...Ол кісінің біздің ауылға қайдан тап болғанын біз білмеуші едік. Шешемнен тек «Балқияның бір кезде атақты байдың бұлаңдап өскен жалғыз қызы болғанын, асқар таудай әкесі, арыстандай ақырған ағалары тұрғанда асқан тәкаппар бойжеткенге жігіт атаулы сөз айтпақ түгілі, батып тіктеп қарай да алмағанын» естігем. Әйтеуір, ауыл жұрты есі ауысқан осы кісіге біртүрлі жылұшырай қарайтын.
Тарихта «Боқты көтерілісі» деген атаумен қалған 30-жылдардағы көтеріліске Балқияның әке, ағалары түгел қатысқан, көтеріліс басшылары болған. Кейін, Кеңес өкіметінің бақайшағына дейін мұздай боп қаруланған жазалаушы отряды қолына тек шиті мылтық ұстаған даланың жалаңтөс батырларын аяусыз басып-жаншып, атып-асқан, тірі қалғандарын он-он бес жылдан түрмеге тоғытқан, Қазақстаннан жер аударған. Сонда есіл әке, ақеділ ағаларынан бір-ақ күнде айырылып, қызыл қырғынды көзі көрген бұла қыз қайғыға шыдай алмай есінен ауысып қалыпты.
…Балқияның несібесі жұрттан. Бірі су-сусынын, бірі шай-жемін, бірі нан-майын, енді бірі жылы-жұмсағын апарып береді. Шешеміз ондайға аяқ-қолды бізді жұмсайды. Бір таңғалдырғаны – Балқияның жерге шұбатылып түсетін, әр бұрымы қос уысқа сыймайтын жуан, көмірдей қап-қара қою шашы. Қазір шамалап отырсам, сол кездері ол кісінің жасы 65-66-ның маңайында болса керек. Бірақ шашында қылаудай бір талшық ақ жоқ. Құдай ақы, осы күнге дейін мұндай сұлу шашты еш жерден көрмеппін. Бейбақтың өзі-де соны сезетін болуы керек, жаз кездерінде есік алдына шығып, қос бұрымын тарқатып, оны даңғарадай-даңғарадай екі шылапшынға салып, ұзақ күнге шаштарын жуып-кептіріп жүретін. Кейін Балқияның ел кезіп жүріп қайтыс болып кеткен хабарын ұзынқұлақтан естідік. Сөйтіп Кеңес өкіметінің кесірінен тағы бір текті ұрпақтың әулеті түп-тамырымен құрып-жойылды-ау деп, ішіміз ашып жүргенде, Балқияның әкесі тірі болуы мүмкін, қызыл қырғыннан құтылып, ішкі Ресейге бой тасалап кеткен болуы керек деген болымсыз үміт жарық берді.
...Қарқаралы аудандық мемлекеттік мұрағатын біраз ақтарыстырғанда, онда Кеңес өкіметіне қарсы халық көтерілістері жөнінде жалпы мәліметтер болғанымен, біздің кейіпкерімізге қатысты, тіпті жанама болатындай еш ақпарат таба алмадым. Қарқаралының белгілі өлкетанушысы болған, кейін Ресейге көшіп кеткен Ю.Поповтың еңбектерінде де ондай дерек жоқ. Оның үстіне Сарыарқа даласында 1929-1931 жылдары болған бүліншіліктер туралы арнайы зерттеу материалдары жүргізілмепті.
ОГПУ-дың мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 1929 жылы – 31 (350 адам), 1930 жылы – 82 (1925 адам), 1931 жылы 80 (3192 адам) бандалық топтар болған. Олар 450 партия-кеңес қызметкерін өлтіріп, үйлерін өртеген, мал-мүлкін тонаған, кеңестік құрылысқа қарсы 372 арандату әрекетін жасаған. Мұрағат құжаттарында Коммунистік партияның Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.Голощекин осы өңірдегі алты ауданның малшылары бүлікшілікке қатысқанын айтады: Қарқаралы, Қу, Абыралы, Шұбартау, Берқара, Ақтоғай аудандары. Көтерілісшілер «күштеп ұжымдастыру тоқтатылсын, кәмпескеленген мал-мүлік тегіс қайтарылсын», «салық азайтылсын», «діни сенімге ерік берілсін», «таптық күрес жойылсын» деген ұрандар тастаған. Әсіресе, Боқты тауларына бекініп алған Қарқаралы, Қу өңірінің көтерілісшілері кескілескен ұрыс салып, қызылдарға қатты тойтарыс берген. Халық көтерілістерін басу үшін 1931 жылдың 14 наурызы күні Қарқаралыда коммунистер мен комсомолдардан айрықша маңыздағы рота жасақталды. Үш взводтың әрқайсысында 20-дан атқыштар болған. Олар аудандық атқару комитетін, әскери комисариатты, аудандық партия комитетін, мемлекеттік банкті, сондай-ақ маңызды кәсіпорын ошақтарын тәулік бойы күзетті. Одан бөлек қолына «бердеңке», беліне наган байлаған айрықша милиция отряды құрылған.
22 наурыз күні ОГПУ, милиция және еріктілерден құралған бөлімше әскерлерінің біріккен тобы үлкен күшпен Боқты көтерілісшілерін қоршап алып, жан-жақтан жойқын шабуыл бастайды. Бірақ жер жағдайын жақсы білетін жергілікті қазақтар қоршауды бұзып шығып, Ақтоғай ауданының аумағына өтіп кетеді. Дегенмен, кескілескен ұрыста көтерілісшілердің біразы қолға түсіп қалады. Енді Керегетас тауына бекінген топ қатары Кеңес өкіметіне наразы жаңа адамдармен толығып, қарсылықты бұрынғысынан да өршіте түскен.
Жоғарыда аты аталған өлкетанушы Ю.Попов Боқты тауындағы ұрыс оқиғасын былай суреттейді: «Мен кезінде ОГПУ-дың шаруашылық жұмысында болған 85 жасар Хусайын Әлімбековпен әңгімелестім, ол кісі Боқты көтерілісін Әбдіәшкер Сариков деген кісі басқарғанын айтты. Әбдіәшкер мен оның ұлдары керемет мерген, әрі батыр көрінеді. Қызыл әскерлерді атқанда оғын үшкірленген «буденный шәпкісінің» тура бесжұлдызына тигізетін көрінеді. Көтерілісшілердің қаруын тастатып, райынан қайтару үшін Семейден ОГПУ бастығы Чупин 50 солдатпен жеткен. Чупин қазақша сөйлейтін, майда тілді қу дейді, бірақ Әбдіәшкер оның алдарқатқанына көнбепті. Сөйтіп, Керегетаста тағы бір жойқын атыс басталған. Көтерілісшілер тағы да қоршауды бұзып шыққан, бірақ өлгеннен аман қалған біраз адамдарын тағы да тұтқынға тастап кетуге мәжбүр болған. Қызыл армияның қатары да едәуір селдіреп қалған. Әбдіәшкердің соңындағы азғана топ енді Қызыларай тауларына барып бекінген».
Тарихи деректерге қарағанда, көтерілісшілер бұл жерде де қаша соғысып, қызылдардан тағы құтылып кеткен. Әбдіәшкер Сариков пен оның 12 жасар ұлы Ыбырай, қандыкөйлек достары – Исабаев Әлдембек, Әубәкіров Мұсатай, тағы бірнеше адам Жуантөбе шатқалына жасырынып, өздерін өкшелей қуған қызыл жендеттерден аман қалған. Кейін Әбдіәшкер мен оның адамдарын үйінде 4 күн жасырған Әубәкір Бектембаевты ОГПУ тұтқындап, ату жазасына кесті.
Өлкетанушының айтуынша, Әбдіәшкер одан кейін ұлымен Семейге қашқан, одан Кемерово асқан, өмірінің соңын Пионерская кентінде өткізіп, 50-жылдары қайтыс болған дейді. Жазалаушылармен кескілескен ұрыс салған тағы бір топтың қолбасшысы Шора Жантеев 19 адамымен бірге Қызыл қайың шатқалында мерт болды. Есіл ерлердің сүйегі әлі күнге дейін сол таудың бір бауырында шашылған күйінде қалған. Көтерілісшілердің тағы бір басшысы Мұқаш Сариков (Әбдіәшкердің ұлы болса керек) Тасөткел тауының басында оққа ұшты. Жергілікті жұрт оның денесін ұрыста қаза тапқан тағы 45 адаммен бірге Айнабұлақ бөлімшесінің маңайына жерлеген, оның ішінде әйелдер де, балалар да бар. Біздің айтпағымыз, осылардың ішінде көтерілісті басқарған Балқия апайдың әкесі қайсы болды екен? Бүгінде соны білетін біреулер қалды ма?
ҰҚКБ баспасөз орталығы даярлаған материалда Боқты көтерілісіне қатысушылардың үстінен Қарқаралы ОГПУ-ы екі іс жүргізгені, ол бойынша 125 адам өткені айтылған. Бұл адамдардың 20-сы ату жазасына,17-сі он жылға, 23-і бес жылға, 9-ы үш жылға сотталған, кейбіреулері Қазақстан аумағынан жер аударылған. Көтеріліс 1931 жылдың 17 наурызынан 25 наурызына дейін жалғасқан. Оған қатысып, жазалауға іліккендердің тізімін ҰҚКБ баспасөз орталығы жариялады. Осы тізімде көрсетілген алты ағайынды Байдәулетовтер: Мыңғырбай, Жұмаділ, Жабылбай, Сарик, Бірман, Майшеке немесе Байдәулетовтердің немере інісі Әбдіәшкер Сариковтан (Әбді) тараған Қамза, Мұқым, әлде Мұқаш есімдері назарымызды еріксіз аудартты. Өйткені Байдәулетовтер әулеті әрі көп ағайынды, әрі бай десе бай (мұрағат құжатында олардың 3096 жылқысы, 420 құлын, мыңдаған қойы болғаны айтылады). Әбдіәшкерде 170 жылқы, 26 сиыр, 24 түйе болған. Қой саны айтылмайды. Әбдіәшкер мен оның ұлдарының мергендігін, батырлығын тарихи деректердің өзі айтып тұр. Осыған қарағанда, ел аузындағы әңгіме мен тарихи деректерге сүйенсек, қызылдарды қақ маңдайдан атып, оғын «буденновканың» тура бесжұлдызынан тигізетін атақты мерген Әбдіәшкер Балқия апайдың әкесі болуы әбден мүмкін деп үміттенеміз. Мүмкін ел ішінде осы жорамалымыздың жөн-жосығын айырып беретіндер де табылып қалар?
Дәулетқали АСАУОВ