша, Қытай нарығында тежелу процесі айқын сипат алды.
− Әсіресе қор биржаларында алаңдаушылық байқалады. Сондықтан инвесторлар сенімді валюта ретінде алтынды таңдап отыр. Құндылығын сан ғасыр бойы сақтап келген сары алтынның әлі де сұранысқа ие екенін көреміз. Тіпті түсетін табыс, кіретін кіріс аз болса да алтын сенімдірек болып тұр, − дейді экономист.
Бұл ретте Қытайдағы індеттің салдарынан юаньның да құнсызданғанына назар аударған абзал. Инфляция болған жағдайда қарапайым халық ақшасын түрлі жолдармен сақтап қалуға тырысады. Қашанда қаржылық шиеленістер инвесторлардың есін екеу, түсін төртеу етіп, сары уайымға салары түсінікті. Әлбетте, әлемдегі ірі сараптамалық орталықтардың болжамы мен пайымы инвесторлар үшін ауадай қажет. Бұл жолы сақа сарапшылар алтынның «алтын дәуірі» басталғанын айтып отыр.
Қазір нарықтағы алтын бағасы унциясына 1647,9 долларды құрайды. Нью-Йорктің Comex биржасында сәуір фьючерсінің бағасы 5,25 доллар деп белгіленді. Күмістің де бағасы өсіп, наурыздағы келісім бойынша 0,6%-ға жоғарылады − унциясына 18,25 долларды құрады.
Кейінгі уақытта алтынды өкшелеген палладийге да сұраныс жоғарылап келеді. Бұл металдың спот (қолма-қол есеп айырысу) нарығындағы бағасы бірден 8,4%-ға артып, 1 унция − 2849,61 долларға көтерілді. Сөйтіп бұрын-соңды болмаған тарихи рекорд орнатты. Sibanye-Stillwater агенттігінің бағалы металдар жөніндегі директоры Нил Фронман өткен аптада палладийдың бағасы 14%-ға өскенін, тіпті алдағы уақытта палладий мен родий металдарының тапшы болуы мүмкін екенін айтты. Сарапшылар палладий жыл соңына дейін 45 пайызға қымбаттайтынын айтып дабыл қағуда. Бұл екі металл бүгінде автокөлік катализаторларында кеңінен қолданылатынын айта кетейік.
Алтын-валюта резерві − 29 млрд доллар
Әлемдік дағдарыс экономиканы екі өкпеден қысқан уақытта «алтын-күмісті тас екен» демей, барлық қаражатын бағалы металдармен резерв ретінде сақтайтын мемлекеттер осы бағытқа толайым бет бұруға көшкендей. Бұл көште біз де бармыз. Былтыр жыл соңында Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 29 млрд долларды құрады. Оның ішінде алтын активтер − шамамен 18,9 млрд доллар.
Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің құрамындағы алтын портфелі былтырғы көрсеткіш бойынша 385,5 тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш World Gold Council келтірген дерек бойынша әлемде 15-орын алды. Портфель тазартылған құйма алтыннан және металл шоттарда орналасқан алтын депозиттерден тұрады.
Алтынның басым бөлігі Ұлттық банктің Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығында сақталады. Ал шетелде сақталған алтындар туралы ақпаратты қауіпсіздік тұрғысынан жариялауға тыйым салынған. Бір анығы Ұлттық қордағы алтын көпшілік ойлағандай АҚШ-та және Францияда сақталмайды екен.
Айта кетерлігі, 2017 жылдан бері елімізде алтын құймалар сатылымға шығарылған. Тазартылған алтынның өлшеуіш құйма халық тарапынан сұранысқа сәйкес дайындалған болатын. Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 15 732 дана алтын құймалар сатылған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен (3 962 дана) салыстырғанда 4 есеге жоғары. Яғни, халықтың бағалы металды алуға құлшынысы да, сатып алу мүмкіндігі де артып келеді. Бағдарлама шеңберінде алтын құймалар екінші деңгейлі банктер (Қазақстан халық банкі, Еуразиялық банк және Жусан банкі) мен айырбастау пункттері арқылы сатылатынын айта кетейік. Құймалардың сату бағасын екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пункттері дербес белгілейді.