Елордада Қазақстанның жетекші сарапшыларының қатысуымен «Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері: сараптамалық пікір» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынды ашқан Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев этносаралық келісімді жетілдірудің маңызына тоқталды. Бұл тұрғыда сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті.
М.Әшімбаевтың айтуынша, елімізде этносаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді сақтау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Жанжалдардың алдын алуға және этностық топтардың әлеуметтік бірігуіне бағытталған шаралар бұл жұмыстың негізін құрауы тиіс.
«Бұл бағытта кейінгі жылдары көп жұмыс істелді. Алайда таяуда Қордай ауданында болған қайғылы оқиға бұл салада қордаланған мәселелердің бар екенін көрсетті. Сондықтан мұндай жағдай елімізде қайталанбас үшін қажетті шараларды жүзеге асыруымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті тапсырма берді. Мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеп жатыр», деді М. Әшімбаев.
Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасарының сөзіне сүйенсек, бұл бағыттағы жұмысты тиімді жүргізу үшін ең алдымен осы оқиғаларға, жалпы этносаясатқа объективті сараптау жасалуы міндетті.
«Бұл жағдайға қандай факторлар ықпал етті? Әлеуметтік мәселелердің рөлі қандай? Қылмыстық топтардың әрекеті ме? Мемлекеттік саясаттың қай жерінде олқылықтар бар? Алдын алу жұмыстарында қандай мәселеге басымдық беруіміз қажет? Жергілікті және орталық мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін талдаған жөн. Қоғамдық институттардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің тиімділігін, бұдан әрі қарай қалай дамыту қажеттігін түсіну керек», деді ол.
Сондай-ақ М.Әшімбаев еліміздің этносаясатын жүзеге асыру барысында бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Оның айтуынша, этносаралық қарым-қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігі дұрыс дискуссия құрып, қажетті шараларды қабылдауға тікелей байланысты. Осыған орай Президент Әкімшілігі мұндай талқылауға дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстанда азаматтарды тіліне, дініне немесе әлеуметтік жағдайына байланысты кемсітуге жол берілмейтінін айтты.
«Елдегі бейбітшілік пен келісім – мемлекет үшін маңызды басымдық. Мемлекеттік органдар үшін ұлтаралық келісімді, бейбітшілік және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау – әрқашан басты міндет саналады, оны іске асыруға мемлекеттің барлық ресурсы бағытталады. Елімізде көптеген мәселе бар. Бірақ бейбітшілік пен келісім ел дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігінің негізгі факторлары.
Қазақстан азаматтарын тіліне, дініне немесе әлеуметтік жағдайына байланысты кемсітуге жол бермеу тұрақты конституциялық норма. Азаматтарымыздың беделін түсіруге, соның ішінде этностық белгілерге сәйкес кемсітуге бағытталған кез келген әрекетті тиісті органдар қатаң түрде тоқтатады», деді ол.
М.Әшімбаев Қазақстанда көп этностың мамыражай тірлік кешуінің мәнін ашып беріп, еліміздің татулық пен тұтастықтың үлгісіне айналатынын жеткізді. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың уақыт өте келе қазақ тілінің еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы қажеттігі туралы тұжырымдамалық идеясының келешегі зор. Бұл – өте маңызды тезис.
«Еліміздің көпэтносты болуы – біздің артықшылығымыз және елдің дамуына ықпал ететін стратегиялық ресурс. Бұл – біздің әлсіздігіміз емес, әлі күнге дейін барынша қолдана алмай келе жатқан мүмкіндігіміз. Сондықтан мемлекет, мемлекеттік органдар және Президент Әкімшілігі Қазақстанда тұратын барлық этностық топтардың дамуына, олардың мәселелерін шешуге қолдау көрсетеді.
Этносаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясатқа өте маңызды өзгерістер қажет. Осы салада жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың, қоғамдық институттардың жұмысын тексеру керек. Талдау мен тексеру нәтижелері бойынша алдағы кезеңде этносаралық қатынас саласында жаңа мемлекеттік саясат құрған абзал», деді М.Әшімбаев.
Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев сөз алып, Қордай сапарын қорытындылап, бірқатар өзекті мәселеге тоқталды.
Бұған дейін ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің сарапшылар тобы Қордай ауданына барып, мұндағы жағдайға әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізіп қайтқан еді. Өз сөзінде Ж.Түймебаев аталған өңірде әлеуметтік-мәдени тұйықтанушылыққа, оқшаулануға мән берді. Әсіресе жастардың қазақстандық әлеуметтендіру бағдарламаларына қатыспауы, демографиялық өсімнің тұрақтылығына қарамастан, қалаға немесе басқа да облыстарға көші-қонның аздығы бұл проблеманың тереңдей түсуіне ықпал еткен.
Оның үстіне дүнген этносының өз ішінде топ-топқа бөлінуі де байқалады. Бұл топтардың адамдары бір-бірінің мешітінде намаз оқымайды, той-садақаларына бас сұқпайды. Ауыл ішіндегі мешіттер де «дүнгендер» мен «қазақтардың» мешіті деп бөлінеді.
ҚХА Төрағасының орынбасары мұндай этностық белгісіне қарай әлеуметтік-экономикалық жіктелудің бірнеше деректері мен дәйектерін келтірді. Әсіресе құқық қорғау органдарындағы сыбайластық, контрабанда секілді проблемалардың бар екенін де айтып өтті.
Ж.Түймебаевтың келтірген деректеріне сай, дүнгендердің көпшілігі балаларын Қырғызстанда, Қытайда оқытуға мүдделі, сондай-ақ қырғыз ұялы байланыс операторларын, спутниктік телеарналарын, қырғыз, қытай, ресейлік спутниктік телеарналарды қарайды, Қырғызстанда шығарылатын дүнген тіліндегі баспасөзді ғана оқиды.
«Білім беру, денсаулық сақтау, жер пайдалану, әлеуметтік, еңбек қатынастары, ақпараттық кеңістіктегі шешілмеген мәселелер мемлекеттік шекарада жабық этностық қауымдастықтың пайда болуына әкеліп соқты. Сондықтан аймақтағы әлеуметтік, тұрмыстық, еңбек, криминалды шиеленістер көп жағдайда этносаралық сипат алып кетеді. Кез келген кісі өлтіру, зорлау, төбелес секілді резонансты қылмыстар этносаралық шиеленіске от қоюы мүмкін», деді жергілікті биліктің әлеуметтік салаларды бақылаусыз қалдырғанын сынға алған Ж.Түймебаев.
ҚХА бастамасымен этностар жинақы тұратын жерлерде жұмыс жүргізілген еді. Нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Алайда қақтығыстардың, мәдени-тілдік оқшауланудың әлеуметтік-экономикалық алғышарттары жойылмаған.
«Бұл мәселелер бойынша бұған дейін де ҚХА-ның бастамасымен этностардың жинақталған аумақтарында жұмыс жүргізіліп келді. Нақты қол жеткізілген нәтижелер де бар. ҚХА жұмысы арқылы бірде-бір этнос оқшаулану стратегиясын таңдамады. Ассамблея жалпы алғанда, қазақстандық бірегейлік пен азаматтық негізінде этностарды біріктіру жөніндегі басты міндетін атқарды», деген Ж.Түймебаев әсіре ұлттық-патриотизмнің этностар мен қазақ халқы арасында өшпенділік тудыру қаупі бар екенін айтты.
Осы орайда ҚХА Төрағасының орынбасары этносаралық саланы басқарудағы жүйелі проблемалар туралы әңгімелеп берді. Оның сөзіне сүйенсек, Этносаралық қатынастарды реттейтін заң жоқ.
«ҚХА туралы» заңда олардың қызметін регламенттейтін шектемелі нормалар ғана қарастырылған. ҚХА Хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» РММ мемлекеттік орган емес, сондықтан оларға қажетті өкілеттіктер берілмеген. Ал жергілікті жерлерде этносаралық қатынастар жөніндегі жұмыстар қалдық қағидаты бойынша жүргізіледі. Кейбір аймақ әкімдері, ҚХА төрағалары бола тұра, бұл жұмыстан өз беттерінше қол үзіп кеткен», деді Ж.Түймебаев.
Сондай-ақ Ж.Түймебаев этносаралық қатынастарға қатысты ғылыми-талдамалық, болжамдық жұмыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеру керектігін, этносаясат мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын құру туралы мәселе күн тәртібіне енгізілгенін айтты. ҚХА алдағы уақытта жергілікті жерлерде мәселені тереңірек зерттеу үшін этностық топтар шоғырланған аудандарға сарапшыларды апарып, зерттеу жұмысын жүргізбек.
Сонымен қатар жиын барысында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Айдос Сарым және Ермек Тұрсынов сөз сөйлеп, этносаралық келісімді нығайтуға қатысты құнды пікірлерімен бөлісті.
Іс-шараға сондай-ақ Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің өкілдері, этностық саладағы жетекші сарапшылар, ғылыми-зерттеу институттарының, әлеуметтанушы компаниялардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Талқылауды Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, «Қоғамдық келісім» РММ, Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар әлеуметтік сипаты бар төтенше жағдайларға уақтылы ақпараттық жауап қатудың, шынайы ақпаратты беру мен жалған ақпараттың таралуына жол бермеудің маңызын ерекше атап көрсетті.
Өзектілігі мен маңызы жоғары мәселелер қатарында этностық топтардың әлеуметтік көңіл күйін, үміттерін және қазақстандық қоғамның құндылықтарына бейімделу деңгейін анықтау үшін әлеуметтік зерттеулердің әдістемелерін жетілдіру қажеттігі қарастырылды. Іс-шара қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірленді. Олар Президент Әкімшілігіне, мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге жолданады.